ЭКСПО-2017 көрмесінің гидтері шет тілдерін меңгерген кәсіби маман болуы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дейін аз уақыт қалды. Елордада қызмет көрсету саласының сапасын арттыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Қонақ үйлерді, мейрамханаларды дайындаумен қатар, шетелдік қонақтарды бізді мәдениетімізбен таныстыратын кәсіпқой гидтердің біліктілігін арттыруға да баса назар аударылады, деп хабарлайды қаланың ресми сайты.

«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС жобалар бөлімінің бас маманы Айнұр Жанәбілованың айтуынша, қазіргі кезде гид-экскурсоводтарды Астана қаласының Recommended by EXPO-2017 серіктестер бағдарламасына енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Гидтер де қонақ үйлер, қоғамдық тамақтану пунктері мен басқа да қызмет көрсету саласының кәсіпорындары секілді ұсынылады. Жақын арада бұл тізімге хостелдер мен көлік компаниялары енгізіледі.

«Қазіргі кезде гидтерге қойылатын талаптар әзірленуде. Олар мемлекет пен қала тарихын, көрікті жерлерді білетін, ағылшын және өзге тілдерді меңгерген кәсіби маман болуы тиіс. Біз қытай тілін оқытуға ерекше назар аударып отырмыз. Өйткені осы елден келетін қонақтар көп болады деп күтілуде. Бұдан басқа, туристке шараны қызықты өткізетіндер оның бойында әртістік қасиет болуы керек. Жалпы алғанда, қаламыздың келбеті, елорданың оң имиджін қалыптастыру тікелей соларға байланысты», - деді Айнұр Жанәбілова.

«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС өкілдерінің айтуынша, бүгінде жұмыс істеп жүрген гидтермен жекелеп, турфирмалар, мұражайлар негізінде кездесу өткіземіз. Тарих бұрмаланбауы тиіс, бұл өте маңызды, сондықтан кездесуге ғалымдар, өлкетанушылар, географтар да шақырылады. Олар қала туралы егжей-тегжейлі және толық ақпараттар береді. Өткізілетін іс-шаралардың мақсаты - өткен және қазіргі заманғы туристтің барлық талаптарына сай, қала туралы дұрыс және қызықты айтып бере алатын кәсіпқой мамандармен қамтамасыз ету.

Үміткерлерді іріктеу қатаң түрде жүргізіледі,сондықтан елордалық гидтер қайта оқып, біліктілікті арттыру курстарына белсенді қатысуда. Бұл ретте үздік гидтерге Астана туралы нақты мәліметтер мен деректер көрсетілген басылымдар беріледі.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық аясында өткен жылы елордалық әуежайда және теміржол вокзалында туристерге арналған ақпараттық дүңгіршектер ашылды. Онда бірінші болып іріктеуден өткен гидтер елордаға келген қонақтарды қарсы алып, оларға қажетті, соның ішінде орналасу, тамақтану орындары мен жол жүру туралы ақпаратты ұсынады.