Екібастұздық полицейлерге таксиді айдап әкетушілерді ұстау үшін 10 минут жеткілікті болды

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Екібастұздық полицейлерге таксиді айдап әкеткен жігіттерді ұстау үшін 10 минут жеткілікті болды, деп хабарлады Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Жүргізушісі көліктің айдап әкетілуі туралы хабарламаны ІІБ-іне сағат 17:10-да берді. Ол екі жігіттің үйінің ауласында тұрған «ВАЗ» көлігін айдап әкеткенін айтты.

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары жақын орналасқан аулаларды тексеріп, 10 минуттан кейін жәбірленуші таныған күдіктілерді ұстады.

Олар бұған дейін сотталмаған 20 және 23 жасар жергілікті тұрғындар болып шықты. Олар телефон арқылы такси шықартып, көлікке мінген соң жүргізушісін итеріп тастап, көлікпен кетіп қалғандарын мойындады.

Қарақшылық фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандардың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы қарастырылуда.