Атап айтқанда, бүгін Үкіметте өткен отырыста аталған министрліктің басшысы Бақытжан Сағынтаев осы саладаға проблемаларға тоқталып, алдағы уақытта атқаратын қадамдармен бөлісті.
Оның сөзіне қарағанда, Ішкі жалпы өнім құрылымында ішкі сауда үлесі тұрақты деңгейде және 14,5 пайызды құрап отыр. Бүгінде сауда саласында барлығы 1 млн. 200 мыңнан астам адам қамтылған. Бұл халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 15 пайызға жуық деңгейінде. Осы көрсеткіш ауыл шаруашылығы саласынан кейінгі екінші орында тұрған көрсеткіш екен. «Бірінші тоқсанда бөлшек тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 12 пайызға артты, ал көтерме тауар айналымы 15,6 пайызға жоғарылап отыр», - деді министр.
Жалпы тауар айналымы көрсеткішінің өсіміне қарамастан, сауда сапасы дамуының төменгі деңгейі сақталуда. Тауар айналымының жартысы (49 пайызы) базарлардағы саудаға тиесілі болып отыр. Сонымен қатар, заманауи сауда форматтарының үлесі 4 пайыздан аспайтын көрінеді, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетіп отыр.
Министрдің пайымдауынша, заманауи сауда үлгілерінің дамымауы - тиімсіз сауда делдалдары үшін қолайлы болып отыр. Олар негізгі табысты «өндіруші-делдал-бөлшек сауда» тізбегі бойынша шоғырландыруда. Талдау шараларына қарағанда, осы алыпсатарлар негізінен тез бүлінетін азық-түлік тауарларының саудасында топталған екен.
Бұл тұрғыдағы ахуалды министрліктегілер бірнеше себептермен жіктеген сыңайлы.
Біріншіден, себептердің бірі тез бүлінетін өнім өндірісінің ұсақ тауарлығына байланысты болуда. Атап айтқанда, делдалдардың ұсақ өндірушілерден өнімді жүйесіз түрде сатып алуы, аталған алыпсатарлардың өндірушілердің мүддесін шектей отырып, өздерінің баға саясатын мәжбүрлеуге, сондай-ақ соңғы сатып алушыға дейін өнімнің жоғары бағамен жетуіне мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Қазақстанның фермерлері одағының мәліметінше, сүттің 88 пайызы, еттің 80 пайызы, картоптың 72 пайызы жеке шаруашылықтарда өндіріледі.
Екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен сауда желілерімен ықпалдасқан ауыл шаруашылығы өнімінің көтерме сауда буынының болмауы да әсер етуде. Қазіргі кезде көптеген өңірлерде жұмыс істеп жатқан сауда-логистикалық орталықтар импортталатын ауыл шаруашылығы өнімінің саудасына ғана жұмылдырылған. Өз кезегінде олар отандық фермерлер өнімдерінің тасымалын, сақтауын және сатылымын қамтамасыз етпей отыр.
Үшінші себеп - ол заманауи бөлшек сауда форматтарының дамымауына байланысты. Яғни, бұл бөлшектік сектордағы елеулі операциялық шығындарға әкеліп соқтыратын көрінеді. Дәл осы форматтар дамыған жағдайда өнімсіз алыпсатарлардың қызметіне тосқауыл қоюға қауқарлы және жалпы қазіргі заманғы талаптарға сай көтерме инфрақұрылымды қалыптастырады.
Бүгінде бөлшек сауда және сауда инфрақұрылымы жүйесі экономиканың басымдықты секторларының тізбесіне енбей қалған екен. Осыған сәйкес, ол мемлекеттік қолдауға ие болмай отыр.
Министр осы проблемаларды жіктей келе, тұтыну кооперацияларын дамыту арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру мәселесіне тоқталды.
«Атап айтылғандай, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің негізгі бөлігі, яғни 55 пайызы жеке шағын шаруашылықтарға тиесілі. Осындай ұсақ тауарлылық және өнім сатылымының кепілді каналдарының болмауы, тиімсіз делдалдардың санатын жасақтап отыр. Олар өз кезегінде өндірушіден сатып алудың бағасын төмендетіп, өнімді сату бағасын арттырып жүр», - деп тоқталды ведомство басшысы.
Бүгінде халықаралық тәжірибе тұрғысында тұтыну кооперативтері ауыл шаруашылығы өнімдерін сауда желілеріне тікелей жеткізілімдерді қамтамасыз ететін жүйелі буын болып табылады. Осы мәселе бойынша ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауылдық тұтыну кооперациясы туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізу жөнінде бастаған жұмысын қолдайтынын ескеріп өтті.
Бұдан бөлек, Қазақстанда құрылғалы жатқан сауда-логистикалық орталықтармен байланыстырылған облыс орталықтарында ауыл шаруашылығы көтерме сауда орталықтарын құру қажеттілігі де сөз болды. Бұл шаралар тауарды алға жылжытуда логистиканы маңызды буын ретінде қалыптастырмақ. Бұндай жұмыстар бүгінде өңірлерде басталған көрінеді.
Мәселен, Астанада «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-ның қаржыландыруы есебінен ірі көтерме ауыл шаруашылығы нарығының құрылысы жосапарлануда. Министрліктегілер көтерме азық-түлік базарлары өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін айта келе, олардың пайымдауынша, акционерлік қоғам формасында ауыл шаруашылығы тауарларының көтерме базарларын құруды ынталандыру керек. Бұл өз кезегінде ірі инвесторларды тартуға, сондай-ақ Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация түрінде мемлекеттің қатысуын қамтамасыз етпек.
Осы жерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері пайдаланылуы да мүмкін. Мәселен, мемлекет жер телімін ұсыну мен инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша міндеттерді өз мойнына алуы ықтимал.
Сонымен қатар Б. Сағынтаевтың көтеріп отырған тағы бір уәжі заманауи сауда форматтарын дамытуға қатысты болып отыр. Қазіргі заманғы сауда форматтары қызмет пен тауардың жоғары сапасымен қатар, сатып алудың ірі көлемін қалыптастыра отырып, сәйкесінше тұрақты бағаны қамтамасыз етеді. Осы орайда жеткізілімнің кепілді каналдары мен тауарға тиісті құжаты жоқ алыпсатарларға ірі сауда желілерімен жұмыс істеуге тиімсіз болады.
«Сондықтан да біз заманауи сауда форматтарын дамыту үшін қажетті қолдау шараларын қамтамасыз етуіміз шарт. Соңғы 4 жылда Қазақстанға бірде бір шетелдік ірі ритейл келген жоқ. Осыған байланысты жалпы көлемі 2 мың шаршы метрден астам ауданды құрайтын ірі сауда нысандарының құрылысы үшін инвестициялық жеңілдіктерді ұсынуды қамтамасыз ету керек, сондай-ақ инвестициялар бойынша заңнамаға өзгерістер жасау қажет», - дейді министр.
Сонымен қатар заманауи сауда үлгісін дамыту тұрғысында қолданыстағы базарларды тиісті инфрақұрлымдық қызметімен жоғары деңгейде қайта жасақтауға мемлекеттік қолдау жасау пәрменді шара болмақ.
Бүгінде Қазақстанда 818 сауда базарларының 548-і қалалық жерлерде қызмет жасауда. Олардың көпшілігіне антисанитария мен сервистің төмен деңгейі, сондай-ақ көлеңкелі сауда айналымының жоғары деңгейі тән. Сондықтан да бұдан былай аталған сауда орындарынан қазіргі заманғы үлгідегі сауда нысандарына жоспарлы түрде ауысу маңызды шешім болмақ.
Осы тұрғыда ескерер жәйт, ірі сауда нысандарының құрылысы мен тұтыну кооперацияларын дамыту мәселелерін қолдау - сауда инфрақұрылымын дамытпай тиімсіз болады. Себебі бүгінде заманауи жабдықталған қоймалардың құрылысы мен мамандандырылған көлікті сатып алу айтарлықтай шығынды.
Осыған байланысты министрлік шетелдік бірқатар елдердің тәжірибесінің негізінде, сауда базарлары мен қоймалардың орнына заманауи стационарлық сауда нысандарының құрылысы мен мамандандырылған автокөліктерді алу кезінде екінші деңгейлі банктердің несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін жабуға субсидияларды ұсыну мәселесін қарастыруды ұсынып отыр.
«Осыған байланысты «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына ұқсас 2013-2020 жылдарға арналған бөлшек сауда секторын жаңғырту бағдарламасын әзірлеу ұсынысын енгіземіз», - деп түйіндеді Б. Сағынтаев.