«ЭКСПО-2017» нысандарының идеялар нобайын жасауға арналған байқауға әлемнің үздік 30 сәулетшісі қатысады - С.Ахметов

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» нысандарының идеялар нобайын жасауға арналған халықаралық байқауға әлемнің үздік 30 сәулетшісі қатысады. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов айтты.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы ақпан айының ортасында 125 гектар жер аумағының шеберлік жоспарына арналған халықаралық байқау өткізіп, аталған 125 гектар жерді толтыруға идеялар нобайын жасау үшін әлемнің үздік 30 сәулетшісі қатысатын халықаралық байқауды жария ететін болады», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, жазға таман байқау өткеннен кейін жобалау бойынша ауқымды жұмыстар жанданатын болады. Сондықтан да Қазақстан осы жылдың ішінде мердігерлік жұмыстарға арналған байқауды жария етуі тиіс. «Яғни бастапқыда дайындық жұмыстары жүргізілуі қажет. Бізде уақыт тым аз. 2014 жылы 3 жыл ғана қалады», - деді С.Ахметов.