ЭКСПО-дағы келісім: Испандар Қазақстанда емхана салады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Испандық «EUROFINSA S.A» компаниясы Астана мен Алматы қалаларында университеттік емханалар салып, соларды басқарады. Бүгін Испанияның ұлттық күні шеңберінде еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен «EUROFINSA S.A» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім бойынша, бір жылдың ішінде әлемдегі үздік деп танылған испандық технологиялар мен инновациялар Қазақстанға келеді.

«Шетел инвесторларына біз бірнеше жобаларды ұсындық. Соның ішінде, Астана мен Алматыда университеттік емханалар салу жобасы бар. Жалпы алғанда, шетелдік мамандарды медициналық мекемелерді бүгінгі заманғы стандартпен салу үшін шақырамыз. Ең бастысы, сол салынған нысандарды одан әрі басқару. Яғни, тиімді басқару, қызметкерлерді іріктеп алу, кадрлық құрам, трансферттік технологиялар мамандарының тұрақты түрде біліктілігін арттыру аса маңызды»,- деп түсіндірді келісімнің маңызын Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Алексей Цой.

Атап айтарлығы, испан мамандары емханалар салумен қатар, медициналық жабдықтарды да елімізге әкеледі. Алексей Цой «EUROFINSA S.A» компаниясының әртүрлі инфрақұрылымдық нысандарды басқару, соның ішінде денсаулық сақтау саласында жетекші компания екенін тілге тиек етті.

«EUROFINSA S.A» компаниясының аймақтық менеджері Игнасио Косановас екі жақты келісімге ризалығын білдіре отырып, Қазақстанмен санитария және медициналық мекемелер құрылысы саласында алдағы ынтымақтастықтың іргетасы қаланғанына тоқталды.

«Біз бұл құжат Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің жаңа негізін қалайды деп есептейміз. Біз қазақ жеріне өзіміздің озық технологияларымыз бен инновацияларымызды әкелдік. Денсаулық сақтау саласындағы үлкен тәжірибемізбен бөліскіміз келеді»,- деді ол өз сөзінде.

Аймақтық менеджердің айтуына қарағанда, соңғы бес жылда «EUROFINSA S.A» компаниясы 2 миллиардқа жуық АҚШ долларын инвестициялаған.

«Біз ақшаны қайда инвестициялаймыз десек те еріктіміз. Ол медицина, санитария және инфрақұрылым саласы болуы мүмкін. Ең бастысы, сол инвестиция салған елге жаңа бір инновация әкелетініміз анық. Қазіргі кезде дүние жүзінде 30-ға жуық жобаларымыз бар. Бүгінгі келісім Қазақстанмен арадағы тығыз ынтымақтастықтың бастауы боларына сенеміз. Біз бұған шын көңілімізбен ризамыз»,- деп мәлімдеді Игнасио Косановас.

ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Испанияның ұлттық күні аясында бірнеше меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі мен «EUROFINSA S.A» компаниясы арасында Алматы қаласындағы «С.Асфандияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті» РМК-нің жанындағы көп бейіндік аурухананы салу және пайдалануға беру» жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, тараптар: Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Испания Королдігі Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге; «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС-і мен «AirBus Defense and Spase» компаниясы арасындағы қолдау көрсету бойынша ынтымақтастық туралы келісімге; сондай-ақ, «СПК Астана» ҰК» АҚ-мен испандық «IMASA» компаниясы арасындағы Астана қаласындағы құрылыс модульдарын шығаратын зауытты салу жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.