Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, бұл көрмеге бір күнде келушілердің рекордтық көрсеткіші. Халықтың мұншалықты ағылуына Қытайда Күз ортасы мерекесіне орай берілген демалыстар мен жылы ауа райы сеп болып отыр.
Жабылуына 1 айдай ғана уақыт қалған бұл көрмеге келушілердің жалпы саны 56 миллионнан асып кетті. Аспанасты елінде Қытай Халық Республикасының құрылған күніне орай қазанның 1-7-сі аралығында болатын демалыс күндері көрмеге келушілердің саны бұл рекордтан да асуы мүмкін.
Шанхайда мамыр айында басталған ЭКСПО-2010 дүниежүзілік әмбебап көрмесі қазанның 31-іне дейін созылады. Оның жұмысына 200-ден астам ел, аймақтар және халықаралық ұйымдар қатысуда.
Көрмедегі Қазақстан павильоны да көпшіліктің ерекше назарын аударып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы аралықта Қазақстан павильонын бес миллионға жуық қонақ тамашалады.