Еліміздің сыртқы саясаттағы көзқарасы, беделі жайлы Мәжіліс депутаты, осы Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Уәлихан Қоңырбаев жан-жақты әңгімелеп берді.
- Уәлихан Сиянбекұлы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасағанына 10 айдан асып барады. Осы кезең ішіндегі көкейге түйген ойларыңызбен бөліссеңіз?
- ЕҚЫҰ-ның басты назарындағы мәселенің бірегейі - қауіпсіздік. Аталған ұйымның үш өлшемі әлемдегі өзекті мәселелерді қамтып отыр. Қазақстан осы үш ұстаным негізінде төрағалық етіп келеді. Және де ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде қандай ұранды негізге алатынымызды ағымдағы жылдың 14 қаңтар күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Үндеуінде жария етті. Ағылшын тілінде алғанда төрт «Т» әрпінен басталатын ("траст", "традишн", "транспаренси", "толеранс") Қазақстанның ұраны сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік негіздерін басшылыққа алады. Бұл бастама ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері, танымал саясаткерлер тарапынан қолдауға ие болды. Біраз саясатшылар үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ және Қазақстан көптеген көкейкесті мәселелердің шешімдерін таба алатынына, сондай-ақ ықтимал дағдарыс жағдайларын еңсере алатынынына сенім білдірді және Қазақстанға жоғары баға берді.
Қазақстан төрағалық кезінде әлемді алаңдатып отырған күрделі мәселелердің шешілуіне ықпал етті.
Өз сөзінде Елбасы: «Қазақстан үшін Орталық Азияның тұрақты дамуы - аса маңызды басымдықтың бірі. Еліміздің экономикасының дамуы бүкіл өңірге оң ықпалын тигізуде. ЕҚЫҰ-ның өзге де мемлекеттерімен бірге Қазақстан қазіргі әлемдік құрылымның түйінді мәселелерінде Шығыс пен Батыстың арасын түсіністік арқылы жақындастыруға бағытталған ұмтылыстарды жан-жақты қолдайды»,- деді. Шынымен де, төрағалықтың алғашқы күнінен бастап Қазақстан бірнеше жылдардан бері бір тоқтамға келе алмай, дүрдараз болып отырған елдерді бітімгершілікке шақырды.
Таулы Қарабақ мәселесі қанша жылдан бері шешімін таппай келеді. Әзірбайжанның 7 ауданы Арменияның қарауында қалып қойып отыр. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Армения мен Әзірбайжан мемлекеттеріне іссапармен барып, сол елдердің Президенттерімен кездесу өткізді. Алдыңғы жылы Грузия мен Ресейдің қақтығысы орын алды. Осы секілді басқа да даулы мәселелерге араласты. Саяси ахуалы өршіп тұрған көрші Қырғыз елінде де болды, әлем назарын аударып, гуманитарлық қолдау көрсетілуіне ықпал жасады. Ауғанстан мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Ауған еліне Саудабаев мырза екі-үш рет барып келді. Соның бәрі түйінді мәселелерді шешуге өз нәтижесін беруде.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге біздің Елбасымыздың беделі, Қазақстанның қол жеткізген табыстары басты әсер етті. Қазақстанның төрағалық кезіндегі еңбегін шетелдік сарапшылар жоғары баға беріп, үнемі айтып жүр.
- ЕҚЫҰ экология мәселесіне де баса назар аударады емес пе?
- Иә. Әлемді алаңдатып отырған экология мәселесі де ЕҚЫҰ-да тұрақты қаралып келеді. Соның ішінде Арал проблемасы да бар. Орын алған экологиялық апатпен жеке дара күресу басқа ел түгілі, АҚШ, Қытай, Ресей секілді алып мемлекеттердің де қолынан келмейді. 1986 жылы сәуір айында Чернобыльдағы атом электр стансасында үлкен апат болды. Ол кезде Кеңес Одағы мұндай оқиғаны ашық жарияламайды ғой. Бірінші болып шуды батыс мемлекеттері көтерді. Олар апаттың адам баласына қанша қауіп төндіріп тұрғанын атап көрсетті.
Бүгінгі таңда да ара-тұра әлемдік апаттар орын алып жүргені белгілі. Апаттың қай күні қайдан шығатынын білмейсің. Жаз бойы Ресейдің ормандары өртенді. Оған біраз елдер де көмек қолын созды. Қазіргі таңда Венгрияда болған апатты көріп отырсыздар. Улы зат - қызыл шлам Батыс Еуропаның басты өзен арнасы Дунайға құйылып кетпеуі үшін күні-түні барлық іс-шаралар жасалуда. Осы экологиялық апат Хорватия, Сербия, Болгария, Румыния, Молдова және Украина секілді бірнеше көрші мемлекеттерге қауіп төндіріп тұр. Венгрия үкіметі Еуропалық Одақтан көмек сұрап жатыр. Сондай-ақ биыл біздің елімізде де құрғақшылық болды. Қызылағашта су тасқыны орын алды, Павлодар өңірінде үлкен өрт болды.
Қазір әлем ғалымдарын да, қарапайым адамдарды да ғаламдық жылыну процесі қатты алаңдатуда. Мұздақтардың еріп кету қаупі төніп тұр. Ара-тұра алып кемелер жүзіп бара жатқанда апат болып, мұхиттарға мұнай өнімдері ағып кетіп жатыр. Соның бәрі экологиялық жағдайдың күрделене түскенін көрсетеді. Және бір айта кетерлік жайт, көптеген апаттардың адам қолымен жасалатыны. Сондықтан су қоймаларын пайдалану үшін сараптама жүргізу керек.
Елбасы өз Үндеуінде Қазақстан іс басындағы төраға ретінде ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттары мен құндылықтарын берік ұстанатынын, Ұйымға мүше барша елдердің мүдделеріне өзара тиімді шешімдерді табу ниетінде қызмет атқаратынымызды атап өткен болатын. Қазақ халқының «Бірлік болмай - тірлік болмас» деген даналық сөзін келтіре отырып, біздің еліміз XXІ ғасырдағы ЕҚЫҰ-ны оның ауқымындағы барша халықтар үшін демократияның, тұрақтылық пен өркендеудің біртұтас кеңістігі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.
-Қазақстан Парламенті еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қатысты қандай шаралардың өтуіне атсалысты деп айта аласыз?
- Бірінші кезекте үстіміздегі жылдың мамыр айында Алматыда өткен «ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі» атты Трансазиялық парламенттік форумын атап айтар едім. Оған шетел парламентшілері өте көп келді. Қазақстан туралы, оның сыртқы саясаттағы ұстанымы жайлы оң пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар 28 қазан күні Санкт-Петербор қаласында «ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық парламенттік конференция болып өтті. Таврия сарайында өткен бұл конференция Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне арналды. Оны ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Парламенті ұйымдастырды. Конференцияның жұмыстары бірнеше секцияларға бөлінді. Бұл шара қорытынды жалпы отырыспен аяқталды. Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөз сөйледі.
Бұл халықаралық парламенттік конференцияның мақсаты - Қазақстанның бейбітсүйгіштік саясатын әлемдік қоғамдастық өкілдеріне таныстыру. ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде атқарылған жұмыстарды бір саралап өтуге мән берілді. Рухани және қоғамдық келісімді сақтау, қауіпсіздікті нығайту және ядролық қауіп-қатерді болдырмау жөніндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып отырған істерімізді тағы да бір көрсетуге мүмкіндік туды.
Аталған ұйымның күн тәртібінде қараған мәселелердің ішінде ТМД-ға қатысты жайттар аз болған жоқ. Осы конференцияда алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың бірқатары жөнінде ұсыныстар жасалды. Өйткені ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі бойынша ТМД елдерінде мәселелер әлі түгел шешіліп болған жоқ.
Санкт-Петерборда ТМД елдері және ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеялары және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА) аясында бірқатар шаралар өтті. Оған келген парламентшілер кездесу барысында Қазақстанның қазіргі сыртқы саясаттағы ұстанымы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі бастамалары жайлы ойларымен бөлісті.
Ашығын айтсақ, ЕҚЫҰ Саммиті Астанада өткізу жөніндегі Елбасының бастамасы бірауыздан қолдау тапқаны - бізге берілген үлкен баға. Ал осы ЕҚЫҰ Саммитін ойдағыдай өткізу Қазақстанның тұрақты дамып келе жатқан ел екенін дәлелдеп бермек.
Бүгінгі таңда еліміз Астана қаласында 1-2 желтоқсан күндері өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне айрықша назар аударылып отыр. Елбасы да, Үкімет және қалалық әкімшілік басшылары да үлкен дайындық үстінде. Осы бір ғаламдық маңызы зор іс-шараны абыройлы өткізу - баршамызға - сын және мәртебелі міндет. Бұған дейін де халықаралық мәнге ие форумдарды жоғары деңгейде өткізе білген еліміз осы жолы да тыңғылықты ұйымдастырып, сенім үдесінен шыға біледі деген ойдамын.
- Сіз біраз жылдар бойы сыртқы істер саласында қызмет еттіңіз, консулдық қызмет департаментінің басшысы болдыңыз. Ал бүгінде депутатсыз, яғни қоғамның, халықтың мұң-мұқтажын көбірек тыңдап, олардың оң шешілуіне тікелей ықпал етуге мүмкіндігіңіз бар. Осы тұста жұрт назарынан қалып келеді деген бір өзекті жайттарды айта аласыз ба?
- Мен 1992 жылдан бастап Сыртқы істер министрлігінде еңбек еттім, соның ішінде 9 жыл консульдық қызметке басшылық жасадым. Мемлекетіміздің осы бір аса жауапты саласы бір жүйеге келді. Оның деңгейі өзге елдердің консульдық қызметінен ешқандай кем емес. Біраз елдерден алда келе жатыр. Бұл еліміздің сыртқы байланысты жүргізудегі кәсіби деңгейін көрсетеді. Елбасымыздың ұстанған саясатының дұрыс екенін тағы бір рет айғақтап тұр. Мысалы, Мемлекет басшысы шетелдерге ресми сапармен, енді бірде іссапармен барады, келісім-шарттарға қол қойылады. Осындай маңызды жұмысты атқаруда консульдық қызметтің үлесі бар. Оның сыртында еліміздің әрбір азаматы шетелде жүріп, қиын жағдайға тап бола қалғанда, оларды қорғауға араша түседі. Қайтыс болғандарды өз Отанына әкелудің ресми жұмыстарын реттеп береді. Жуырда бір журналистің інісі қайтыс болған екен, соған орай маған хабарласып, қолдау жасауымды сұрады. Мен Сыртқы істер министрлігінің Консульдық қызметінің басшысымен хабарласып, істің оң шешілуіне ықпал еттім. Шетелде жүрген азаматтардың құқығын қорғауға депутат ретінде де атсалысып жүрмін.
Сонымен қатар өз әріптестерім секілді мен де сайлаушылармен кездесулер өткізіп тұрамын. Ақмола облысының көптеген аудандары мен ауылдарын өзім аралап шықтым. Жуырда Бурабай ауданында болдым. «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөлмелерінде азаматтарды өз шағымдары бойынша қабылдау өткіздім. Кездесуде, қабылдауда көтерілген мәселелерді жазбаша түрде алып, тиісті органдарға шығып, мәселенің оң шешімін табуына ықпал жасап, қадағалауымда ұстаймын. Ауылға барып, сайлаушылардың сөзін сол жерде қалдыратын әдет жоқ менде. Өйткені жұмысты осылай жүргізу әрі тиімді, әрі ешкімді алдамаймын. Сонымен қатар халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, айналысып жатқан жұмыстарын өз көзіңмен көру, қолбайлау болып отырған проблемаларын білу, оны шешудің жолдарын қарастыру - біздің міндетіміз. Нарық экономикасының қиындығы облыс, аудан және ауыл басшыларына да оңайға соғып тұрған жоқ. Көп жағдайда кездескен қиындықтарды бірлесе отырып шешу нәтиже беріп келеді.
Адамға бір-ақ рет өмір беріледі. Бір өмірдің өзін елге қызмет жасап, дұрыс өткізу - парызымыз. Ертең балаларымыз бен немерелеріміздің бетіне ашық қарай алатындай болуымыз керек. Одан асқан бақыт жоқ. «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша сайландым. 40 жылға жуық еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы еңбегімнің бағалануы деп білемін. Депутаттық қызметімде өмірлік тәжірибемді пайдаланамын. Кейде маған азаматтар: «Сіздер бір партиялық Мәжілісте қалай қызмет жасайсыздар?» деген сұрақ қояды. Сонда мен оларға «Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшемін. Өзіме жүктелген саланың маманымын. Елдің сыртқы саясаты, қорғаныс, мемлекеттің қауіпсіздігі, қол қойылған келісім-шарттардың Қазақстанға қандай пайда әкелетіні секілді мәселелерге мен өз көзіммен қараймын. Мемлекеттік басқару академиясы мен Еуразия университетінің шәкірттері алдында «Дипломатиялық құқық», «Консульдық құқық» және «Консульдық қызмет» деген тақырыптар бойынша лекция оқыдым. Мұндағы ой - жастар дүние жүзіндегі және еліміздегі құқықтық негізді терең білсін деген мақсат.
Мәжілісте барлық сала бойынша заң жобалары әр комитетке бөлініп беріледі. Айталық, бізде ауыл шаруашылығына қатысты заң жобалары да талқыланып жатады. Мен «Шаруа қожалығы туралы» заң жобасының жұмыс тобы отырысына барамын. Неге? Себебі елді мекендері аралағанда маған ауыл шаруашылығына қатысты сұрақтар көп қойылады. «Қазір билік жағы «мал ұстаңдар» дейді. Бірақ оны бағатын жайылымдар жоқ. Малды қалай ұстаймыз?»- деп маған тура сұрақ қояды. Соны жазып аламын да, жұмыс тобында өз көзқарасымды айтамын. Заң жолымен шешіп беруіміз керек деп ұсыныс жасаймын. Мен заң жобаларын қабылдауда енгізілетін түзетулерге халықтың, ауыл тұрғындарының көзімен қараймын. Бір партия болып, біреу «ә» десе, бәрі қостап кететін жағдай жоқ. Әр уақытта да пікірталас болады. Тіпті екі депутаттың пікірі де екі бөлек болатын кездері бар.
Ал жаңа ғасырда жастар өзінің тілін құрметтеп, ұлттық жақсы салт-дәстүрімізді дәріптей білсе, саналы ұрпақтың өсіп-жетілгені деп білеміз. Үлкенді сыйлай білсе, алғысын алып, шапағатқа бөленеді, өзінің өнегелі екенін көрсетеді. Ертең өзі де қартайғанда құрметке бөленеді. Өнегелі ұрпақ бар жерде, перзентханада тастанды сәбилер қалмас еді, қариялар қарттар үйінде телміріп отырмас та еді.
- Халқымызға айтар арман-тілегіңіз?
-Қазір жиырма бірінші ғасырда елімізге жаңа технологиялар келіп жатыр. Біздің халық өте дарынды. Жапониядан, Оңтүстік Кореядан неміз кем? Мамандарымыздың білімі мен біліктілігі жоғары. Елбасымыз бастама көтеріп, дамыған және бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосыламыз деп айтты ғой. Менің арманым келешекте Қазақстанды 50 ғана емес, өркендеген, дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 20 елдің қатарында тұратын үлкен мемлекет болғанын көргім келеді. Ал немерелерім, шөберелерім сол елдің үлгілі азаматтары болып, бақытты өмір сүрсе, одан басқа арман жоқ.