Бұны ең алдымен Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы беделінің, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық жасай білгендігінің мойындалуы деп ұққанымыз жөн. Осы орайда еліміздің ЕҚЫҰ-ға жетекшілігі жайлы ойын, сондай-ақ Астана Саммитінің төңірегіндегі пікірін білу үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылмен сұхбаттасқан едік.
-Алдан Зейноллаұлы! Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының шарықтау нүктесі әлі алда болғанымен, жыл басынан бері бірталай шаруаның басы қайырылды. Сіз Қазақстанның Ұйымға төрағалығын қалай бағалайсыз?
-Қазақстан ширек ғасырдан аз уақытта елдіктің де, ерліктің де қандай болатынын сан мәрте көрсетті. Тәуелсіздіктен бері бірнеше аймақтық салмақты ұйымдарға - ТМД-ға, ШЫҰ-ға, ЕурАзЭқ пен АӨСШК-ге төрағалық етіп үлгердік. Енді міне 56 елді біріктірген ЕҚЫҰ-ны табысты басқарудамыз. Қазақстан - кешегі Кеңестік республикалар мен Азияда мұндай жоғары сенімге алғаш ие болған мемлекет Меніңше, Қазақстан төраға болардың алдында ЕҚЫҰ-ның қызметі бәсеңсіп, беделі түсіңкіреп бара жатқандай секілді еді. Бұндай тұжырымды халықаралық сарапшылар да, баспасөз өкілдері де айтып жүр, әр деңгейде өткізіліп жатқан халықаралық конференциялар да айтылып жатыр. Шын мәнісінде Қазақстанның төрағалығына дейін, әлемнің түкпір-түкпірінде толып жатқан шиеленістер болып тұрды. Ирак мәселесін алып қарасаңыз - ұзақ уақыт шиеленіскен бұл өңірде әлі де тыныштық лебі сезілмейді. АҚШ президенті әскерін ықшамдап әкету жөнінде ойланғанымен, бейбіт халықтың құрбан болып жатқандығы туралы оқиғалар толастаған емес. Екінші бір отты нүкте Ауғанстан болса, талибанның лаңкестік қимылдары әлі күнге доғарылмай отыр. Иран мен АҚШ арасындағы текетірес те сол деңгейде сақталуда. Мұндай шиеленістерді айтпағанда, жер жаһандағы демократиялық өзгерістерді немесе әр тұстағы халықтың әл ауқатын, тұрмысын алып қарасаңыз - адамзаттың дамуы да құлдырауы да екі жаққа бірдей өсіп бара жатқан сыңайы бар. Бұның барлығын жиып келіп, «ЕҚЫҰ әрбір мәселеге өз ықпалын тигізуі шарт еді, сондайлық ушыққан қақтығыстарды түбегейлі шешпегенімен, белгілі бір деңгейде ықпал ету тетіктерін көрсетіп отыруы шарт еді», деп ойлаймын.
Ал Қазақстан жетекшілікке келгеннен соң ондай қордалана түскен мәселелердің біршамасында келісімдер жүргізілді. Көптеген қақтығыстық проблемалардағы екіжақты, үшжақты халықаралық келіссөздердің бойына қан жүгірді. Бұлардың арасына дауы талай жылдарға созылған Таулы Қарабақ мәселесін, Қырғыз мәселесін, Ауған мәселесін жатқызуға болады. Әсіресе, Ауған мәселесінде ондағы жергілікті қақтығыстарды тоқтату үшін ең алдымен тұрғылықты халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру жөнінде Қазақстан батыл бастама жасады. Бұл барлық деңгейде қолдау тапқан шараға ұласты. Әлгі бастаманы ту етіп шыққан Қазақстан оны өзі бастап жүргізіп, сол елге нақты рухани да, гуманитарлық та, экономикалық та көмек қолын алғашқылардың бірі ретінде соза бастағаны анық. Әрине, бұған дейін бұндай көмек болмады емес, болды. Бірақ ондай көмектердің әртүрлі мақсатта жүргізілгені анық. Ал Қазақстан осы елдегі тұрақтылықты ең алдымен Ауғанстан экономикасын көтеру арқылы жасау керектігін алға тартып отыр. Бұл ретте таратып айтар болсақ, қаржылай көмекпен қатар ауған жастарына елімізде білім беру мәселесі құпталды. Бұны Қазақстанның төрағалығындағы нақтылы шара деп атауға болады әрі мұндай мысалдар жеткілікті де.
- Қазақстан төрағалығы тұсында Қырғыз мәселесінің бұрқ ете қалуын да Ұйым жетекшілігіндегі еліміз үшін үлкен сынақ болды десек жарайтын шығар. Бұл сыннан Қазақстан қалай өтті деп ойлайсыз?
- Қырғыз жағдайына Қазақстан дер кезінде араласпағанда, көрші елдегі шиеленіс одан әрі өршуі де мүмкін еді. Көптеген сарапшылар Қырғызстандағы оқиға ушыққанда ол елді екінші Ауғанстанға теңеп, мемлекеттің құрдымға кететіні туралы болжам жасағаны да соның айғағы. Бірақ бір жағынан бауырлас, екінші жағынан ЕҚЫҰ тізгінін ұстап тұрған Қазақстанның Қырғызстандағы тұрақтылықты сақтаудағы рөлін әлемдік қауымдастық мойындап, жоғары бағалап отыр. Бұнда ЕҚЫҰ төрағасы мәселенің бәрін дипломатиялық, араағйындық жолмен реттеуге күш салды, сөйтіп дүлейлікке бой алдырып, ұрыс салуға дайын тұрған неше түрлі топтармен келіссөздерді сауатты жүргізді. Тіпті кейбір саясаткерлер ЕҚЫҰ төрағалығында Қазақстан емес, басқа мемлекет болғанда жағдайдың оңай болмайтындығы туралы болжамдарды да келтіріп жатыр. ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстанның ондағы уақытша үкіметпен, оппозициялық күшпен, қарапайым халықпен тығыз жұмыс істегені, ЕҚЫҰ өкілдері ретінде қырғызға түрі де, тілі де етене таныс қазақ ұлты өкілдерінің жүргені, олардың әрбір істегі арағайындық әрекеттері шынында да Қырғыз мәселесін ушықтырған жоқ. Соның нәтижесінде ыдырап кетуі қаупі туған Қырғызстан біртіндеп мемлекеттілік қалпына еніп жатыр. Парламент сайлауын өткізіп, елдегі бейбіт өмірді қамтамасыз етудің көрінісін де көрсетіп келеді. Бұл да төрағалық үшін басты жетістік.
- Алдағы Астана Саммиті туралы не айтасыз?
- Рас, ЕҚЫҰ тарихындағы ұйым қызметінің «ауыз толтырып» айтатын үлкен жетістіктері бар ғой. Сарапшылар оның басқасын ысырып қойып, негізгі екеуін баса айтады. Оның бірі - Канадада қырғи-қабақ соғысты тоқтату жөніндегі келісім. Одан кейін осыдан 10 жыл бұрын қол қойылған Париж хартиясы. Сол жылы Франция астанасында ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Еуропадағы аумақтық тұтастық ұстанымын құрметтеу жөніндегі Декларацияға қол қойды. Бұның аясында қару-жарақтарды шектеуге қатысты мәміле жасалды. Яғни, бұған дейінгі ЕҚЫҰ негізгі бағындырған биігі ретінде ең алдымен ауызға алынатындары осы.
Ал заман да, мемлектетер де осы өткен он жыл ішінде адам танымастай өзгерді. Қазір адамзаттың құндылықтарға да көзқарас басқаша. Режимдік идеологиялардан арылған ғалам ортақ түсінікпен тұтасуды қалап келеді. Заман ағымымен саяси жағдайлар ауысып, көптеген жас, тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Жалпы әлемдегі мәдениеттер, өркениеттер алмасуы әлі де жүріп жатыр. Оның үстіне халықтардың араласуы бұрынғыдан да күшейіп келеді. Ендігі күні адамзат алдында жаңа проблемалар, мемлекеттер алдында жаңа қатерлер пайда болды. Мәселен, әлемдік деңгейде босқындар мәселесі өте өткір тұр. Өйткені бір ел дамуы жағынан қатты ілгері кетсе, екінші бір мемлекет сол бұрынғы деңгейде қалып, бір орнында тапталып тұр. Тіпті басқаны қойып, ТМД елдерінің өзінен бұл көрініске мысал таба аламыз. Босқындардың мәселесі өзекті бола түсуіне орай, Қазақстан да арнайы заң қабылдауға мәжбүр болды. Бұл халықаралық шешімін күтетін үлкен мәселе. Екінші жағдай, қазір діни миссионерлік қызмет көбейіп отыр. Бірқатар жерлерде қақтығыстардың өршуі діни наным-сенімнің үйлеспеуінен туындап отыр. Бұл да кезек күттірмей шешімдер қабылдауды қажет ететін мәселе.
Осының бәрі жинақтала келе Астана Саммитінің әлемдік маңызын арттыра түседі. Өйткені, біршама жылдар бойы ұйысып қалған адамзаттық проблемаларды реттеуді әлемнің көптеген дамыған елдерінің басын қосып жүзеге асыру, сондай-ақ осыған ортақ үнқатысу үшін Астана Саммиті секілді айтулы басқосу әуелден-ақ сұранып тұрған. Қазақстан өз төрағалығында бұны да жөнімен көтеріп отыр. Көптеген халықаралық саясаткерлер Астана Саммитінен жаңағы алға тартқан адамзаттық проблемаларды шешу жолдарын көргісі келетін тәрізді.
Мен алдағы айтулы Саммитте осындай өзекті мәселелердің бәрі қамтылған Астана хартиясы секілді әлем мойындаған, әлемдік проблемалар жан-жақты қарастырылған маңызды құжат қабылданады деп ойлаймын. Жалпы ЕҚЫҰ Қазақстанның ТМД кеңістігіндегі һәм одан тысқары аумақтардағы көшбасшылық рөлін өте тиімді пайдалануға тырысуы керек секілді. Расында, еліміздің еуразиялық кеңістігіндегі рөлі салмақты, Орталық Азиядағы беделі зор. Осы тұрғыдан салмақтап қарасақ, Саммит барысында Қазақстанның астанасында ЕҚЫҰ-ның Азиядағы бөлімі ашылып қалуы да мүмкін, деп топшылауға болады. Өйткені беделді саясаткерлер де, танымал көшбасшылар да бұны өмірлік қажеттілікке балайды. Бұдан бөлек, Қазақстан дамыған елдермен терезесі тең бола отырып, ұйымның беделін арттыруға көп күш салды, төрағалықтың қалай болуы тиістігін көрсетті. Ал ондай тәжірибе жалғасын табар болса құба-құп. Сонымен қатар, Елбасы Н. Назарбаевтың беделін де ЕҚЫҰ пайдалануға тырысуы керек. Шынына келгенде мұндай әлемдік деңгейдегі лидерлер, өзінің ой-ұсыныстарымен әлемді мойындатқан, ондай байсалды ұсыныстарға бастама жасап қана қоймай, оны орындауда табандылық танытуымен атағы шыққан көшбасшылар сирек.
- ЕҚЫҰ-ға төрағалықтан халқымыз, сырт мемлекеттер нендей пайда көрді?
-Қазақстанның жолы-ұстанымы белгілі. «Еуропаға жол» атты бағдарлама қабылдадық. Бұл ретте біз экономикалық дамуға ұйытқы болып отырған Еуропаның инновациялық-техникалық деңгейіне көтерілуіміз керек. Қазір 116-ға тарта инновациялық жобалар қабылданып, жүзеге асып жатса, соларды негізінде Еуропаның озық технологиясын, экономиканы басқарудағы ұтымды тәсілдерін және жолдарын игеру арқылы тиімділікті арттырамыз. Бұл экономикалық ықпалдасу. Ал Еуропаға экономикалық деңгейімізді жеткізу арқылы біз сол дамыған мемлекеттің араласып отырған әлемдік белсенді саясатына да қосыла аламыз. Яғни, Еуропа деңгейіне жету арқылы әлемнің белді-беделді, сөзін өткізе алатын алдыңғы қатарлы мемлекетінің біріне айналамыз. Елбасының «дамыған елу елдің қатарынан көріну» идеясының бір ұшы осы. Бұдан да түйіндей айтсақ, Қазақстан еуразиялық-экономикалық даму жолын ұстанып, соны жүзеге асыруға кірісті. Яғни, бір сөзбен келтіргенде, Қазақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасы арқылы экономикалық деңгейдің алғышарты еңсеріледі. Сосын барып, мәдениетіміз де бейімделе бастайды. Расында, мәдени алмасу бәрібір жүріп жатыр. Еуропаның мәдениеті, өркениеті солар арқылы еуропалық салт-дәстүр де келіп жатыр. Ендеше бұны бірден, бас-көзге қарамай дайындықсыз қабылдайтын болсақ, ұлттық дәстүр тезірек жойылады. Бұл біріншіден.
Екінші мәселе бүгін дүние өркениеті бір-бірімен араласып жатқан кезең. Осы заманда Қазақстанның ұстанымы әлемге әйгілі. Жалпы еуропалық, азиялық, немесе исламдық, батыстық деген мүдделерді үйлестіру арқылы ғана бүткіл адамзаттық тыныштықты орната аламыз. Нағыз ақиқат осы. Адамзаттың түгел дамуы да сондай кезеңде ғана орын алатынына көз жетіп келеді. Бұндай ишарат Қазақстанның негізгі ұстанған бағытынан да көрініс тауып отыр. Үйлесімділік арқылы дамымайынша Еуропа да, Азия да өзі күткендей деңгейде дами алмайды. Төрағалық етуші елдің негізгі мақсаты да осы, күштердің арасалмақтарын өлшей, белгілей отырып жаһандық деңгейде үйлестіру. Бұл тұрғыда Қазақстанның және оның Президентінің әлемге ұсынып жатқан, халыққа түсіндіріп отырған негізгі идеясы - Еуразиялық кеңістіктің аймағын бір-бірімен байланыстыру, өзара қоян-қолтық даму. Қазақстан ЕҚЫҰ-ны басқарғанда да осы идеядан танған емес, келесі жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалықта да бұл бағыттағы іс-әрекеттер болады деп ойлаймын. Бұл Қазақстанның қолынан келеді.