- Зүлфия Болатқызы, алдымен сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Біз қазір «Ботаникалық бақта» тұрмыз, сіз бұрын осында болдыңыз ба ?
- Ең алдымен әңгіме құруға шақырғаныңыз үшін рахмет айтамын. Иә, мен мұнда болғам. Ботаникалық бақты үлкен бір ғылыми эксперимент дер едім. Ботаникалық бақта шетелден әкелінетін түрлі өсімдіктер болады. Көптеген жылдар бойы ботаниктер олардың мінез-құлқын бақылап келеді. Әртүрлі климатқа тән кейбір өсімдік инвазивті болуы мүмкін.
- Сіздің министр болып тағайындалуыңыз әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Әсіресе экологиялық тұрғыдан өмір салты ұстанымыңыз. Қазақстандықтар сіздің тағы қандай эко-әдеттеріңіз туралы біле бермейді ?
- Маған минимализм және «Zero Waste» идеясы өте қызықты. Идеалды өмір сүретін мінсіз адам жоқ. Алайда, соған ұмтылу керек деп санаймын. Өйткені шамадан тыс тұтыну экожүйелердің, табиғи ресурстардың деградациясына, парниктік газдардың шығуына әкеледі. Сондықтан тұтыну көлемін азайтуға болатын болса, мен оны қолдаймын. Мен белгілі уақыт шетелде тұрдым. Кішкентай чемоданымда екі футболка, кеңсеге бару керек болса бір көйлек, бір джинсы және бір кроссовка болды. Кейін түсінгенім бақытты өмір сүру үшін көп нәрсе қажет емес. Әрине, Қазақстан климатында жағдай басқаша, өйткені бізде төрт маусым бар. Десек те мені минимализм идеялары аса қызықтырады. Өзімді идеал санамаймын, бірақ бір нәрсені өзгертуге тырысамын.
- Сізді экологиялық үнемдеу өмір салтын ұстануға не итермеледі ?
- Бір сәтте егер қандай да бір нақты шара қолданбасаң, құр сөз мәнінің жоқтығын түсіндім. Жалпы, экология, экожүйелерді сақтау және планеталар мәселесінің ауқымы кең. Экология мәселесінде тез жеңіске жету деген болмайды. Бұл мүмкін емес, өйткені мәселе жүйелі. Дегенмен әрекет ету мен үшін маңызды. Жапонияда оқып жүргенде қайта пайдалануға болатын құлақ тазалайтын пластикалық таяқшалардың барын білдім. Біз өмір бойы қаншама пластикалық таяқша қолданамыз. Соңғы төрт жыл бойы қайта пайдалануға болатын бамбук таяқшаларын қолданып келемін. Бұл аз үлес, дегенмен қалдық азаяды.
- Сіздің министр болғаныңызға үш ай болды. Бұл тағайындауды қалай қабылдадыңыз ?
- Бір жағынан, білім мен дағдының ескерілетіні жақсы. Екінші жағынан, әрине, үлкен жауапкершілік. Бұл сенімнің белгісі және салаға өзгерістер әкелуіңді күтеді. Сонымен қатар саған жас ұрпақтың өкілі ретінде қарайтынын түсінесің. Яғни жастар не жаңалық әкеледі, қандай мәселелерді шешеді деген сұрақ тұрады. Осы орайда екі жақты жауапкершілік жүктеледі. Бұған дейін вице-министр болдым және экологиялық блокқа жетекшілік еттім. Басқаша айтқанда экология мәселелерінен хабарым бар.
- Министр ретінде алдымен қандай мәселелерді шешуді қолға алдыңыз ?
- Лауазымға тағайындалғалы алғаш болып су мәселесі тұрды, осыны зерттей бастадым. Сырдария өзені бізге басқа елдер аумағынан келеді. Өзеннің жоғары жағындағы елдердегі су қоймалары гидроэнергетикалық режимде жұмыс істейді. Бізге су өте көп келуіне байланысты қауіпсіздікті қамту және елді мекендерді су басуға жол бермеу қажет болды. Әрине, біз судың көлемін реттедік. Бұл өте ауқымды жұмыс. Бір жағынан, өзеннің арнасынан аспауы мәселесі тұрса, екінші жағынан су тасқынына жол бермеу. Одан бөлек, жазда вегетациялық кезең келеді. Яғни фермерлерді жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы тепе-теңдікті табу. Әрине, бұл қолға алған жалғыз сұрақ емес.
– Айтпақшы, сіздің диссертацияңыз Сырдария өзені бассейніндегі трансшекаралық су ынтымақтастығы туралы ғой ?
- Иә,студент кезімде экология, тұрақты даму мәселелеріне қатты қызығушылық таныттым. Саланы зерттей келе, ең өзекті мәселелердің бірі - Сырдария өзені бассейніне қатысты шекаралас елдер арасында ынтымақтастықты реттеу және әріптестікті нығайту керек екенін түсіндім. Бұл аталған тақырыпты таңдау себептерінің бірі. Егер Арал-Сырдария бассейнін алсақ, судың шамамен 90%-ы Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келеді. Нарын өзені Қырғызстаннан басталып, біздің елдің аумағы арқылы өтіп, одан әрі Өзбекстанға барады. Нәтижесінде Қарадария мен Нарын бірігіп, Сырдария түзіледі. Содан кейін ол Тәжікстанға және қайтадан Өзбекстанға кетеді. Содан кейін ғана өзен Қазақстан аумағына бұрылады. Сондықтан да көрші мемлекеттермен өзара іс-қимыл мәселесі маңызды. Осы жайттарды ескере отырып, ынтымақтастықты нығайту перспективаларын зерттегім келді. Қазақстан соңғы 30 жыл ішінде көптеген бастаманы ілгерілетуде. Біз өңірлік институттар аясында ынтымақтастықты жалғастырудамыз. Бұл дегеніміз халықаралық Аралды құтқару қоры, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы, Амудария, Сырдария бассейндік су ұйымдары және тағы сол сияқты. Амудария өзеніне біздің қатынасымыз аз, ал Сырдария бойынша өте тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Еліміздің су қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жолында, институттар мен өзара іс-қимылды, ынтымақтастықты нығайту бағытындағы зерттеу қызықты болды.
- Сырдария, Жайық өзендері мен Каспий теңізін тартылудан қалай құтқара аламыз ?
- Қысымның екі негізгі факторы болуы керек. Бірінші, экожүйеге антропогендік қысым. Яғни, су ағынын реттеу, шамадан тыс қолдану. Бұған ағаштарды кесуді айтуға болады. Экожүйенің әр бөлігі белгілі бір рөл атқарады. Сондықтан кез-келген әрекет теріс әсер етеді. Яғни, бір жағынан айтарлықтай антропогендік әсер бар, екінші жағынан – біз климаттың өзгеруін байқаймыз. Климаттың өзгеру процесін тоқтата алмаймыз, бірақ тұрақтандыруға болады. Экожүйелер мәселесіне күш салу керек. Мысалы, Жайық бойынша Ресей Федерациясымен бірлескен комиссия бар. Соған қарамастан жергілікті деңгейде қандай да бір шаралар қабылдау қажетігін түсінеміз. Жақында ғана бұл мәселе талқыланды. Біз «Task Force» (мақсатты топ) құрғымыз келеді. Сол арқылы қоғаммен бірлесіп теріс антропогендік әсерді азайту үшін елде қандай нақты шаралар қолдануға болатынын ойластыру керек. Бірлескен шаралар қабылдау қажет.
- Климатқа келетін болсақ, ведомство еліміздің 10 қаласындағы ауа ластануының жоғары деңгейін зерттеді ме ?
- Біз елді мекендерді қоныстану аймағы деп атаймыз. Оларда сенсорлар бар. «Қазгидрометтің» атмосфераның ластану деңгейін немесе концентрациясын үнемі қадағалап отыратын өте кең желісі бар. Менің ойымша, көптеген азамат Air.kz қосымшасын пайдаланып жүр. Біз ластану деңгейін үнемі қадағалап отырамыз. Ауаның ластануына әртүрлі фактор әсер етеді. Бұл дегеніміз жылу электр орталықтары, пеш жағу, ескірген автопарктер, тозған кәріз желілері мен тазарту қондырғылары. Егер ағынды су тазартылмай төгілсе, ол күкіртсутектің жоғары концентрациясына әкеледі. Сондықтан, кәсіпорын басшыларымен кездесу барысында үнемі жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, сүзгілерді орнату қажеттігі туралы айтып келеміз. Бұл жағдайда кәсіпорындар технологиялардың қымбаттығын уәж етеді. Алайда, біз өз ұстанымымызды үнемі білдіреміз, себебі мәселе жұртшылықты қатты алаңдатады. Бұл жағдайда біз жұртшылық жағындамыз. Ауа сапасына алаңдаймыз.
Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Кейбір кәсіпорындар жоспарларымен бөлісіп, қоршаған ортаны қорғауды қалай жүзеге асырып жатқанын көрсетіп жатады. Кейбір өңірлерде құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Кәсіпорындар сүзгіні немесе күкірт қышқылы цехтарын іске қосқаннан кейін ластану деңгейі төмендейді. Кейбір кәсіпорындар бұл міндетті орындамайды. Олармен біз басқаша сөйлесеміз. Сондай-ақ, ірі кәсіпорындардың ластаушы зат шығарындыларына қатысты жекелеген талаптарды қайта қарау үшін жол картасын әзірлеуді бастадық.
Екіншіден, келесі жылдан бастап біз қоршаған орта сапасының нормативтеріне көшеміз. Бүгінде негізінен шекті рұқсат етілген концентрация шеңберінде ластаушы заттар шығарындылары көлемінің химиялық құрамын нормасы бар. Дегенмен, экожүйеге физикалық әсер бар, бұл экожүйенің жалпы жағдайына әсер етеді. Мұның бәрі бір-бірімен байланысты. Жыл соңына дейін тиісті жұмысты аяқтап, келесі жылдан бастап қоршаған орта сапасының нормативтеріне көшеміз деп үміттенемін. Бұған дейін айтқанымдай, экология мәселелері түрту арқылы шешілмейді.
- Ауаның ластануын азайту үшін қарапайым азаматтар не істей алады?
- Менің ет жемейтіндігім көп адамдардың қызығушылығын танытты. Оның себебі үй жануарлары метан шығарудың көзі. Метанның жылыну коэффициенті өте жоғары. Яғни, ол температураның тез жылынуына әкеліп соғады. Ет жеуден бәрі бірдей бас тарту керек пе? Ол жағы әр адамның өз еркінде, мен бас тартуға үгіттемеймін. Менің ойымша, бұл жеке мәселе. Десекте күнделікті рационда етті азайтуға болады. Бұл парниктік газ шығарындыларының аз шығуына айтарлықтай әсер етеді. Әрине, мал шаруашылығына қатысты мәселелер туындайды. Менің ойымша, ірі қара малдың жем-шөбін жақсарту қажет. Бұл бағытта біраз жұмыс істеу керек. Жем-шөпті жақсарту, көңді реттеу жағы мемлекеттің міндетіне жатады. Жеке жағдайда көміртекті көп қажет ететін өнімдерді тұтынуды азайтуға болады. Бұл оң нәтиже береді. Сосын жергілікті өнімдерді тұтыну керек. Осы орайда «Көлік мильдері» деген ұғым бар. Яғни, өнім А нүктесінен В нүктесіне ұзақ жеткізілсе, соғұрлым көп шығарынды болады. Отандық өнімдерді тұтыну арқылы өз фермерлерімізге қолдау көрсетеміз. Екінші жағынан, экологияға оң әсері бар. Сондықтан әр адам ауаның ластану деңгейін төмендетуге үлесін қоса алады.
– Сіз президенттік жастар кадр резервінің құрамындасыз. Кадр резервіне қандай мақсатта өтініш бердіңіз ?
- Бірінші президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау жарияланған кезде мен шетелде оқыдым. Шынымды айтсам, Қазақстанға оралғым келді. Шетелде жүріп үйренген тәжірибе, білім мен дағдыларды өз еліңде қолданғың келеді. Кейін Мемлекет басшысының твиттерінен президенттік жастар кадрлық резерві іске қосылатынын білдім. Мен бұны қызықты әрі керемет мүмкіндік деп ойладым. Құжаттарды жинап, өтініш бердім. Шынымды айтсам, өз мүмкіндігімді төмен бағаладым. Алайда, іріктеуден өтіп, сол арқылы мемлекеттік қызметке келді.
- Президенттік кадр резерві мүмкіндігі болмағанда, сіз бүгінгі жетістіктерге қол жеткізе алар ма едіңіз?
- Мемлекеттік қызметте дәл осындай позицияда мүмкін болмас еді. Мен қызықты бір дүниемен айналысар едім, бірақ бұл жерде болмауы да мүмкін. Президенттік жастар кадрлық резерві мен үшін үлкен мүмкіндік болды.
- Сіз әлеуметтік желілерде белсендісіз. Оқушылармен, студенттермен кездесу сәттерінен жарияланымдарды байқадық. Сізді осындай кездесулерге жиі шақыра ма?
- Шын мәнінде, мектеп, университеттерге кездесуге жиі шақырады. Сонымен қатар трғындар да белсенді. Оқушылар арасында экологиялық күн тәртібінің түрлі аспектілеріне қызығушылық танытатындардың көп екенін көріп отырмыз. Маған ғылыми жобалар жазатын оқушылар жүгінді. Бірде көмір жағу қала тұрғындарының психикалық денсаулығына қалай әсер ететіні туралы ғылыми жұмыс жазғысы келген оқушы қыз келді. Ол небәрі 14 жаста. Экологиялық мәселелерге деген қызығушылық бізді қатты қуантты. Мүмкіндігінше біз мектеп оқушыларымен кездесуге уақыт бөлуге тырысамыз. Экологиялық білім өте маңызды. Біз ауа сапасын жақсартудың, қалдықтарды қайта өңдеудің маңыздылығы туралы тоқтаусыз айта аламыз. Бірақ егер экологиялық мәдениет болмаса, жағдай қиын. Барлық өзгеріс өзімізден басталады. Сіз қасиеттерді сіңіре білмесеңіз үлкен нәтижеге қол жеткізу қиынға соғады.
- Қаңғыбас иттер мен мысықтарды асырайтын орындарға жиі барып тұрасыз ба?
- Қалағандай жиі емес. Алайда үйімде мысық бар. Орталықтардағы қаңғыбас үй жануарларының жағдайымен таныспын. Әрине, оларға қажетті жағдайдың жасалғанын қалаймын. Бұл бағытта біз үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өйткені, азаматтық қоғаммен жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңды іске асыруға қатысты келісім бар. Біз барынша сапалы іске асыруды қамтамасыз етіп, жағдай жасағымыз келеді. Сонымен қатар, дұрыс теңдестірілген саясат бар. Біз қаңғыбас ит-мысықтарды ұстау орындарының жетіспейтінін түсінеміз. Оны ұйымдастыруда инфрақұрылым жағын ұмытпау қажет. Оның мемлекеттік институттар болуы міндетті емес. Ол жеке демеушілік қаражаты болуы мүмкін. Мәселе дұрыс жағдай жасау және заң нормаларын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету.
- Бірер күн бұрын халықаралық әйелдер күні мерекесін атап өттік. Сіз бұл мерекені қандай жағдайда атап өтесіз ?
- Менде бұл күнге арналған арнайы бір дәстүр жоқ. Алайда, 8 наурыз күні аталған мерекенің тарихын есіме түсіремін. Біз бұл мерекені сұлулық және керемет романтика күні ретінде қабылдаймыз. Сонымен қатар, 8 наурыз әйелдердің тең мүмкіндіктерге қол жеткізуі жолындағы қозғалыстармен байланысты. Осы орайда бұл күннен әйелдер үшін тең мүмкіндіктер мен жүйелік және құрылымдық кедергілерді жоюды көремін. Бұл күні әрдайым теріс көріністердің аз болуын, әйелдерге олардың әлеуетін толық пайдалану, оларды қолдау, жеке қауіпсіздік деңгейін арттыруға көп мән берілуін тілеймін.
- Сіздің ойыңызша, қазақ қызының бойында қандай қасиеттер болуы керек ?
- Бізде білімді қыздар өте көп. Статистикаға қарасақ, магистратурада немесе докторантурада оқитындардың жартысынан көбі нәзік жандар. Қазіргі қазақ қызы қандай болуы керек ? Менің ойымша, ештеңеден қорықпайтын әрі өзіне сенімді. Өз мүмкіндіктерін білуі керек, қоғамды жақсартуға қатысудан қорықпауы тиіс. Қазақстандық әйелдердің қоғамды жақсарту бойынша революциялық идеялары барына сенімдімін. Мен олардың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндігі болғанын қалаймын.
- Сұхбат үшін рахмет!