Экономиканы іргелі ғылыми жұмыстар ілгері сүйрейді

арашаның 24-і. ҚазАқпарат  /Марлан Жиембай/  - Жақында Елбасының Жарлығымен  «Минерагения және Қазақстанның ми­нералдық шикізат ресурстарын дамыту­дың перспективалары» жұмысы үшін «Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғы­лымдар институты» ЖШС-нің бір топ қызметкерлері мемлекеттік сыйлыққа ие болған еді. Атап айтқанда, Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы Мемлекеттік сыйлығына  бас ғылыми қызметкер, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік

акаде­миясының академигі Эдгард Воцалевский, жетекші ғылыми қызметкер, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Николай Жуков, зертхана жетекшісі, геология-минералогия ғылым­дары­ның докторы, профессор Леонид Мирошниченко, мекеме дирек­то­ры, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Болат Рақышев және ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті «Қазгеоақпарат» республикалық гео­логиялық ақпарат орталығының бұрын­ғы басшысы, зейнеткер, геология-минералогия ғылымдарының докторы Сиезбек Ақылбеков, аталған  комитеттің төрағасы, геология-минера­ло­гия ғылымдарының докторы Болат  Өжкенов ие болды.  

Бұл ғылыми еңбектің тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары нарықтық экономикаға көшкен және барлық кен орындары кешенді болып келетін  Қазақстан үшін зор маңызы бар. Себебі қазіргі заманауи техникаларда қолданылатын көптеген сирек кездесетін бағалы элементтер кен құрамында болғанымен, осы уақытқа дейін өңделмей келген еді.  Ал дүниежүзінде соңғы 20 жылда осы сала қарқынмен дамып келеді.

 ҚР ҰҒА академигі, КСРО және Қазақ КСР мемлекеттік сыйлықтарының және Қ. Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты Айтмұхамет Абдулиннің «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған Қазақстан минерагениясының мол мүмкіндіктері» атты мақаласында «Соңғы ондаған жылдар бойы Қазақстан экономикасы мен салалары геожүйенің ортақұрушы және өмірді қамтамасыз етуші функцияларын қажетінше ескерместен, табиғатты экстенсивті пайдалану жолымен жүруі салдарынан республика аумағындағы қазіргі экологиялық ахуал тіпті де қолайлы болып отырған жоқ және оның нашарлауы жалғаса түсуде. Қалыптасқан үрдісте түбегейлі бетбұрысқа қол жеткізу сапалық жаңа стратегияға - қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін үйлестіруді көздейтін тұрақты дамуға көшу арқылы ғана мүмкін болады. Сондықтан да қазіргі кезде Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатындағы басым бағыттардың бірі экологиялық жағынан қауіпсіз және тұрақты дамуға көшу болып табылатындығы сөзсіз.

Жоғарыда айтылған жаңа саяси, эконо­ми­калық және геологиялық жағдайлар Қазақ­станның пайдалы қазбалар кен орындарын іздестірудің жаңа ғылыми-теориялық талда­малар мен технологияларды қолдана отырып, инновациялық шешімдер жасауға негізделген жаңа стратегиясы мен тактикасын әзірлеуді туындатты. Сондықтан да осы заманғы теорияларға, құрылымдар мен технологияларға арқа сүйейтін іргелі минерагениялық және геохимиялық ғылымдардың рөлі арта береді. Олардың озық дамуы ғана кен орындары ашылуының сенімді болжамы мен минералдық шикізаттардың интенсивті түрде азайып бара жатқан қорларын толықтыруды, оларды қоршаған ортаны қорғау нормаларын сақтай отырып, ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге қабілетті. 

Мұның өзі бәсе­кеге қабілетті жаңа ірі кен орындарын анықтау үшін күш-жігерді шоғырландыратын аймақтар мен тораптарды нақтылауға мүмкін­дік береді. Қ.Сәтбаев атындағы Геоло­гиялық ғылымдар институты осы болжалдық-минерагениялық және болжалдық-геохимия­лық бағыттардың бастауында болған және әлемдік геологиялық қоғамдастық мойындап отырған ғылыми орда болып табылады», дейді.  

 Мемлекеттік сыйлыққа ие болған ғылыми еңбекте Қазақстанның нақты материалдарына талдау жасалып, «Қазақстанның минерагениялық картасы» негізінде ел аумағын миенарагения­лық аудандастыру жүргізіліп, қайта бағалауға және бәсекеге қабілетті жаңа кен орындарын анықтау болашағы айқындалған.

Қоғамдық талқылаудың нәтижесінде бұл ғылыми еңбекке 23 пікір түссе, оның 9-ын АҚШ, Қытай, Ресей, Украина сынды шет елдердің ғалымдары берген. Сонымен қатар 1 жарияланым жарық көрген.

Зерттеулер нәтижелері моногра­фия, карта, түсіндірме жазба және тағы басқа түрде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көріп, бәсекеге қабі­лет­ті түрлі пайдалы кен орындарын табуға Қазақ­стан аумағының үлкен әлеуеті бар екендігін көрсеткен. Жүргізілген зерттеулер нәти­желері ҚР ЭМРМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті, сондай-ақ жақын және алыс шетел жер қойнауын пайдаланушылардың тапсырысы бойынша жүзеге асы­ры­ла­тын өндіріс жұмыстары үрдісінде кеңінен қолданылады. Ғалымдардың дайындаған және жүзеге асырған ғылыми-техникалық шешімдер кешені мен зерттеу нәтижелері Қазақстанның минералдық-шикізаттық әлеуетін арттыратын инвестиция тарту үшін маңызды тетікке айналады.

Зерттеу нәтижелері республи­ка­лық және халықаралық форумдарда, 2008 жылы Ослода өткен Халықаралық гео­логиялық конгресте жан-жақты сараптамадан өтті.

Жүргізілген  кешенді іргелі-тео­рия­лық зерттеулер жоғары деңгейде орындалған және қазақстандық ғылым мен техниканың әлемдегі алдыңғы қатарлы жетістіктер деңгейіне шығуына мүмкіндік береді.