ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ: Көлікке қағылып қырылып жатқан аңдарды құтқаруымыз керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда елімізде көліктерге жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік беретін жолдар көбейді, ондағы зулаған автомобильдер жабайы аңдарға үлкен қауіп төндіруде. Мекен ету аумақтарының арасын жол бөліп тастаған, болмаса қоныс аударған, азық іздеген ірілі-ұсақты аңдар көлік астында қалып жатыр. Бұл жағдай бұрын да кездесетін десек те соңғы жылдары қатты көбейген.

Мысал ретінде 245 шақырымдық ақылы Астана - Бурабай жолын айтуға болады. Төрт жолақты екі қатар автобанның жан жағы және ортасы арнайы темірден жасалған қоршаумен бөлінген. Ол көлік соғылса деформациялану арқылы соққыны өзіне қабылдап, автомобильдің жолдан шығып кетуіне, аударылып қалуына жол бермейді әрі келетін зақымды азайтып, жүргізушіні құтқарып қалады.

Алайда, бұл қоршау жерден биігірек қазыққа орнатылып, асты ашық қалдырылған. Яғни, шағын денелі жануарлардың жолдың жүріс бөлігіне шығып кетуіне кедергі бола алмайды.

Жануарлар жолға неге шығып кетуі мүмкін?

Ұсақ немесе ірі аңдар өзінің ареалы аумағында өзіне немесе ұрпағына кең аумақты шарлап азық-түлік іздейді, көктемде ұрпақ өрбіту кезінде немесе күзде қыстайтын жайлы жер іздегенде қоныс аударады (миграция), немесе басқа жерлерден өзіне жұп іздейді деген секілді көптеген себептермен адами фактордың жемісі - жолды кесіп өтуіне тура келеді. Ал бұл жүріс көбіне түнгі немесе таңғы алагеуім мезгілде болатындықтан жабайы аңға төнген қауіп екі есе артады. Өйткені, қоршаулы автобанның астынан өткен аң қоршау көлегейлеп тұратындықтан өзіне аса қатты жылдамдықпен жақындаған көлікті байқай алмайды. Жүргізуші де аяқ астынан атып шығып, жолын кесіп өтуге тырысқан аңды көріп қалуға болмаса соқпай өтудің алдын алуға әрекет етуіне берілетін уақыты да өте қысқа. Бәрі қас-қағым сәтте болады.

Біз мысал еткен жолда 2015 жылы тәулігіне жеті мың көлік өткен, ал демалыс күндері оның саны 10-12 мыңға шейін жеткен. Бір жылда көліктер ағыны 4,9 пайызға артқан. Яғни, көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. 2015 жылы бұл автобанда 2,5 миллион көлік құралы жүріп өткенін ескерсек, бұл автобан адамдар өмірін жеңілдеткенімен аңдар үшін «өлім» жолына айналып, ірілі-ұсақты аңдардың санын азайтып жатқанын көруге болады.

Онда көлік жылдамдығы 120 км/сағатқа дейін деп белгіленген. Алайда, соңғы шыққан көліктер бұдан әлдеқайда жоғары жылдамдықпен жүреді.

Енді бұл жолдың бойында қандай аңдар тұратынына мән берсек.

Ақмола облысында сүтқоректілердің 55 түрі бар делінеді. Бұл жолдың қоршауынан денесі ірі бұлан өтіп кете алмасы түсінікті. Алайда, облыстағы далалы-орманды жерлерде қасқыр, қабан, сібір маралы, елік, қоян, жанат, түлкі, қарсақ, күзен, борсық секілді шағын денелі жануарлар бар. Сосын, қоян мен еуропалық кірпі өте көп кездеседі. Аққісі (аққала деп те айтылады, сусар тұқымдас кішкене аң), Қызыл кітапқа енгізілген сусар да бар.

Сондай-ақ осы жаққа жерсініп кеткен ондатр көп таралған. Олар да көктемде таяздаған көлдерді тастап шығып басқа су қоймаларына көшеді. Яғни, бәрбір жолдарға шығуға мәжбүр.

Жолдың бойындағы Ақкөл, Бұланды, Еңбекшілдер аудандары орманды-тоғайлы өлке. Ондағы бірқатар аңдардың өмір сүру аумақтарының шекаралары осы жолдың екі бетінде қалып тұр. Яғни, орманның ортасын жол екіге бөледі.

Облыстық табиғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурстар басқармасының басшысы Руслан Әубәкіровтің айтуынша, 5 жыл бұрын Бұланды ауданына Ресейден 14 америкалық бизон әкелініпті. Олар әзірге қамауда жартылай табиғи ортада өсірілуде. Кейін жерсіндіріліп тоғайлы аумаққа таратылса, оларға да қауіп төнеді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, Астана айналасына ағаштар егіліп, жасыл белдеу жасалды, «Астана-Бурабай» автобаны екі жағы орман алқабына айналдырылды. Қазірдің өзінде бұл еккен ағаштар жайқалып өсіп орманға айналып бара жатқанын көруге болады. Ал, аңдар осы аумаққа ауып келіп, жерсіне бастайды. Бұл жануарлар миграциясын тудырады. Өңірде бұрын кезікпейтін жерлерде еліктер сирек байқала бастады. Қоян, күзен, түлкі саны бұрынғыдан арта түскен. Табиғи ресурстар санының көбеюі қуантады. Жалпы біз көтерген мәселе бұдан да ауқымды екеніне күмән жоқ. Өйткені, дәл осындай жолдар қатарына еліміздегі Астана - Теміртау, Алматы - Қапшагай, Астана - Павлодар жолдары кіреді. Олардың да қоршауы және көптеген сипаттары да ұқсас. Бұл 7 мың шақырымға жуық жол десек, онда еліміздің табиғи ресурсын сақтап қалу саласында тағы да бір күрделі мәселе туындағанын көреміз.

Оған халықаралық көлік дәлізі - Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолын да қосыңыз.

Жануарларды қорғаудың қазіргі амалы ол белгілі бір аумақта қорық құрып сол жерде ғана жануарларды қорғау жұмысы жүргізіледі. Алайда, бұл жерде адами факторды алып тастай алмайсыз. Өйткені, адамдар мекендейтін ауылдар, қалалар аумағы немесе солардың аумағына кіретін алқаптар, шабындықтарға жануарлар бара алмайды.

Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау мамандары қорық, табиғи парк секілді шектеулі аумақта аңдарды қоршап тастаудың тиімсіз деп санайды. Олар керісінше бірнеше қорық-мекендерді арнайы жануарлар миграциясына лайықталған «жасыл» дәліздермен жалғастырса, олардың өсіп-өнуіне әлдеқайда ыңғайлы әрі жайлы болатындығын айтуда. Тіпті осы жоба Қытайда сиреп кеткен панда - аюдың санын көбейту жолында қолға алынуда.

Адамдардың саны соңғы жүзжылдықта жер бетінде күрт өсті. Алайда, біз жануарлардың де жер бетінде бізбен қатар алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік жасауға жауаптымыз. Өйткені, біздің салған кенттеріміз, жолдарымыз жануарлардың миграция жолдарын, тамақ іздеуге арналған сүрлеу-соқпақтарының үстіне түседі. Олардың өмір сүруіне кедергі келтіреді.

Көлік магистралдерінде көп қырылатын жануарларды қорғап қалу жолдары бар. Бірақ біздің сөз етіп отырған жолымызда жүргізушілерге ескерту белгісін қоюдың пайдасы аз. Жылдамдықты азайту туралы айта да алмайсыз. Өйткені бұл аса жоғары жылдамдыққа арналған автобан. Онда жылдамдықты азайту керісінше салдары ауыр жол апатына соқтыруы мүмкін.

Кей елдерде жануарларды қорғау үшін қорғалатын аңдар еніп кетуі мүмкін алқаптарда егін ору оның шетінен емес ортасынан басталады. Сөйтіп, егіс алқабына жасырынған аңның ол жерді тастап кетуіне мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, алқап орталығына түрлі жабдықтар ілінеді - олар аңды үркітетін сылдырмақ, құбырдағы шынжыр, сәл желде даңғырлаған дыбыс шығаратын темір қаңылтырдан жасалған қарақшы. Еліміздегі жол бойларына аңдар жиі өтетін көл маңдары, ормандардың шеттеріне осы тәсілді қолдануға болады, әрі көп қаржыны талап етпейді.

Тағы бір елдерде Астана-Бурабай секілді көлік көп әрі жылдам жүретін жолдарда жабайы аңдардың қауіпсіз кесіп өтуіне мүмкіндік беретін экодук - «жасыл» көпірлер салынады. Олар жергілікті жердің келбетін қайталайтындай дәрежеде, топырақ қабаты төселіп, шөптер мен сол жерде өсетін ағаштар егіледі. Былай қарасаң көпір екенін айыра да алмайсың. Осындай шара қолға алынса, әрине, жақсы болар еді. Келесі жылы ЕХРО -2017 көрмесіне келетін шетелдіктер қазақстандықтардың табиғатқа қамқорлығының үлгісін көрсе көңілдерінен шығатыны сөзсіз. Айтпақшы, халықаралық көрме барысында туристердің Бурабайдың көрікті жерлерін тамашалату жайы да бағдарламаға енгізілген. Егер олар біз айтқан келеңсіздікке куә болып жатса, жайсыз әсер алатыны анық. Өйткені дамыған елдерде халықтың әл-ауқаты, құқығы секілді маңызды мәселелер қатарында қоршаған ортаны қорғау, аңдардың құқығы секілді мәселе де тұр.

Кей елдерде қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғауға мемлекеттік деңгейде маңыз берілген. Жануарларды қорғап қалу бірінші міндетке жатады. Жолдарда аңдардың кезігіп қалуы мүмкін екендігі ескерліп белгі қойылады. Бізде облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда осы тәжірибе қолға алынуы тиіс. Тіпті, кей дамыған елде жүргізушіге жолға жақын маңда жүрген жабайы жануардың барлығын білдіретін инфрақызыл датчиктер де қойылады екен. Бұл да бізге қолайлы тәсілдердің бірі. Өзі құрып бара жатқан түрлерді қорғап қалуда қаржы үнемдеу мәселесі тұрмаса керек. Бізден кейінгі ұрпаққа экологияны сақтап, олардың сан түрлі қалпында жеткізу - азаматтық қоғамымыздың парызы.

Көлік қаққан аңды ветеринар, болмаса жануарларды қорғау ұйымдарына жеткізу қажет. Алайда, біздің қоғамда осындай ұйымдардың бар немесе жоқ екендігінен хабарсызбыз. Жүргізшілерге осындай мәліметтер берілсе, мүмкін көптеген жануарларға көмек беріліп, оларды аман алып қалуға жағдай туар. Осындай ақпаратты немесе аңдарды құтқарып, емдеп жазылып кетуіне мүмкіндік берген мамандар туралы ақпаратты әлемдік БАҚ-тан ұдайы кездестіреміз. Неге осы игі шараны біздің қоғамға енгізбеске?!.

Жәнібек Амангелді