Бұл туралы "Дейли телеграф" газеті жазуда.
Зерттеу жұмыстарының барысында социологтар мен экономистер әйелдердің отбасында тегін атқаратын, бірақ сәйкес қызметтер қолданыстағы прейскурант бойынша сағатына ақы алатын жұмыстардың құнын анықтаған. Сөйтсе, әйелдер жылына 27 мың долларға ыдыс-аяқ және кір жуады, 97 мың долларға тамақ әзірлейді, 18 мың долларға бала тәрбиелейді екен. Оған қоса, келіншектер автокөліктің руліне отырып үй шаруашылығын жүргізумен және балаларды мектепке жеткізумен байланысты басқа да жұмыстар атқарып, 45 мың доллардың жұмысын атқарса, бухгалтерлік есеп-қисапты жүргізіп 30 мың доллардың жұмысын істейді.
Британдық социологтар әйелдердің отбасындағы «рухани ролін» 45 мың долларға бағаласа, түрлі отбасылық істердегі «кеңесшілік» қасиетін 225 мың долларға бағалап отыр.
Бұл есепке сонымен бірге, отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету, дүкенге бару, отағасына кеңестер беру сияқты «қызметтер де» кіріп отыр. Нәтижесінде, егер әйелдер отбасында атқарылған жұмыстары үшін ақы алатын болса, онда жыл сайын 652 мың доллар тапқан болар еді, дейді сарапшылар.