Екінші тыныс: Зейнеткерлер неге еңбек етуді таңдайды

АСТАНА. KAZINFORM – Зейнеткерлердің еңбек нарығындағы рөлі мен зейнеттен кейінгі жұмыс істеу құқығы барған сайын өзекті тақырыпқа айналып отыр. Осыған байланысты Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы мәселені сарапшылармен бірге талдады.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Зейнеткерлердің экономикадағы үлесі артып отыр

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың басында 65 жастан асқан азаматтардың саны 1 млн 975 мың адамға жетті, бұл - ел халқының 9,6%.

Инфографика: Kazinform

Бұл үрдіс еңбек нарығына да тікелей әсер етіп отыр. Соңғы жылдары егде жастағы азаматтардың еңбекке араласуы айтарлықтай жанданып, жаңа әлеуметтік-экономикалық құбылысқа айналды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, екі жыл ішінде зейнет жасынан асқан жұмысшылар саны шамамен бір жарым есе өскен. Бұл өзгеріс зейнеткерлердің еңбек нарығынан шет қалмай, керісінше оның бір бөлігі ретінде қалыптасып жатқанын көрсетеді.

Мәселен, 2024 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша экономикада 298,5 мың зейнеткер еңбек еткен. Бұл - 2022 жылмен салыстырғанда 92,7 мың адамға көп, яғни өсім 45,1% болды.

Зейнеткерлер қай салада белсенді?

Еңбек нарығындағы өзгеріс сандық өсіммен ғана шектелмей, сапалық тұрғыдан да жаңа сипат алып отыр. Салалық құрылымға назар аударсақ, жұмыс істейтін зейнеткерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығында шоғырланған – 119 мың адам немесе жалпы санының 39,9%-ы. Сектор әлі де егде жастағы азаматтар үшін негізгі еңбек бағыты болып қалып отыр. Бұдан кейінгі орындарда сауда саласы мен әлеуметтік қызметтер тұр: әрбір бесінші зейнеткер сауда саласында еңбек етсе, 16,2%-ы білім беру мен денсаулық сақтау саласында жұмысын жалғастырып жүр.

Инфографика: Kazinform

Алайда соңғы үш жылдағы динамикаға көз жүгіртсек, бұл құрылымның өзі біртіндеп өзгеріп келе жатқанын байқауға болады. Жалпы жұмыспен қамтылу барлық секторда артқанымен, өсім қарқыны әркелкі. Мәселен, құрылыс, мемлекеттік басқару және қаржы секторында жұмыс істейтін зейнеткерлер саны үш есе көбейсе, көлік, логистика, сауда және әлеуметтік салаларда екі есе өсім тіркелген.

Бұл үрдіс еңбек нарығындағы жаңа көрсеткішті қалыптастырып отыр. Зейнеткерлер енді тек бір-екі салада емес, экономиканың кең спектрінде белсенді бола бастады. Сонымен қатар жас құрылымы да назар аударарлық. Еңбек ететін зейнеткерлердің негізгі бөлігі - зейнетке жаңа шыққан, бірақ 65 жасқа толмаған азаматтар. Ал 85 жастан асқандардың үлесі өте аз болғанымен, 2023 жылы Қазақстанда осы жаста да жұмысын жалғастырған 700-ден астам адам тіркелген.

Сонымен бірге қызмет көрсету саласында егде жастағы адамдар үлесінің артуы да ерекше байқалады. Бұл жағдай зейнеткерлердің бір бөлігінің еңбек нарығында өз кәсіби біліктілігіне сай емес, көбіне физикалық немесе төмен біліктілікті талап ететін жұмыстарға тартылып отырғанын көрсетеді.

Еңбек заңнамасы қалай реттелген?

Әлеуметтік кодекстің 99-бабына сәйкес, зейнет жасына жеткен азаматтар ресми түрде жұмыс күші құрамына енгізілмесе де, өз бетінше жұмысқа орналасуға толық құқылы. Сонымен қатар жұмыспен қамту органдары олардың еңбекке орналасуына арнайы мониторинг жүргізбейді, өйткені бұл санат бойынша есеп тек зейнетақы жарналары негізінде жүргізіледі.

Фото: Астана қаласы бойынша белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс берушілер зейнеткерлермен еңбек шарттарын олардың кәсіби біліктілігі мен еңбекке қабілеттілігі сақталған жағдайда шектеусіз ұзартуға құқылы. Демек, қолданыстағы заңнама зейнет жасына жеткеннен кейін де жұмыс істеуге ешқандай тыйым салмайды.

– Осы тұрғыда Қазақстан 2017 жылы халықтың қартаю деңгейі бойынша 65 жастан асқан адамдар үлесі 7 пайыздан асатын елдер қатарына енді. Бұл үрдіс мемлекеттік саясаттың жаңа бағытын айқындады. Осыған байланысты 2021 жылы 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір» бағдарламасы бекітіліп, оның негізгі мақсаты – қарт азаматтарды қоғам өміріне белсенді түрде тарту болды. Бағдарлама аясында жоспарланған іс-шаралардың барлығы орындалды. Қазір елімізде 134 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді, – делінген министрлік ақпаратында.

«Күміс жас» – тәжірибені еңбекпен ұштастырған жоба

Зейнеткерлерді еңбек нарығында қолдау нақты мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асып отыр. Солардың бірі – зейнет жасына жақындаған азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» жобасы.

Бағдарлама олардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік беріп қана қоймай, еңбек нарығында тәжірибелі мамандардың әлеуетін сақтап қалуға бағытталған, яғни жоба бір жағынан азаматтарды қолдаса, екінші жағынан жұмыс берушілер үшін де тиімді құралға айналып отыр.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – мемлекет жұмыс берушіге жалақының бір бөлігін субсидиялау арқылы жүктемені азайтады. Атап айтқанда, бірінші жылы жалақының 70%-ына дейін, екінші жылы 65%-ына дейін, ал үшінші жылы 60%-ына дейін мемлекет тарапынан өтеледі.

Маңыздысы, оның көлемі 30 АЕК-тен аспайды. Дегенмен бұл сома - қатысушының толық жалақысы емес, тек мемлекет өтейтін бөлігі екенін ескерген жөн. Жалақының қалған бөлігін жұмыс беруші өз қаражатынан төлейді.

Орта есеппен алғанда, бағдарламаға қатысушылар айына 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін табыс табады. Ал жалақы мөлшері өңірге, салаға және нақты лауазымға байланысты өзгеріп отырады.

Бағдарлама ел көлемінде жүзеге асырылып келеді. Дегенмен кей өңірлерде оның белсенділігі жоғары. Ең көп қатысушылар Алматы, Жамбыл, Жетісу, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында тіркелген.

Қоғамдық көзқарас пен шетел тәжірибесі

Зейнеткерлердің еңбек нарығындағы рөліне қатысты көзқарас тек ел ішіндегі жағдаймен шектелмейді. Мәселе халықаралық тәжірибемен салыстырғанда әртүрлі сипат алады.

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, профессор Рамазан Саттарұлының пікірінше, Қазақстандағы жағдай шетел тәжірибесінен айтарлықтай ерекшеленеді.

– Шетелде зейнеткерлер жұмыс істеуге мүдделі емес. Себебі олардың жинақ қоры бар және бос уақытын тиімді пайдаланады. Көбіне олар саяхаттайды, еріктілікпен айналысады, – дейді ол.

Фото: Рамазан Саттарұлының жеке мұрағатынан

Ал Қазақстанда жағдай басқаша. Мұнда көптеген зейнеткер қосымша табыс табуға немесе өмір бойы жинаған тәжірибесін еңбек нарығында пайдалануға ұмтылады. Бұл еңбекке деген қажеттілік пен әлеуметтік рөлдің сақталуымен байланысты.

Сонымен қатар маман жұмыс берушілердің көзқарасында әлі де белгілі бір стереотиптер бар екенін айтады.

– Өкінішке қарай қоғамда стереотиптер әлі де күшті. Физикалық төзімділік пен жылдам қозғалу қажет болатын салаларда зейнеткерлер сұраныста емес. Алайда білім беру, консалтинг, ғылым және қызмет көрсету салаларында 60 жастан асқан тәжірибелі маман нағыз олжаға айналуы мүмкін, – дейді әлеуметтанушы.

Психологиялық фактор

Әлеуметтік өзгеріс те зейнеткерлердің психологиялық жағдайына тікелей әсер ететінін ескеру қажет. Бұл кезең адам өміріндегі маңызды ауысым ретінде бағаланады, өйткені жұмыстың аяқталуы күнделікті өмір салтын өзгертеді.

Клиникалық психолог Еркежан Мұратқызының айтуынша, зейнетке шығу адамның ішкі күйіне айтарлықтай әсер етеді.

– Әсіресе балалары алыста тұратын немесе немерелері жоқ, сондай-ақ жеке өмірі қалыптаспаған адамдар үшін бұл кезең ауыр өтеді. Себебі адам ұзақ жыл бойы энергиясын жұмысқа бағыттап үйренеді. Зейнетке шыққаннан кейін ол өзін бұрынғыдай қажет сезінбеуі мүмкін, – дейді психолог.

Фото: Еркежан Мұратқызының жеке мұрағатынан

Маманның пікірінше, бейімделу деңгейі адамның өмір салтына байланысты. Хоббиі мен қызығушылығы бар адамдар бұл кезеңді жеңіл өткізеді. Бұл уақытта негізгі рөлді әлеуметтік қолдау атқарады. Жақындармен байланыс және жаңа орта адамның бейімделуін жеңілдетеді.

Қазіргі жағдайда бұл процесс одан әрі күрделене түскен. Өйткені қоғам мен технологиялар жылдам өзгеріп отыр.

– Қазіргі заманда адам жан-жақты болу керек. Ал зейнеткерлер үшін бұл оңай емес, себебі олар тұрақтылыққа үйренген. Бұрын бәрі белгілі болса, қазір әлем тез өзгереді. Сондықтан интернет пен жаңа технологияларды меңгеру қажет. Осыған байланысты зейнеткерлерге арналған орталықтардың рөлі маңызды. Онда олар жаңа дағдыларды үйреніп, белсенділігін сақтай алады, – дейді маман.

Жаңа орта: даму, белсенділік және қолдау

Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың нақты көріністерінің бірі – елімізде жұмыс істеп тұрған белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары.

Бүгінде мұндай орталықтарда зейнеткерлер үшін спорттық-сауықтыру үйірмелері, тіл үйрену және компьютерлік сауаттылық курстары, эмоциялық жеңілдікке арналған сенсорлық бөлме мен физиотерапиялық релаксация кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар құқықтық және қаржылық сауаттылық бойынша дәрістер өткізіліп, шығармашылықпен айналысуға кең мүмкіндік қарастырылған.

Фото: Астана қаласы бойынша белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

– Бүгінде елорда бойынша 20 мыңнан астам зейнеткер орталықтың қызметін тұрақты түрде пайдаланып келеді. Жыл басынан бері 1682 зейнеткер орталыққа тіркеліп, қызмет ала бастады, – делінген орталықтың ұсынған жауабында.

Орталықтағы белсенділік құрылымында айқын тенденция байқалады. Ең белсенді қатысушылар – әйел зейнеткерлер. Әсіресе қолөнер мен шығармашылық бағыттарға қызығушылық жоғары. Мысалы, еңбек терапиясына – 371 адам, тігін әліппесіне – 104 адам, ал арт-терапияға – 122 адам қатысқан.

Фото: Астана қаласы бойынша белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Қазіргі таңда белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмыс нәтижесі  көңіл қуантады. Қатысушылар халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Мәселен, «Алматы әжелері» ұжымы Италиядағы сән апталығында Қазақстан атынан өнер көрсетіп, Түркия мен Қырғызстандағы этнофестивальдерде жеңіске жеткен.

Зейнет жасы – жаңа мүмкіндіктер кезеңі

Зейнет жасынан кейінгі өмірді көбіне белсенділіктің бәсеңдеуімен байланыстырып жатады. Алайда бүгінгі қоғам бұл түсінікті өзгертіп келеді. Мұны нақты адамдардың өмір жолы да дәлелдейді. Солардың бірі – Кенжеболат Бапишев.

Фото: Кенжеболат Бапишевтің жеке мұрағатынан

Ол 71 жаста. 30 жылдан астам уақытын білім беру мен әлеуметтік саланы дамытуға арнаған. Тәжірибелі маман еңбек жолын ауыл мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып бастаған.

– Негізі физика пәнінің мұғалімімін. Университет тәмамдаған соң Ақмола облысы (ол кезде Целиноград облысы) Ақкөл ауданы Ивановка мектебіне жұмысқа орналастым. Оқу және тәрбие жөніндегі орынбасары, орта мектептің директоры қызметін атқардым. Кейін Астана қаласының қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесін басқардым, – дейді ол.

Уақыт өте келе ол басқарушылық тәжірибесін әлеуметтік бағыттағы жұмыстармен ұштастырып, түрлі мекемеде жауапты қызметтер атқарған. Бұл жол оны бүгінгі қызметіне алып келді.

– 2019 жылы травматология институтында қызмет еттім. Байқоңыр ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы болдым. Кейін зейнетке шықтым. Қазір Астанада, Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығына басшылық етемін. Зейнеткерлерді әлеуметтендіруге ден қойып жатырмыз. Бұл - әрі қосымша табыс, әрі қоғамнан алыстатпайды, – дейді зейнеткер.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Белсенді өмір салты зейнет жастан кейін де жалғасатынын көрсететін келесі мысал – Алматы қаласының тұрғыны Маржан Жақыпова. Ол 69 жаста. Павлодар облысында дүниеге келген, бес баланың анасы. Өмір бойы шығармашылыққа жақын болып, өнерге бейім өскен. Зейнетке шыққаннан кейін жаңа мамандықты игеріп, цифрлық кеңістікте өз орнын тапқан. Бүгінде зейнеткер мобилографиямен айналысып, әлеуметтік желілерде белсенді контент жасаушы ретінде танылып жүр. 

– Немерелерім TikTok-ты көрсеткенде, бұл өзімді жаңа қырынан көрсетудің жаңа тәсілі екенін түсіндім, – дейді.

Балалары сыйлаған смартфон оның өміріндегі жаңа кезеңнің басталуына себеп болады. Бейнемонтажды үйреніп, әлеуметтік желілерде тұрақты контент жариялай бастайды. Қазір оның видеолары TikTok-та кең таралып, аудитория жинаған. Зейнеткер тек әуесқой деңгейде қалмай, кәсіби жобаларға да қатысып үлгерген. Ол жарнамалық роликтерге түсіп, YouTube подкастарға сұхбат берген.

– Қатарластарым жаңа дүниеден қорықпаса, жастардан көмек сұраса, ізденсе деймін. Мүмкіндіктер әлемі шексіз, – дейді ол.

Байқағанымыздай, Қазақстанда зейнеткерлердің бейнесі өзгеріп келеді. Олар тек әлеуметтік қолдауды қажет ететін топ емес, керісінше еңбек нарығының, қоғамның және цифрлық кеңістіктің белсенді қатысушыларына айналып отыр.