Экономиканы сауықтыру - басты міндет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңартылған құраммен қызметке кіріскеніне бір айдан енді асқан Министрлер кабинетінің жұмысы қауырт. Сын-қатерлер аясында экономикалық өсімді өрістету бағытындағы жұмыстарда үзіліс деген ұғым болмайтынын Үкімет тізгінін ұстаған Бақытжан Сағынтаев әуелден аңғартқан еді.

Атқарушы билік жұмысының қыр-сырын бұған дейін де меңгерген премьер, алғашқы отырыста-ақ мемлекеттік органдарға формализмнен арылып, тапсырмаларды нақты шешуге көшу қажеттігін ескертті. Құрғақ сөз, жалаң әрекетке жол берілмейтінін, Мемлекет басшысы белгілеген бағыттарды мерзімінде жүзеге асырудың нақты алгоритмі болуы шарт екенін және осы тапсырмалар бойынша сұраныс қатаң болатынын баса айтып, мәселенің басын ашып алды. Өйткені, Үкімет құрамындағы өзгерістер де үдемелі даму мен экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған қадамдарға бағытталған-ды.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы әлемдік экономика мен саясаттағы тұрақсыздық жағдайында стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастырудың маңыздылығына назар аударып, жаңа Үкімет жұмысының тиімділігі үшін Бақытжан Сағынтаевтың білімі мен тәжірибесіне сенім артты. Сәйкесінше, дағдарыспен күрес жұмысынан экономиканың өсімін ынталандыру бағдарламасына ауысу шаралары белгіленіп, жаңа Министрлер кабинетінің алдына нақты міндеттер қойылған болатын. Олардың қатарында - жұмыспен қамту және шағын және орта бизнесті ынталандыру, агроөнеркәсіп кешенін, көлік инфрақұрылымын дамыту, индустрияландыру үрдісін жалғастыру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ «Нұрлы Жер» жаңа бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Сол арқылы Мемлекет басшысы экономикалық саясаттың орта мерзімді кезеңге арналған бірқатар басымдықтарын белгілеп берді. Өз кезегінде Үкімет міндетіне сай, осы айқындалған басымдықтарды барынша тиімді әрі нәтижелі іске асырудың практикалық жоспарын ұсына бастады.

Экономикалық-әлеуметтік мәселелерді селекторлық режимде талқылап, атқарылған істерге есеп беру үшін Үкімет мүшелері жиі жиналатын болды. Өңірлерде салалық бағдарламаларды жүзеге асырудағы кедергілер мен қиындықтардың түпкілікті мән-жайы, қаражатты игерудің жай-жапсары қызу талқыға түсіп, жіті бақылауға алынды. Үкімет басшысының төрағалығымен өтетін әрбір отырыста қатарынан бірнеше өзекті мәселелер қозғалып, жауапты органдардың баяндамалары тыңдалды.

Үкімет мүшелерінің басқосуында экономикалық өсімнің қозғаушы күші болып табылатын «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы, әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының өсуін ұстап тұру бойынша шаралар, кәсіпкерлікті ынталандыру бастамалары, отандық мұнай сервисін дамыту бойынша қадамдар, жекешелендіру жайы, мүлікті жария ету мәселелері, қазіргі астық жинау науқанының барысы қаралып, жан-жақты пысықталды, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен заң жобалары мақұлданды. 

Премьер-министр сондай-ақ Қазақстан­ның өзге салаларына қатысты бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Облыстар және басты қос қаланың әкімдерінің қатысуымен  ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және оны өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді.

Бақытжан Сағынтаев, сонымен бірге, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңестерінің мүше­лерімен де кездесіп, кәсіпкерлікті мем­лекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жетілдіру, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін өткізу, ШОБ нысандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, салық салу мәселелерін талқылады. Тіпті арнайы уақыт бөліп, же­текші IT-компаниялардың басшыларымен де кездесті. Осылайша, жасақталғанына жүз күн өтпесе де, жаңа Үкіметте жұмыс жандана түсіп, іс-қимылдар белсенді сипат ала бастады.