Франсис Етьеннің айтуынша, Франция батыс елдерінің ішінде бірінші болып, 1992 жылы 25 қаңтарда Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған мемлекет. 1992 жылдың қыркүйегінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парижге жасаған ең алғашқы ресми сапарында екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастың орнауы жайында хаттамаға қол қойған. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлары Франция Президенті Франсуа Миттеранның 1993 жылғы Қазақстанға іссапары кезінде талқыланған.
Елші сондай-ақ, саясат, экономика, мәдениет салаларында тығыз әрі мазмұнды ынтымақтастықтың орнауының 25 жылдық мерейтойы аясында Франция елшілігі биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінде көптеген мәдени-саяси іс-шараларды ұйымдастырғанын атап өтті. Бұл мәдени шаралардың легі 2016 жылдың маусым айында Генерал Шарль де Гольдың Байқоңырға сапарының 50 жылдығын атап өтумен басталып кеткен.
«Біз «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі павильонымыз үлгілілердің қатарына енсек дейміз. Біздің павильонға көрмеге келгендердің 16 проценті бас сұқты. Бұл - көрмеге келушілердің әрбір алтыншысы», - дейді Франсис Етьен.
Елшінің сөзіне сүйенсек, екі елдің Мемлекет басшылары, министрлер мен паралментарийлер арасындағы екіжақты саяси диалог қарқынды түрде дамып келеді. Тұрақты түрде үкіметаралық және ведомствоаралық ақыл-кеңестер ұйымдастырылады. Келесі үкіметаралық комиссия үстіміздегі жылдың 7 қыркүйегінде Астанада өткізілмек.