ЕҚЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің Астана Саммитіне қатысуға келісім беруі Қазақстанның Ұйым төрағалығындағы нәтижелі жұмысының көрінісі- Мәжіліс депутаты М.Әбенов

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан 2010 жылы саяси тұрғыда алғанда ішкі және сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге жетті. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі тәуелсіздік алған кезден бергі елдің демократиялық жолдағы атқарған қызметінің жемісі екені анық. Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу - мемлекетіміздің әлем алдында үлкен абыройға бөленуі.

Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Төменгі палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі ұстанымдары жайлы ойларын ортаға салды.

- Мұрат Әбдуламитұлы, Қазақстан биыл әлемдегі беделді ұйым - ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отыр. Сіз еліміздің экономикалық-саяси жағдайын жақсы білесіз. Ал мемлекетіміздің ЕҚЫҰ-ға жетекшілік жасауы Қазақстанның үстіміздегі жылы дүние жүзіне тереңірек танылуына, әлемдік қоғамдастықтағы рөлінің артуына қаншалықты ықпал етті деп ойлайсыз?

- Үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз, соның аясында Алматы мен Астана қалаларында бірнеше халықаралық конференциялар өткізуіміз, Санкт-Петербор шаһарында да ТМД Парламентаралық Ассамблеясымен бірлесе отырып, «ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында парламентшілердің халықаралық форумын ұйымдастыруымыз әлемдік өлшеммен қарағанда ауқымды істердің атқарылғанын көрсетеді. Біздің елге берілген абыройлы миссия Қазақстанның халықаралық деңгейде беделін көтереді. Ол, әрине, жоқ жерден, аспаннан түсе қалған олжа емес. Осындай сенім мен беделге біз егемендік алғаннан бергі жасаған игі істеріміздің нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз.

Сонымен қатар бұл мәселеге терең үңілсек, ата-бабаларымыздан қалған тарихи-рухани мұрамыз, салт-дәтүріміз бар. Қазақ халқы бір жерде шоғарланып өмір сүрген жоқ, етек-жеңін кеңге жайып, жан-жағымен ынтымақтастық байланыс жасай білген ел. Ел басқарған хандары да, билері де батырлары да көрші елдермен қарым-қатынасын үзбеген. «Атың барда ел таны, желіп жүріп» деп бекер айтпаған. Міне, біздің халықтың осындай жылдар бойы қалыптасқан мінез-құлқы бар. Көңіліміздің ашықтығы, өзге жұртпен байланыс жасауға дайын екендігіміз, біреумен жауласуға емес, достасуға жақын тұратынымыз - халықтық қасиетіміз. Біздің халық ұрпағына «Таспен атқанды аспен ат» деген сөз қалдырған. Қазақ халқының осындай философиясы егемендік алғаннан кейін де жалғасын тауып келе жатыр. Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен түсініспеушілігі болған емес. Немесе азаматтардың арасында да қақтығыстар орын алған жоқ.

Қазақ халқының ұстанымы, мінез-құлқы біздің қазіргі саясатымызда да байқалып тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та көп жағдайда халқымыздың жақсы дәстүрлерін ұстана отырып, қадам жасайды. Айталық, оны кейбір даулы мәселеге келіп қалған елдерді бітімгершілікке шақырғанда, түйінді мәселелерді шешкенде анық көріп жүрміз.

- Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделінің өсуін немен түсіндірер едіңіз?

- Тәуелсіздік алған соң еліміз шетелдермен ынтымақтастық келісімге келді, халықаралық ұйымдарға мүше болып енді.

Президент өзге елдердің басшыларымен келіссөздер жүргізген кезде де халық даналығына арқа сүйейді. Соның арқасында Қазақстан 150-ден астам мемлекетпен, ондаған халықаралық ұйымдармен байланыс жасап отыр.

Халықаралық ұйымдарға тек қана мүше болумен шектелмей, Қазақстан өз орнын иеленіп, пайымды пікірі мен ұстанымдарын тыңдата біліп, өміршең бастамаларымен мойындата алды. Сөйтіп, бірте-бірте сенімге ие болып, беделді мүше болудан бастап, Төрағалық ету мәртебесіне дейін көтерілдік. Қазақстанның бұған дейін көптеген бастамалары БҰҰ, ЕҚЫҰ тарапынан қолдау тапты. Бүгінгі таңда ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК және басқа да халықаралық ұйымдарда Қазақстанның белсенділігі өте жоғары. Қазақстан - аталған ұйымдарды алға жетелейтін ұсыныстарды айтатын, бастама көтеретін мемлекет. Бұл - біздің Елбасымыздың көрегенді саясаты. Ішкі саясатымызды жөнге келтірмей тұрып, шетелмен байланыс орната алмайтынымыз анық. Сол секілді сыртқы саясатымызды дұрыстап алмай, ішкі жағдайды толық реттеп алу да қиын.

Ішкі саясатымызды жүргізгенде біз «бірінші экономика, содан кейін саясат» деген қағидаға сүйендік. Экономикасын жөнге келтіре алмаған елдің саясаты да солқылдақ болады. Оны кейбір елдердің мысалынан көріп жүрміз.

Көп жағдайда экономикалық мәселелерді орынды шешуге баса көңіл бөлінсе, содан барып келетін жетістігіміз саяси өзгерістер жасауға, оң қадам басуға өз ықпалын тигізеді.

Басқа қағиданы ұстанған елдерді де көрдік. «Алдымен - саясат, сосын - экономика» деген ұстаным айтарлықтай тиімді бола қоймайды. Ұраншылдыққа алып келіп, ақыр соңында мемлекеттің дамуына зиян келтіретінін байқап отырмыз. Немесе сыртқы саясатты «жауып» қойып, шекарасын мықтап қымтап алып, тек «өзіммен-өзім дамимын» деп өзінің ішкі проблемаларымен айналысатын елдер де бар.

Сондай-ақ көршілес бір ел өзіне әлі сәйкес келмейтін саяси өзгерістерге, демократиялық ұстанымдарға бой алдырып, жаңа басқару тәсілдерін енгіземін деп, «артық қыламын деп тыртық қылған» жайы бар.

Жаңа ғасыр талабын ұғына білген жөн деп ойлаймын. Сондықтан ішкі және сыртқы саясатты реттеп отырған дұрыс, қашанда «тізгіннің басын тең ұстаған» абзал.

- Беделді халықаралық ұйымның қарастыратын мәселелері жөнінде қандай пікір айтасыз?

- ЕҚЫҰ-ның мақсаты - айқын. Қауіпсіздікті қорғау, экономикалық-экологиялық жағдайға баса көңіл аудару, адам құқықтарын сақтау, гуманитарлық қолдау секілді маңызды қызметтерді атқарып келеді.

Алдағы уақытта барлық елге демократиялық дамудың бір жақты қағидаларын тықпалай бермей, әр елдің конституциялық заңдарын, негізгі ұлттың мінез-құлқын, салт-дәстүрін ескере отырып, ұсыныс жасалуы қажет екеніне бәрінің көздері жеткендей болды. Біз әр азаматтың өмір сүру сапасына, білім деңгейіне, денсаулық сақтау саласына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Адами құндылықтарды заман ағымынан қалмай бірге көтеру өте маңызды болмақ. Сонда ғана демократиялық даму мен адамдардың өмір сүру сапасы бір-бірімен тікелей байланысты болмақ. Егер адамдардың өмір сүру сапасы төмен болып, демократиялық талаптар алға кетіп қалса, онда екі арада қайшылықтар туындайтынын біз байқап отырмыз. Қоғамның іргетасын қаламай тұрып, үлкен дуалы мен шатырын салып қоюға ұсыныс жасау, қайшылықтарға алып баратыны анық.

Қазір туындап отырған проблемалар бар. Есірткі саудасы, нашақорлардың саны артуы әлемді алаңдатуда. Жаңа заманның озық техникасының бірі компьютер болса, барлық құжаттар электронды жүргізіле бастаған соң, компьютер арқылы қылмыс жасаушылар әр елде қылаң беруде. Көптеген мемлекетті көші-қон, ұлтаралық қатынастар толғандырып отыр. Қазір Еуропада және әлемнің әр бұрышында болып жатқан проблемалар әлі де күн тәртібіне шығарылатын мәселелер бар екенін және соны бірге шешуіміз керектігін көрсетеді.

- ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ету кезінде Іс басындағы төраға - Қазақстанның баса көңіл бөлген мәселелерін бір саралап өтсеңіз?

- Қазақстан өз қызметін бірінші кезекте бұрыннан келе жатқан қақтығыстарды, кейбір мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді шешуге бағыттады. Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ шиленісінің, Приднестровье мәселесінің, Қырғызстандағы саяси қақтығыстардың оң шешім табуына атсалысты. Экономикалық өлшем бойынша бірнеше тақырыптарды көтерді. Экологиялық мәселелер күн тәртібіне шығарылды. Сонымен қатар біздің елге қатысты айтар болсақ, Арал мәселесі қозғалды. Сондай-ақ адамның өмір сүру сапасы бойынша өз ұстанымдарын жария етті. Сондықтан ЕҚЫҰ-ның үш өлшемін қатар алып келе жатқан Қазақстан ұйымның жұмысын біраз жандандыра түсті. Өзінің тәуелсіздік алған кезден бергі қалыптасқан тәжірибесіндегі оң бастамаларды үлгі ретінде ұсына білді. Соның бір мысалы ретінде ұлттар достығын нығайта түскен құрылым деп Қазақстан халқы Ассамблеясын айта аламын. Оның қызметіне қызығушылық танытушылар өте көп.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның бірінші өлшемі бойынша кейбір елдерде болған қақтығыстардың одан әрі ұласып кетуіне жол бермеу, алдын алу шараларын қарастырды. Қырғызстанда қақтығыстар болған кезде Қазақстан саяси мәселені шеше алатын, өзінің көзқарасы бар, саясатпен айналыса білетіндігін көрсетті. АҚШ, Қазақстан, Ресей Президенттері бірге ақылдаса отырып, Қырғызстанда азаматтық соғыстың тұтанып кетпеуінің алдын алды. Сонымен қатар экономикалық жағынан еңсесін түзеп алуы үшін де қырғыз еліне Қазақстан көп көмек берді.

- Санаулы күндерден соң Астана Саммитінің сағаты соғылады. Осы ғаламдық басқосу туралы ойыңыз?

- 1-2 желтоқсанда өткелі тұрған Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің маңызы айрықша. Өйткені мұндай бас қосу 11 жыл бойы өткен жоқ. Саммиттің күн тәртібіне өзекті тақырыптарды қойып отыр. Бұл жерде күн тәртібіне келісетін 56 мемлекеттің бәрі бірдей. Бірақ талқыға салынатын құжаттарды дайындайтын, ұсыныстар жасайтын төрағалық етіп отырған мемлекет. Сондықтан біздің көп мүмкіндігіміз бар. Ұйымға мүше барлық мемлекеттердің осындай Саммитке келуге келісім беруі де тек қана Қазақстанның беделі және осы ұйымға төрағалық жасаудағы жақсы нәтижесінің көрінісі. Сондай-ақ бұл елімізге берілген халықаралық деңгейдегі жоғары баға деп есептеймін.

Бүгінгі қоғамда күрделеніп қалған мәселелер өте көп. Адамзат баласын толғандырып отырған мәселелердің ең негізгілері Астана Саммитінде талқыға салынады деп ойлаймын. Қазақстанның осы күнге дейінгі халықаралық қарым-қатынастағы жинаған тәжірибесі, беделі Саммиттің жақсы өтуіне өз нәтижесін беруі тиіс. 1975 жылы аталған ұйымның қызметі Хельсинкиден басталғаны белгілі. Қазіргі кезде «Хельсинкиден Астанаға дейін» деген ұғым пайда болды. Себебі көптеген мемлекеттер оң өзгерістер болады деп Астанада өтетін Саммитке үлкен үміт артып отыр. Сонымен қатар Қазақстан бұрынғы Кеңес одағының құрамынан шыққан елдер де тек қана ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп қоймай, Саммитті де өткізе алатынын дәлелдеп береді деген сенім жүктеліп отыр. Және де Саммитте тек Еуропалық қауіпсіздік емес, Еуразиялық қауіпсіздікті айту мүмкіндігіне ие болып тұр. Бір ғана Еуропаны бөлек қауіпсіз ету қиын, Азияның және басқа да құрлықтардың бір мемлекетінде қақтығыстар туындаса, басқаларға да әсер ететініне көзіміз жетті. Жаһандану процесі кезінде, жалпы интеграциялық байланыстар күшейген тұста бір мемлекеттің жеке дара бөлек болып қалуы мүмкін емес. Сондықтан соңғы жылдары ЕҚЫҰ-ның көзқарасы да, ықпал ету аумағы да ұлғайып келеді.

- Рахмет әңгімеңізге!