және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының нәтижелері туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы -Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев айтып берді.
- Қанат Бекмырзаұлы, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы аяқталып келеді. Қазақстанның осы лауазымдағы жұмысын әлемдік қоғамдастық қалай бағалауда?
- Ең алдымен мынаны айтып өткім келеді: ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің осы мәртебелі халықаралық ұйымға Қазақстанды төраға етіп сайлау туралы бірауыздан қабылдаған шешімі тәуелсіздігіміздің азғантай жылдары ішінде біздің Тұңғыш Президентіміз, Жалпыұлттық көшбасшымыз - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тамаша басшылығымен қол жеткізілген таңқаларлық табыстарымыздың айқын мойындалғанының және жоғары бағалағанының көрінісі болды. Қазақстан осы жылдар ішінде КСРО құрамындағы ешкімге беймәлім республикадан экономикалық жағынан мықты, демократиялық дамыған мемлекетке, сонымен қатар өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып отырған ел ретінде халықаралық қоғамдастықтың сенімді және құрметті әріптесіне айналды.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасау біз үшін - әрі жоғары мәртебе, әрі асқан жауапкершілік. Сондықтан да Қазақстан Президенті осы жылдың 14 қаңтарында өткен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің инаугурациялық мәжілісінде Ұйымның қатысушы-мемлекеттеріне арнаған тарихи бейнеүндеуінде қазақстандық төрағалықтың негізгі мақсаттары мен басымдықтарын баяндап берді.
Төрағалығымыздың бастапқы кезінде біздің мүмкіндіктерімізге шүбә келтіргендер де болды, бірақ «жаңа мемлекет Ұйымның қызметіне тың серпін беруі ықтимал» деп үміт артқандар да аз болған жоқ.
Ашығын айту керек, ЕҚЫҰ соңғы жылдары күрделі жағдайларды басынан өткеріп келеді. Елбасымыз нақтылап берген қағида бойынша Іс басындағы төраға ретінде Қазақстан барлық мемлекеттердің мүддесін ескере отырып, барлық мемлекеттермен қоян-қолтық жұмыс істеді, осы кезең ішінде Венадан шығыста және және батыста жатқан елдер арасындағы қайшылықтарды шешуге тырысты. Бүгінде, төрағалықтың 10 айы өткеннен кейін, ЕҚЫҰ елдерінің саяси элитасы және халықаралық сарапшылар қоғамдастығы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ-дағы саяси басшылығының тиімділігі мен сындарлылығына жоғары баға беріп отырғанынбіз мақтаныш сезіммен және нық сеніммен айта аламыз.
- Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаған кезеңде қандай маңызды жұмыстарды тындырды?
- ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және үшіншісі - «адами өлшем» қоржындарына қазақстандық төрағалық өте тың серпін берді. Біздің төрағалығымыздың уақытында осы үш өлшем бойынша аса маңызды қадамдар жасалды, өте салмақты іс-шаралар өткізілді. Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде мен іс жүзінде бүкіл шиеленіскен аймақтарда болдым. ЕҚЫҰ аясында бірқатар маңызды конференциялар ұйымдастырылды, олардың кейбірі Қазақстанда аумағында өтті. Сондай маңызды шаралардың бірі - толеранттылық пен кемсітпеушілік мәселесіне арналған жоғары деңгейдегі конференция болды. Онда Қазақстан 140 ұлт пен 46-дан астам конфессияның өкілдері тұрып жатқан еліміздің бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы бірегей тәжірибесін әлемдік қоғамдастықтың назарына ұсынды.
Қазір бұл тәжірибегеәлем елдері оң қабақ танытып, жылы қабылдап жатыр. Атап өту керек, ұлттық, діни белгілері бойынша толеранттылық пен кесітпеушілік мәселесі тұрмыстары жақсы деп есептелінетін Еуропа елдерінде аса өзекті проблема болып табылады. Мен Дания, Швейцария, Франция және басқа да елдерде болған оқиғаларды айтып отырмын. Көші-қон үдерістерінің нәтижесінде аталмыш елдердегі ұлттық ландшафт айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Сондықтан да Қазақстан өзінің тәлімді тәжірибесін бетке ұстай отырып, бүгінде әлемге, соның ішінде ішінде ЕҚЫҰ елдеріне өзі жүріп өткен жолды ұсына алады.
Жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан халқының бірлігі күн өткен сайын нығайып келе жатқанын көрсетті, бұл Тұңғыш Президентіміздің тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап біздің көпұлтты елдегі бейбітшілік пен келісімді көздің қарашығындай сақтаудағы қызметінің басты нәтижелерінің бірі. Бірлік - біздің игілікті өміріміздің және Қазақстанның келешектегі дәйекті дамуының іргетасы. Біздің Президентіміз арадағы 11 жылдық үзілістен кейін, алдағы 1-2 желтоқсан күндері Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу туралы Ұйымға мүше 56 мемлекетті ымыраға келтіре алды, бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты және тиімді төрағалық еткендігінің жарқын мысалы.
- ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың 14 қаңтарында ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мүшелеріне арнаған үндеуінде төрағалықтың басты басымдығы - ЕҚЫҰ Саммитін өткізу екендігін айтқан еді. Бүгінде бұл бастама жүзеге асырылуда деп айтуға әбден болады. Сіздің ойыңызша, 11 жылғы үзілістен кейін Саммитті өткізу туралы шешімді қабылдауға не түрткі болды?
- Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев - біздің халқымыздың жалпыұлттық көшбасшысы. Қазір Н. Назарбаев ең беделді, құрметті әлемдік көшбасшылардың қатарына кіреді. Өйткені Елбасымыз Қазақстан Республикасының әлем картасында тәуелсіз мемлекет ретінде пайда болған сәтінен бастап, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге лайықты үлес қосуда тынбай еңбектеніп келеді.
Елбасы ең алдымен Невададағы полигоннан кейінгі ең ірісі болып табылатын - Семей ядролық полигонын жабу туралы көреген әрі тарихи батыл шешім қабылдады. Одан кейін әлемдегі әлеуеті жағынан төртінші ядролық қарудан Қазақстан өз еркімен бас тартатыны туралы шешімі өмірге келді. Осының арқасында Нұрсұлтан Назарбаев әлемге тәуелсіз Қазақстанды сенімді, адал әріптес ретінде, негізгі құндылықтарды бөлісетін, өз шаңырағында, жалпы бүкіл жер бетінде бейбітшілік болуын қалайтын, соған ұмтылатын мемлекет ретінде танытты. Бұл бізге бірінші күннен-ақ Қазақстанның дәйекті дамуы үшін қолайлы сыртқы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазіргі таңда әлемдегі ең танымал әрі сыйлы басшылардың бірі болып саналады, біздің елімізде тұрып жатқан барлық ұлттар мен конфессиялар өкілдерінің теңдігін қамтамасыз ету бағытында Президентіміздің жүргізіп жатқан саясатының арқасында Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің көпшілігінде болған ұлтаралық және дінаралық кикілжіңдерге жол берген жоқ. Бұл, мен жаңа атап өткендей, біздің бірлігіміздің мықты іргетасы бола алады.
Қаржылық-экономикалық дағдарыс кезеңінде Президентіміз әлемдік көшбасшылардың ішінен алғашқылардың бірі болып халықаралық экономикалық жүйенің қазіргі жағдайы мен қызметіне қатысты мәселелерді көтерді. Президент қолданыстағы халықаралық валюта жүйесі механизмдерінің шығындылығын, оның қазіргі заманның талабына сай еместігін атап өтті. Және елдер арасында еңбек пен өнімдерді бөлудің әділетті механизмдеріне, нақты өнімнің нақты сұраныстарға және әлемдік экономикадағы ақша массасаның нақты айналымына сәйкестігіне негізделуі тиіс әлемнің дағдарыстан кейінгі дамуына қатысты өзінің стратегиялық көзқарасын білдірді. Оның көпшілікке танымал мақалаларында ұсынылған өте маңызды, аса терең ғылыми-экономикалық ұсыныстары әлемде айтарлықтай сұранысқа ие болды. Қазіргі таңда бірқатар мәртебелі экономикалық сараптамалық құрылымдардың салмақты зерттеулері солардың негізінде жүргізілуде. Бұл тұста да Нұрсұлтан Әбішұлы өзін тек Мемлекет басшысы ретінде ғана емес, сонымен бірге көзқарасымен әлемде санасатын ірі сараптамашы, экономист ретінде көрсетті. Біз тіпті 2009 жылды экономикалық өсіммен аяқтадық. Сол күрделі жылдарда Президент біздің экономикамыздың әлеуметтік бағдарын қысқартқан жоқ, керісінше, 2008-2009 жылдары өз халқының алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындады. Бұл жылдарда уәде етілгеніндей жалақы, зейнетақы көбейтілді, халықтың әлсіз тобына үстемақылар қосылды.
Бүгінде, 9 айдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның экономикасы тұрақты өсімін көрсетіп отыр - ІЖӨ өсімі 7,5 пайызды құрады. Сондықтан да біз қазір Қазақстан экономикалық жағынан мықты, демократиялық дамыған мемлекет ретінде аяғынан нық тұрып қана қоймай, дүниежүзіндегі сыйлы өңірлік державаға айналғанын мақтанышпен айта аламыз.
- Президент Н.Назарбаев ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздіктің өзекті проблемалары, Ауғанстандағы жағдай мен толеранттылық мәселелері Саммитті мазмұндық тұрғыдан толықтыра алатынын атап өткен еді. Саммиттің күн тәртібіне тағы қандай мәселелер енгізілуі мүмкін?
- Менің ойымша, алдағы Саммит халықаралық деңгейдегі тарихи оқиға болады, сонымен қатар ол сөз жоқ, Қазақстанның келешектегі дамуының жаңа кезеңі болмақ. Саммиттен кейін біз басқа елге айналамыз. Ал 11 жылдық үзілістен кейін, дәл біздің елордамызда, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер көшбасшыларының Саммитінде саяси құжаттардың қабылдануы - біздің мемлекетіміздің басшысының есімін, жаңа елордамыздың атын әлемдік тарихта мәңгіге қалдырады.
Қазіргі таңда біз Астаналық саммитттің күн тәртібін жасауды аяқтап қалдық. Қорытынды саяси құжат - Астана декларациясына енетін нақты тақырыптан іс жүзінде күн сайын келісіліп жатыр. Әрине, күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелердің бірі - Ауғанстан проблемасы, өкінішке орай тағы бір проблема туындады, ол - көршіміз Қырғызстандағы жағдай. Бұл тақырыптар Ұйымның бірінші қоржыны - әскер-саяси өлшемге енеді.
Екіншісі - экономикалық-экологиялық қоржын, бұл мен жоғарыда айтып өткен мәселелерді, яғни әлемнің экономикалық жүйесін дағдарыстан кейінгі қайта құруды қамтиды. Сонымен қатар үшінші қоржынның мәселелері де өте маңызды. Олар - толеранттылық, ұлтаралық, дінаралық келісім және адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге мүдделілік. Бұлар Ұйымға қатысушы елдердің барлығының және олардың басшыларының тарапынан ешқандай да қарсылық тудырмайтын көкейкесті дүниелер.
Біздің Президентіміздің стратегиялық көзқарасы бойынша, ЕҚЫҰ қызметіне жаңа серпін беру - Саммиттің мақсаты болуы тиіс. Мемлекет басшылары осы тарихи кездесуде 35 жыл бұрын Хельсинки қорытынды актісінде Ұйымның негізіне енгізілген және біздің барлығымыз құп көретін ортақ құндылықтар мен қағидаттар негізінде ауқымды Еуроатлатикалық және Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздіктің шынайы қоғамдастығының құрылуына серпіліс берулері тиіс. Менің ойымша, бұл - биік мақсат және оны бағындыруға болады.
- Саммитке дайындық барысы туралы айтып берсеңіз.
-Біз жоғары деңгейдегі осы тарихи кездесуге дайындық аясында қызу жұмыс жасап жатырмыз. Мұндай шара тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Венадан шығыста орналасқан мемлекетте - бұрынғы кеңестік кеңістікте тұңғыш рет өткізілгелі отыр. Біз бұл Саммитті жақсылап ұйымдастырып, мағыналы-мазмұнды деңгейде өткізуді көздеп отырмыз. Бұлай болатындығына сенімдіміз. Өйткені Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының алғашқы күнінен бастап Президент осы жұмыспен үздіксіз әрі тыңғылықты айналысып келеді. Менің ойымша, бұндай қажырлы еңбек Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің табысты өтуінің кепілі бола алады.
- Әңгімеңізге рахмет!