— Біздің шақыруымызды қабыл алып, қысқа мерзімді, сондай-ақ ұзақ мерзімді байқаушыларды жібергендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сайлау науқаны барысында менің және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің олармен пікір алмасуға мүмкіндігіміз болды. ҚР ОСК негізгі міндеті — дауыс беру күнін ұйымдастырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Сайлау комиссияларына қойылған басты талап дауыс беру рәсімдерінің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету болды. Сіздердің Миссияларыңыздың, сондай-ақ барлық басқа халықаралық миссиялардың және басқа елдердің орталық сайлау органдарындағы әріптестеріміздің сайлау процесін ұйымдастыруға берген оң бағасына қанағаттанамыз, — деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Миссияның Аралық есебі және Сайлаудың алдын ала нәтижелері мен қорытындылары туралы мәлімдемесін талқылау барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бірқатар мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, ОСК басшысы Құрылтайдың жаңа саяси институт екенін атап өтіп, осыған байланысты өткен сайлау Миссияның құжаттарында көрсетілгендей, «мерзімінен бұрын өткізілген парламенттік сайлау» болып табылмайтындығын және оны белгіленген мерзімнен бұрын өткізілді деп есептеуге болмайтынын айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің сайлауды өткізу туралы Жарлыққа қол қойған күні дауыс беру күніне бір жылға жуық уақыт қалғанда басталған ашық конституциялық процестің соңғы құқықтық кезеңі болғаны атап өтілді. Ол Мемлекет басшысы алғаш рет бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында ұсынғанын еске салды. Осы сәттен бастап аталған бастаманы іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді.
ОСК төрағасы сайлау процесіне қатысушыларды оқыту бойынша жүргізілген ауқымды жұмыстар туралы да айтып берді. Атап айтқанда, 71 270 сайлау комиссиясының мүшесін қамтыған 7 567 семинар өткізілді. Сондай-ақ саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне арналған арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Барлығы 23 323 адам қатысқан 1 131 іс-шара өткізілді.
Кездесу барысында дәстүрлі және заманауи коммуникация арналарын біріктірген ақпараттық-түсіндіру науқанына да назар аударылды. Нұрлан Әбдіров дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдар үшін учаскелердің қолжетімділігі және байқаушылардың жұмысына қажетті жағдай жасау мәселелеріне де тоқталды.
— Орталық сайлау комиссиясы үшін байқау институты — жай ғана формальдылық емес, ашық әрі транспарентті сайлау процесінің аса маңызды элементі. Аккредиттеуге берілген барлық өтініш қанағаттандырылды. Сайлау науқанының бүкіл кезеңінде қоғамдық бірлестікті немесе коммерциялық емес ұйымды аккредиттеуден бас тарту, сондай-ақ бұрын берілген аккредиттеу туралы куәліктерді қайтарып алу жағдайлары болған жоқ. Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде заңнамада белгіленген барлық сайлау рәсімдері сақталды. Байқаушылар тарапынан учаскелік сайлау комиссияларының рәсімдік бұзушылықтары туралы бірде-бір акт жасалмаған. Байқаушылар мен журналистерден де ресми шағымдар мен өтініштер келіп түспеді. Дауыс беру күні сайлау рәсімдерінің сақталуына 51 мыңнан астам ұлттық байқаушы, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың 7 003 сенім білдірген өкілі байқау жүргізді. Сондай-ақ байқауға 42 шет мемлекеттен және 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық байқаушы қатысты, — деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Өз кезегінде Винсент Пикет байқаушылардың жұмысына жағдай жасағаны, сондай-ақ ашықтық пен орталық және өңірлік деңгейде байқаушыларға тиісті ақпаратты ұсынуға үнемі дайын болғаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.
— ЕҚЫҰ ДИАҚБ Миссиясының алдын ала мәлімдемесінде біз Орталық сайлау комиссиясы атқарған жұмыстың тиімді болғанын және жоғары техникалық деңгейде орындалғанын мойындаймыз. Сіздердің өңірлік және жергілікті сайлау учаскелерін, сондай-ақ учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларын дайындау барысында қолданған дәйекті тәсілдеріңізді атап өтеміз. Біз бүкіл ел бойынша сайлау комиссияларының 70 мың қызметкерін каскадты оқытуға, сондай-ақ сайлаушыларды ақпараттандыруға қаншалықты күш жұмсалғанын түсінеміз. Миссияның Қорытынды есебі жарияланғаннан кейін, онда қамтылған ұсынымдар мен қорытындыларды зерделеуге мүмкіндіктеріңіз болады деп үміттенемін, — деп атап өтті Винсент Пикет.
Сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның алдын ала есебінде сайлау науқаны жалпы алғанда қалыпты, әрі ұйымдасқан түрде өтіп, сайлау күні жақындаған сайын қарқын алғаны атап өтіледі. Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары сайлауға техникалық дайындықты кәсіби түрде жүзеге асырып, заңда белгіленген мерзімдерді сақтады және сайлауға қатысушы партиялардың сеніміне ие болды. Орталық сайлау комиссиясы мүдделі тараптар мен БАҚ өкілдері қатысқан ашық отырыстарды тұрақты түрде өткізді.
Кездесу соңында Нұрлан Әбдіров Байқаушылар миссиясының Қорытынды есебі маңызды құжат болып табылатынын атап өтті. Онда көрсетілген барлық ұсынымдар мен қорытындылар мұқият зерделеніп, оның ішінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сарапшылық кеңестің отырысында талқыланатын болады.
Айта кетейік, сайлау науқаны барысында ОСК төрағасы мен мүшелері ЕҚЫҰ ДИАҚБ Сайлауды байқау миссиясының байқаушыларымен бірқатар мазмұнды әрі жан-жақты кездесулер өткізіп, олар көтерген сұрақтарға толыққанды жауап берді. Сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылары Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің аймақтарға инспекциялық сапарлары аясында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты. Олар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен сұхбаттасты, жергілікті жерлерде сайлауды ұйымдастыру барысымен танысты.
Еске салайық, 23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы парламент — Құрылтай депутаттарының сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Құрылтайға бес саяси партия өтті.