АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Қытай павильонында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мен БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың қатысуымен бизнес форум болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Онда Қытай елімен серіктестіктің маңыздылығын атап көрсеткен А.Өтеғұлов алдағы уақытта тығыз байланыс орнатудың өңір экономикасының ілгерілеуіне септігін тигізетіндігін жеткізді. Соның ішінде 37 млн. халқы мен дамыған өнеркәсібі бар Фуцзянь провинциясы - экспортқа барынша көбірек өнім шығаруды көздейтін Батыс Қазақстан облысы үшін тиімді аймақ.
Кездесу барысында екі ел үшін тиімді жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланып, іскерлік қарым-қатынасты нығайту бағытында іс-шаралар қолға алынатын болып келісілді.
Дәл осындай кездесу кеше Малайзия елінің өкілдерімен де өткен болатын.
Айта кетейік, елордада өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысының күндері ертең мәреге жететін болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).