Намысты қолдан бермейтін ел екендігіміз дүниежүзіне мәлім. Сол себепті «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық қарқынды түрде жүргізілуде. 93 күнге созылатын бұл мерекеде шетелдік шығармашылық ұжымдарымен бірге, республикамыздың алдыңғы қатарлы өнер өкілдері, спорт шеберлері мен талантты жастары мәдени және спорттық іс-шараларда өз өнерлерін көрсетеді. Көрме аясында 3,5 мыңға жуық іс-шара өткізілуі жоспарланған.
Елбасының тапсырмасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ, Астана қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрменің мәдени ойын-сауық іс-шараларының кешенді бағдарламасын жасады. Соңғы екі жыл бойы аталған кешенді бағдарламаны құрылымдау бойынша жұмыстың ірі көлемі жүзеге асырылды.
«ЭКСПО-2017» көрмесінің мәдени бағдарламасы Қазақстанның басты байлығы - көпұлтты халқының бірегей мәдениеті мен өнерінің жетістіктерін кеңінен және жан-жақты таныстыруды көздейді. Сол себепті аталған кешенді бағдарламада қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен дәстүрін ашатын шараларға ерекше көңіл бөлінген.
Көрме аясында өтетін барлық мәдени және спорттық шараларды https://expo2017culture.kz/kz сілтемесі арқылы өтіп, "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрменің мәдени-көріністік және спорттық іс-шаралардың КЕШЕНДІ БАҒДАРЛАМАСЫ"-нан табуға болады. Одан басқа, келушілердің ыңғайлығы мақсатында сайтта іс-шараларға билеттерді сатып алу жүйесін реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көрме барысында «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, елордамыз Астананың гүлденуі және көптеген мағызды тарихи даталар мен оқиғалар мәдени шаралар арқылы Астана қаласының барлық сахна алаңдарында көрсетілетін болады.
«Қазанат» ипподромының аймағында 2500 шаршы метр ауданда орналасатын «Этноауыл» этномәдени кешені қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін басты орталығына айналады. Этноауыл келішулерді қазақ халқының бай тарихымен, мәдениетімен, өнері және дәстүрлерімен таныстырып, келген қонақтың әрқайсысына көшпенділер өркениетінің этномәдени ортасын, өтіп кеткен ғасырлар атмосферасын мейлінше сезінуге үлкен мүмкіндік береді.
Жоғарыда сөз болған Кешенді бағдарлама аясындағы мәдени шаралар легі 10 және 11 маусым күндері «Абай» қазақ ұлттық операсымен ашылатынын ескерте кетейік. Әуезовтың либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы - Қазақстанның опера өнеріндегі ең үлкен жетістіктерінің бірі. «Абай» операсының тұсаукесері 1944 жылдың 24 желтоқсанында болып, 1958 жылы жаңа қойылымы өткен болатын.
«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында «Абай» операсының тұсаукесері 2015 жылдың 25 қыркүйегінде өткен болатын. Ол «Астана Опера» театрының шығармашылығында жаңа деңгей мен Қазақстан опера өнеріндегі жаңа кезеңнің символы болып табылады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «ЭКСПО-2017» көрмесінің Кешенді бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде әлемдік аренада Қазақстанның оң имиджі қалыптасып, еліміздің ұлттық мәдениеті мен дәстүрі халықаралық деңгейде насихатталмақ.