Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау мәлім етті.
«Бүгінде 6 жоба іске қосылды, ал қалғандары алдағы 3 айдың ішінде тапсырылатын болады»,-деді ол.
А. Раудың сөзіне қарағанда, сонымен қатар өңір әкімдіктері түрлі себептермен 6 жобаны бағдарламадан алып тастау жайында және 15 жобаны алдағы жылға шегеру туралы ұсыныс жасаған көрінеді.
Вице-министрдің айтуынша, Индустрияландыру картасын өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты тиісті Үкімет қаулысы әзірленуде. Атап айтқанда, бұл бағытта барлығы 170 жоба келіп түсті. Осының ішіндегі жобалардан штабта 70-і мақұлданды және оның 60-ы биыл іске қосылуға дайын. Осы арқылы биыл 204 жобаны іске қосу жоспарлануда. Алайда, тапсырылатын жобалар саны біршама артық болады деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, Елбасының қатысуымен 9 желтоқсанда индустриялық жобаларды іске қосуға арналған телекөпір ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар аталған телекөпір барысында «Алтын сапа» және бизнестің жауапкершілігі саласындағы «Парыз» дәстүрлі сыйлықтары тапсырылады.