Экономикалық тәуелсіздіктің іргесін бекіту үшін ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу өнеркәсібін дамыту аса маңызды

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2010 жылдан бастап Қазақстан индустриялық-инновациялық жедел дамудың бесжылдығын бастайды. «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясының кезектен тыс 12-ші құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін Үкіметке ең алдымен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және

ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге айрықша ден қоюды жүктеді. Осылайша біздің мемлекет тұңғыш рет ұзақ мерзімді даму перспективасында ауылшаруашылығын өркендетуді алғашқы орынға шығарып отыр. Бірден айта кетейік, мұндай бетбұрыстың өзіндік себептері бар. Өйткені Қазақстан табиғи байлықтарға ғана бай ел емес, сонымен қатар біздің елдің ауылшаруашылық саласындағы әлеуеті де аса зор. Сондықтан әлемдік нарықтағы мұнай мен мұнай өнімдерінің, әртүрлі металдардың құны күн сайын құбылып отырған мына заманда біздің ел тек шикізаттық сектордан түсетін табысқа ғана иек артуды көздеп отырған жоқ. Дағдырыстан кейін дамудың даңғыл жолына түсу үшін экономиканы әртараптандырып, индустриялық-инновациялық тұрғыдан өркендеуді мақсұт етіп отыр. Дағдарыс экономиканы әртараптандыруға баламаның жоқ екенін нақты көрсетіп берді. Бұл ретте, ең алдымен, бұрыннан дәстүрлі дамуымыздың «бойтұмары» болып келген агроөнеркәсіптік кешенді өркендетуге екпін салынатын болады. Қолда бар мүмкіндіктерімізді дұрыс пайдаланып, ресурстарды ұтымды ұқсата білсек, бұл саланың ел экономикасының тасын өрге домалатуға қоса алатын үлесі орасан зор. Оның үстіне әлемдік рынокта азық-түлік тауарларының тапшылығы біліне бастаған қазіргі уақытта, өмірдің өзі ұсынған мұндай тамаша мүмкіндікті уыстан шығармай, агроөнеркәсіптік кешенді қарқынды дамытуға қазірден бастап мығым негіз қалайтын болсақ, онда келешекте Ішкі жалпы өнімнің құрылымындағы және экспорттың көлеміндегі ауылшаруашылығы өнімдерінің үлесін еселеп арттыруға әбден болады. Елбасының сөзімен айтқанда, «бізге бүкіл әлемде азық-түлік тауарларына деген сұраныстың өсуін және бағаларының артуын ескере отырып, аграрлық секторды технологиялық қайта жарақтандыруға және кең ауқымды жаңғыртуға қайта бағдарлану қажет. Бұл үшін бізде барлық жағдайлар бар». Ал аграрлық сектор экономиканы әртараптандыруға және экспортқа нақты үлес қоса алады. Мемлекет агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге айрықша ден қоятынын «НұрОтан» партиясының құрылтайынан кейін бірден аңғартты. Осы сейсенбіде Ақордада Елбасының төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жиынды ашқан Н. Назарбаев «еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - Қазақстанның таяу 10 жылдағы стратегиялық міндеті екенін» қадап тұрып айтты. «Азық-түлік тағамдарын өндіруде Қазақстан әлемде салмақты орынды иеленеді. Бізге еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көп жұмыс істеу керек. Бұл біріншіден. Екіншіден, біз өзіміздің ауыл шаруашылығымызды инновациялық экономиканың бір саласы ретінде дамытуымыз қажет», деген Мемлекет басшысы осы орайда еліміздің Ішкі жалпы өніміндегі ауыл шаруашылығының қосылған құнының көлемін және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттағы жалпы көлемін ұлғайту бұл салада қол жеткізуге тиіс басым міндет екенін айтты. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығына келген инвестициялардың мөлшері 3 есеге, егістіктің көлемі 15 пайызға, мал басы 24 пайызға, агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімі 2 есеге артқан. Соңғы жылдары мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді қолдауының арқасында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі айтарлықтай нығайған. «Ауыл шаруашылығындағы тұтынудың бекітілген нормативтеріне сәйкес, іс жүзінде ішкі нарық ауыл шаруашылғы өнімдерінің негізгі түрлерімен: азық-түліктік бидаймен, күрішпен, жарма дақылдарымен, бау-бақша өнімдерімен, картоппен, етпен, сүтпен, жұмыртқамен толық қамтамасыз етіледі», деді А. Күрішбаев. Дейтұрғанмен, бұл салада шешімді қажет ететін түйткілді мәселелер де жоқ емес көрінеді. Мәселен, елімізде өндірілетін майлы дақылдар ішкі нарықтың 75 пайызын, көкөністер 30 пайызын, ерте пісетін жеміс-жидектер 4 пайызын, қант қызылшасы 6 пайызын ғана қамтамасыз етеді екен. Ал мал шаруашылығы шикізаты туралы айтатын болсақ, Қазақстан құс еті бойынша импортқа тәуелді ел, осы өнімнің 67 пайызы сырттан әкелінетін көрінеді. Осыларды ескере отырып, Үкімет сыртқы нарыққа тәуелді осы салалардың барлығын негізгі бағыттар ретінде анықтап, мемлекеттік реттеу шараларын қолдану кезінде оларға баса назар аударатын болды. Отырыстан кейінгі брифингте А. Күрішбаев Мемлекет басшысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін нақты міндеттер қойып, аграрлық саясаттың негізгі бағыттарын анықтағанын жеткізді. Елбасы ең алдымен агроөнеркәсіптік кешеннің ең осал тұсы болып табылатын өңдеуші кәсіпорындарды дамытуды, ғылыми қамтымды технологияларды енгізуді тапсырған. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін «ҚазАгро» холдингіне бөлінген қаржыны дұрыс ұқсату, жерді және суды тиімді пайдалану мәселесіне де айрықша назар аударылған. А. Күрішбаев Президенттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырғанын да атап өтті. Брифингте министр елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау механизмі өзгеретін жеткізді. «Субсидиялаудың қазіргі механизмдері өзгереді. Субсидия бұрынғыдай 1 килә етке немесе 1 литр сүтке берілмейді. Енді қайта өңдеуші салаға бағытталатын ет пен сүт өнімдері ғана субсидияланатын болады», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған азық-түлік тағамдарына салынатын кедендік баж салығын ұлғайтатын болады. «Мемлекет еліміз өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған азық-түлік тағамдарының позициясы бойынша кедендік-тарифтік саясатты реттеу жөнінде қажетті шараларды қабылдап жатыр. Еліміз өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған азық-түлік тағамдарына салынатын кедендік баж салығы ұлғаятын болады. Негізгі азық-түлік тағамдары бойынша техникалық регламент енгізіледі. Осылайша біз ішкі рынокты реттеп, оны импорттан қорғайтын боламыз», деді А. Күрішбаев. Жалпы қазіргі әлемнің дамуындағы экономикалық және демографиялық ерекшеліктері азық-түлік тапшылығы проблемасын және азық-түлік тағамдарының бағасын алдыңғы қатарға шығарды. Әлемдік азық-түлік нарығындағы қалыптасқан жағдай еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейту үшін Қазақстанның алдына агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату міндетін қойып отыр. Осы міндеттердіі шешу үшін Үкімет бүгінде агроөнеркәсіптік сектордағы өңірлік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бел шеше кірісіп кетті. Мұндағы басты мақсат ? орталық азиялық өңірге азық-түлік тағамдарының негізгі жеткізушісі ретінде осы өңірдегі жетекші позицияны иелену. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2008 жылы ауылшаруашылығы саласында жалпы сомасы 10,2 млрд.теңге болатын 65 жоба іске қосылып, мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Ал барлығы жалпы сомасы 148,4 млрд. теңге 177 жоба бақылауда көрінеді. Биыл жалпы құны - 37,1 млрд. теңге 101 нысан іске қосылатын болады. Нәтижесінде 4 мыңға жуық адамды еңбекпен қамту көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыс келесі жылы да жалғасып, жалпы сомасы - 11,3 млрд. теңге 76 жобаны пайдалануға беру және 5600-ге жуық жұмыс орнын құру жоспарда бар екен. Ал агроөнеркәсіптік сектордағы инвестициялық жобалар жайына келсек, бұл бағытта 133 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 85-ін немесе 64 пайызын 2009 жылы іске қосу көзделіп отыр. Бұл жобалар негізінен етті өндіру және өңдеу; сүтті өндіру және өңдеу; құс фабрикаларын құрып, дамыту; астық өңдейтін өнімдерді өндіру; өсімдік майын өндіру; көкөністер мен картопты өндіру және өңдеу; жылыжай шаруашылықтарындағы жеміс-көкөніс дақылдарын өндіру; балық өнімдерін өңдеу; сауда инфрақұрылымдарын дамыту сынды бағыттарды қамтиды. 133 жобаның ішінде 116-сын немесе 87,1 пайызы ішкі нарықты ауылшаруашылық өнімдерімен және оларды өңдейтін өнімдермен қанықтыруға, импортты алмастыруға бағытталған. Өндірілетін өнімдердің экспорттық әлеуетін дамытуға 6 (4,6 пайызы) жоба, ауылдық елдімекендерде ауылшаруашылығына жатпайтын бизнесті дамытуға 11 жоба (8,3 пайызы) бағытталып отыр. Жобаларды жүзеге асыру 5 мың 563 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласында жалпы сомасы 28986 млн. теңге болатын 85 жобаны немесе жалпы жоспардың 64 пайызын іске қосу көзделуде. Оларды жүзеге асыру 2475 адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Атап өтерлігі, еліміздің барлық облыстарында инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, конкурстық комиссияның қарауында агроөнеркәсіптік кешеннің 11 басыңқы бағыты бойынша Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында қаржыландыру жоспарланып отырған жобалар жатыр. «Аграрлық сектор экономиканы әртараптандыруға және экспортқа нақты үлес қосады. Сондықтан да біздің ортақ міндетіміз ? 2015 жылға қарай ауылшаруашылық өнімдерінің үлесін экспорттың жалпы көлемінде 8 пайызға дейін жеткізу. Аталған және басқа жобалардың есебінен агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы қосылған құны ең таяудағы уақыттарда кем дегенде 16 пайызға ұлғайтылып, 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылуы тиіс», деген болатын Елбасы «Нұр-Отан» партиясының құрылтайында. Мемлекеттің бұл салаға айрықша көңіл бөліп жатқанын және бұл бағытта қарқынды жұмыс қолға алынғанын ескерсек, бұл міндеттің таяу болашақта орындалатынына сенім мол.