ЭКСКЛЮЗИВ: Аңыз дала, абыз дала - Маңғыстау (ФОТОРЕПОРТАЖ)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Маңғыстау - аспан асты мұражайы» деп Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқандай, «мың бояулы» Маңғыстаудың ерекше табиғатына таңғалмайтын жан кем де кем. «ҚазАқпарат» ХАА арнайы Маңғыстау даласына жасалған сапардың фотошығарылымын оқырман назарына ұсынып отыр.

Біз фотосаяхатымызды әйгілі Шерқаладан бастадық. Таң сібірлеп атып келе жатқанда ерекше нұрға бөленген «шерлі қаланы» суретке түсіру үшін құлқын сәріде барып, рауандап атқан таңды әдейі күттік. Еңбегіміз еш кетпеді, күннің қызыл шапағы жолбарыс қаланы ерекше қызыл-күрең түске бояп, көне «шаһардың» сәнін келтіргендей болды.

1851 жылғы геологиялық экспедицияның құрамында Маңғыстауда болған поляк революционері Б. Залесский: «Шерқалаға алыстан қарағанда, Римнің керемет пантеондарын, ежелгі замандардың ескерткіштерін көргендей боласың. Жақындап келгенде, жеке қабырғалардың колонналарын, қираған мүсіндер сияқты ақ таулардың бағандарын көресің», - деп жазып, Шерқала қырқасының суретін салып алған. Бұл сурет Залесскийдің «Қырғыз даласындағы өмір» атты альбомында 1856 жылы Парижде, 1989 жылы Алматыда қазақ тілінде жарық көрді. Қырқа арабша «жолбарыс қала» деген мағынаны білдіреді. Кезінде Бозащы түбегінен Хорезм мен Хиуаға жүретін жол бойындағы осы қырқалы тауда әскери қамал болған. Пирамида тәрізді таудың солтүстік-шығыс беткейінің түбінен жол тартылған. Шерқаланы үңгіп қазылған тоннель жоғарылаған соң екі тарау болып, қырқалы тау үстіне шығады. Қамалдың ұзындығы 300 м. Ернеулерінде сыйымдылығы екі-үш адамдық атқыш-садақшылар үшін орын бар, деп жазылған «Қазақ энциклопедиясында».

Жалпы, 10-20 ғ.ғ аралығында Маңғыстау үстіртінде тұрғызылған архитектуралық құрылыстар негізінен үш түрге бөлінеді: бекініс орындары, діни құрылыстар, қабірге қойылған мемориалдық ескерткіштер. Бекініс орындары сирек сақталған. Діни құрылыстардың кең тараған түрі мешіттер мен мазарлар.

Біз Маңғыстауға сапарымызда Бозащы түбегін аралап, ондағы әсем табиғат, зиярат орындарын көрдік. Тамаша Тамшалы (тамшылап тұратын сай) орнын көрудің өзі қандай ғанибет. «Тастан да су ағады» деп жыраулар жырлағандай жар тастан қайдан шығып жатқаны белгісіз тамшылап тұрған суды көргенде тылсым құбылысқа еріксіз таңдай қағасыз.

Біз сапарымызда Қаңға баба, Кенті баба, Сұлтан үпі (Султан Хубби), Шақпақ ата жер асты мешіті, Қашаған жырау мазары, Тұран құдығы, Форт-Шевченко қаласындағы портты айлақтарды суретке түсірдік.

«Бір сурет мың сөзбен айтып жеткізе алмағанды ұғындара алады» деген тәмсілге сүйеніп, ауызбен айтып жеткізе алмаған әсерімізді суретпен оқырман назарына берсек деп ойлаймыз... Таң алдындағы Шерқала Рауандап атқан күн нұрына бөленген жолбарыс қала Шерқала Шерқала Шопан Ата Шопан Ата қорымындағы жер асты мешіт бөлмелері Шопан Ата басындағы тас астау Шопан Ата зияратындағы қылуеттер Қашаған жырау Ішкі көрінісі Шақпақ Ата жер асты мешітіне барар жол Шақпақ Ата жер асты мешіт-медресесі Шақпақ Ата Шақпақ Ата жер асты мешіт-медрсесіндегі жазулар (аят, хадистер) Шақпақ Ата қауымына қойылған Әнетұлы Қыдыршаның зияраты Кенті Баба Тастағы таңбалар Сұлтан Үпі жер асты мешіт-медресесі Сұлтан Үпі мешітіндегі таңғажайып әйкел, құдық Форт-Шевченко порты Каспий теңізі Тамшалы Тастан аққан тамшылар Сұлтан Үпі басында Жалған тау. Таңғы сурет. Бекет Ата Күйеу там. Бекет атаға барар жолдағы Шопан атаның күйеу баласына қойылған зиярат орны. Ақ мая. Бозащы түбегінде Тұран құдығындағы күннің батуы Алмас Мұқашұлы