ЭКСПО-2017 көрмесінде қытай корпорациясы жел және күн энергиясын өңдеу технологиясын ұсынады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев SANY Group компаниясының штаб-пәтері мен өндіріс алаңында болып, корпорация басқармасының төрағасы Лян Вэньгэнмен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы тілшісі.

Өндіріс цехтарын аралау кезінде қазақстандық елші мұндағы өндіріс барысы мен жел электр станциялары генераторларының құрастырылуы және  корпорацияның қалыптасу тарихымен танысты.

Лян Вэньгэнь Маңғыстау және Алматы облыстарының аумағында жел электр станциялары мен көлік-логистикалық кешендер құрылысын салу, теңіз суын тұщыландыру зауыты мен Құрық портының инфрақұрылымы сынды жаңа жобаларды жүзеге асыруға және инвестиция салуға ниетті екендігін білдірді.

Ш.Нұрышев ҚР мен ҚХР арасындағы жоғары ынтымақтастық байланыстың деңгейін айта келе, «Жібек жолы экономикалық белдеуі» атты қытай бастамасының жүзеге асырылуы мен қалыптасуындағы Қазақстанның маңызды  ролін атап өтті.

Тараптар SANY Group компаниясы басқарма төрағасы Лян Вэньгэннің биылғы жылы Қазақстанға келуі жөнінде келісім жасасты.

ЭКСПО-2017 көрмесінде қытай корпорациясы жел және күн энергиясын өңдеу технологиясын көрсетеді.

Баламалы энергетика саласындағы бай тәжірибелерін ескере отырып, компания басшылығы шілде айының ортасында ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға қызығушылық танытты. Көрме барысында SANY Group компаниясы жел және күн энергиясын өңдеу бойынша өзінің жаңа әрі инновациялық технологияларын ұсынбақшы.