Экономикалық өсім таза энергетиканы дамытуға негізделуі тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - 15-16 маусымда «Астана ЭКСПО - 2017» көрме кешеніндегі Конгресс-орталықта Х Астана экономикалық форумы өтті. «Жаңа энергия - жаңа экономика» тақырыбына арналған мерейтойлық форумның пленарлық отырысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

Арқа төсінде Нобель сыйлығының лауреаттары, халықаралық ұйымдар мен банктер басшылары, саяси қайраткерлер, ірі бизнес өкілдері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар бас қосқан алқалы жиынның күн тәртібіне жаһандық сауда және инфрақұрылым, экономикалық өсім, инновациялар мен жасыл экономика мәселелері арқау болды.

Әлемдік экономика қазір өзгеріс үстінде. Ұшқыр уақытқа сай қоғам, технологиялар, әлеуметтік қатынастар өзгеруде. Төрткүл дүние экономикалық өсімнің жаңа жолдарын, өзге елдермен, ірі және өңірлік одақтармен арадағы өзара іс-қимыл мен әріптестіктің жаңа стратегиясын қарастыруда.

Осы ретте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық форумы он жылда ашық пікірталасқа арналған маңызды халықаралық алаң ретінде танылғандығын атап өтті. Форумның биылғы «Жаңа энергия - жаңа экономика» тақырыбы ЭКСПО - 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесімен үндес болып отырғандығына назар аударды. ЭКСПО - 2017 көрмесінде болашақ энергиясына арналған әлемдегі үздік ғылыми инженерлік жетістіктерді көруге болады.

Жүзден астам ел мен халықаралық ұйымдар, ірі корпорациялар өздерінің баламалы энергетика мен жасыл технологиялар саласындағы озық үлгілері мен тәжірибелерін алып келді.

Елбасы мерейтойлық Астана экономикалық форумы тарихи бетбұрысты кезеңде өткізіліп отырғанын айтты. Осыдан бір апта бұрын Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Үндістан мен Пәкістан елдеріне ұйым мүшесі мәртебесі берілген болатын.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан мен Пәкістан кірген соң 3 миллиард адамды қамтитын нарығы бар жаңа жаһандық ойыншы пайда болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерін Ұлы Жібек жолын жаңғырту бағдарламасымен қамту жаңа экономикалық субөңірді қалыптастырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Шанхай ынтымақтастық ұйымы «бүгінгі әлемдік құрылымның маңызды тірегі» саналатынын, ал бейбітшілікті сақтаудың ең мықты құралы - инклюзивтік даму екенін атап өтті. Бүгінгі форум осы инклюзивтік және орнықты даму мәселесіне арналған», - деді Қазақстан Президенті.

Қазіргі таңда әлемдік энергия өндірісінде жаңғыртылатын қуат үлесі 24 пайызға жетіп отыр. Ал 2040 жылға қарай оның үлесі 40 пайызға жетеді деген болжам бар. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы қазіргі заманның теңдессіз жылдамдықпен өзгеріп, экономикалық өсу мен өмір салтымыздың табиғатын түбегейлі қайта түрлендіретін тың жаңалықтар мен ғылыми-техникалық шешімдер дәуірінің келе жатқанына назар аударды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаһандық экономикалық саясат қоршаған ортаның ластануының шекті деңгейге жетуі және жаһандық энергия тұтынудағы теңсіздіктің артуы сияқты бүгінгі сын-тегеуріндерге толық жауап бере алмайтынын айтты.

Біріншіден, тоғыз жыл бұрын орын алған аса ауыр қаржы дағдарысының негізгі себептері әлі күнге дейін жойылған жоқ. Оған әлемдік ішкі жалпы өнімнен 2-3 есе асатын жаһандық қарыз өсімі қосылуда.

Екіншіден, әлемдік экономиканың өсу қарқынының қалпына келуі баяу.

Үшіншіден, жаһандық саудада кері үдеріс байқалады. Былтыр сауданың әлемдік өсімінің қарқыны соңғы 8 жыл ішіндегі ең төменгі деңгейді көрсетті.

Төртіншіден, қоршаған ортаның ластануы шекті көрсеткіштеріне жеткен. БҰҰ деректері бойынша, егер парниктік газдар проблемасы шешілмесе, әлемдік экономика 12 трлн долларға дейін немесе әлемдік ІЖӨ-нің 16 пайызын жоғалтады. Бесіншіден, жаһандық энергия тұтынуда теңгерімсіздіктер өсіп келеді. Мұндай теңгерімсіздіктер жаһандық және өңірлік ауқымдағы теріс үдерістердің себебіне айналады. Мысалы, көші-қон ағымдарының едәуір өсуі.

«Біз бүгін осы мәселелердің барлығын дөңгелек үстел барысында қонақтармен бірге талқыладық, олар өздерінің терең ойлары мен ұсыныстарын білдірді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің қордаланып қалған проблемаларды көбейтпей, қайта оларды шешуге септігін тигізуі маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ экономикалық өсім таза энергетиканы дамытуға және экологияны сақтауға негізделуге тиіс екеніне назар аударып, Париж келісімін жалпыға бірдей орындаудың маңыздылығына тоқталды.

Қазақстан он жыл бұрын ТМД елдері ішінде ең бірінші болып Экологиялық кодекс қабылдады. 2012 жылы энергия үнемдеу және энергия тиімділігі туралы заң күшіне енді. Сол жылы еліміз «Болашақ энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. 2013 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында ең алғашқы болып жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын қабылдады.

Сонымен қатар, Президент еліміз¬де БҰҰ қолдауымен «Астана ЭКСПО - 2017» халықаралық көр¬ме¬сінің негізінде Жасыл технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрыла¬тындығын атап өтті. Орталық толығымен «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасына сәйкес қызмет ететін болады. АХҚО мен Жасыл технологиялар орталығының бірлескен қызметі біздің субөңірімізде экологиялық таза бизнес пен қаржының дамуына түрткі болмақ.