Экономиканың нақты секторы үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қаржы секторы комитетінің алқа отырысында кредитке қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың жетекшілігімен өткен шараға ірі қаржы институттарының басшылары, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы мен Микроқаржы ұйымдар қауымдастығының басшылары қатысты.

Төралға төрағасының айтуынша, елдегі бизнес қауымдастығына өкілдік етуші ретінде «Атамекен» палатасы еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуды міндет ретінде белгілейді.

«Экономиканың нақты секторы үшін айналым кредиттері 12 пайыздан, инвестициялық кредиттер 7 пайызан аспауы тиіс. Өйткені, тек осындай жағдайда ғана еліміздегі экономика да, бизнес те жұмыс істейтін болады. Ұлттық банктің базалық ставкасын 16 пайызға апарғанда бизнесті дамыту еш мүмкін емес. Ешкім мұны көтере алмайды, оған ешкімнің мүмкіндігі де келмейді», - деп атап өтті жиында Тимур Құлыбаев. Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта импортты алмастыру бойынша принципті ұстанымнан айнымау керек, бұл әсіресе азық-түлік себеті мен халық тұтынатын негізгі тауарларға қатысты болып отыр.

Сонымен қатар, Ұлттық палата басшысы экономиканың барлық секторында теңгенің рөлін нығайту мәселесіне назар аудартты. «Көршілес Ресейде қазіргі таңда азық-түлік пен құрылыс саласындағы есеп айырысулар тек өздерінің валютасымен ғана жүргізіледі. Өйткені, осы екі саладағы қажетті дүниелердің басым бөлігі өз ішінде өндіріліп, ішкі нарықты қамтып отыр. Ал Қазақстанда әзірше азық-түлік те, құрылыс саласы да импорттқа басым жағдайда тәуелді. Сондықтан да, бізде валютаға деген тәуелділік бар. Сондықтан жағдайды өзгертіп, теңгеге деген сенімді нығайту жұмыстарына кірісу қажет», - деді Т. Құлыбаев. Осыған орай, Ұлттық палата долларсыздандыру бағдарламасы бойынша Ұлттық банктің ғана емес, қаржы секторы өкілдіктерінің де, Үкіметтің де рөлін арттыру қажет деп санайды.