ЭКСПО-2017: Шетелдіктер не дейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда француздың «Lonely Planet» саяхат журналы Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін аралап-көруге бес негізгі себептердің барын атап көрсетті. Басылымның жазғанындай, осы бес себеп көрмені аса маңызды, қызықты етуде.

Басылым атап айтқан бес себеп мыналар: бірегей көрме кеңістігі, жасыл энергетика саласындағы алдыңғы қатарлы жасалымдар, интерактивтілік, алуан түрлі мәдени-демалыс бағдарламасы және көрменің аумағы. «ЭКСПО-2017-нің аумағында технологиялар мен сәулеттік ансамбль тұтас бір әлемге біріктірілген»,- деп жазады журнал.

«Lonely Planet» мәдениет және саяхатқа арналған ғаламтор-журналы өзгеше қазақстандық жоба - тізеден бүгілген қалақшасы бар жел генераторын мысал ретінде көрсеткен. «Өзінің формасының ерекшелігінен (қалақша хоккей клюшкасының формасында жасалған және екі бөліктен тұрады) бұрамалар жиі-жиі айналады. Соның нәтижесінде бірнеше есеге көп энергия өндіріледі. Бұл ноу-хауға ұқсастық әлемде жоқ», - деп жазады француз журналы.

Сондай-ақ түріктің «Пусула», «Мемлекет» және «Стар» мәдени-ақпараттық журналдары да ЭКСПО-2017 тақырыбын назарынан тыс қалдырмаған. Аталған журналдар көрменің аясындағы аса бай мәдени-демалыс бағдарламасына жоғары баға беріпті. Осы басылымдар түрік туристеріне әлемдік жұлдыздар: Эрос Рамазоттидің, америкалық рок-топ Limp Bizkit-тің концертін, сондай-ақ Cirque du Soleil-дің арнайы бағдарламасын тамашалау мүмкіндігі барын әңгімелеген.

Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі оны аралаған әрбір адамға қызықты. Себебі, ол жерде әлі күнге дейін нарыққа шықпаған өнертабыстар, алуан түрлі эксперименттер қойылған. Жуырда көрмені аралаған итальяндық журналистер осындай ой-пікірлерімен бөлісті. Римдегі «Адженция Нова» ақпарат агенттігінің тілшісі Симоне Кантарини мен «Спэккьо экономико» экономикалық журналының директоры Джозетта Чуффа көрменің аса қызықты және пайдалы екенін айтып, жұртқа тезірек жақсыны көрмекке кеңес беріпті.

«Біздің ерекше назарымызды аударып, ұшан-теңіз әсерге бөлеген - «Нұр-Әлем» ұлттық павильоны. Бұл павильон Қазақстан энергетикасының тарихы мен оның келешегі туралы әңгімелейді. Әсіресе, көрмені өткізіп жатқан елдің энергияның жаңа формаларын (күн, жел және биомасса энергиясы) пайдалануы таң қалдырады. Таң қалған себебіміз, Қазақстан қазіргі таңда мұнай өндіретін әлемдегі ірі ел болса да, қайта қалпына келетін энергия мен жасыл экономика саласында көшбасшылыққа ие болғаны»,- дейді Симоне Кантарини.

Оның әріптесі Джозетта Чуффа да алыстан көз тартатын Қазақстан павильонының өте қызықты, әсем, қолжетімді екенін атап айтқан. «Астанадағы көрмеден алған әсеріміз керемет. Мысалы, Қазақстан павильоны тек әдемі ғана емес, сондай-ақ қолжетімді және әркімге түсінікті етіп жасалған. Көрменің тақырыбымен жақын таныс болмаған адамның өзі бұл жерден көптеген қызықты нәрселерді көре алады. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» деген сөз бар емес пе?!. ЭКСПО-ны және құлпырған Астананы міндетті түрде көріп қайтыңыздар. Менің ойымша, халықаралық көрме Қазақстанның елордасын, халқын танып-білуге жетелейтін тамаша мүмкіндік беруде»,- дейді Джозетте Чуффа.