«Егемен Қазақстан» газетінің 2 қараша күнгі санында «Ел болашағының көкжиегін айқындаған» атты мақала жарияланды. Авторы - генерал-майор, профессор Михаил Дәуенов. Автор мақаласында Астана Саммитіне қатысты ойларымен бөліседі.
Оның пікірінше, Еуропа елдері мен ЕҚЫҰ-ның өкілдері он тоғыз жыл бойы Қазақстанның даму үдерісін, еліміздегі саяси, экономикалық, әлеуемттік реформалардың қалай жүзеге асырып отырғандығын зерттеп, бақылап отырды. Әсіресе ТМД елдері еліміздегі ұлттық қауіпсіздікті қалай сақтап отырғанымызды қатты қадағалады. Бас-аяғы жиырма жылға толмайтын уақыт осы елдердің нарықтық экономика мен саяси тұғырнамасын қалыптастыра білуіне де сын болды. Бұл мәселеде ЕҚЫҰ Қазақстанның қадамдарын жоғары бағалады. Экономика дамып, халықтың әлеуметтік деңгейі жоғарылады. Мысалы бір Астана қаласының Еуразия төрінде тотықұстай құлпырып өскені неге тұрады! Екіншіден, он тоғыз жыл ішінде жас мемлекетте бірнеше сайлаулар өтті. Соның барлығы да халықаралық демократия өлшемдеріне сай келді. Енді ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдар, дамыған державалар Қазақстанды сырттай бақылағанын қойып, онымен санасып, әріптес ел деп тани бастады.
***
«Дала мен қала газетінің 6 қарашадағы санында Еуразиялық экономикалық академиясының корреспондент-мүшесі Жұмабек Жанділдиннің «Адамзат Астанаға алғыс айтатын болады» деген мақала жарияланды. «Астана Саммитіне 55 мемлекеттен жоғары дәрежелі өкілдер келетін болды. Менің ойымша, олар жиналысқа қатысып, баяндамаларды тыңдап, баға беру үшін келмейді, Нұрсұлтан Назарбаевтай заманымыздың кемеңгер тұлғасының даналық ұсыныстарын бір алқалы жиында қолдау үшін келеді. Ал Қазақстан Президентінің ұстанымы мен болашаққа белгілеген жоспары ЕҚЫҰ төрағалығының бастауында-ақ белгілі болған. Ол ең бірінші ядролық және басқа жаппай қырып-жоятын қару-жарақты таратпау - баршаға бірдей міндетті болуы. Бұл орайда ядролық клуб елдерінің қолдарында бар қару-жарақтарын АҚШ пен Ресейден үлгі ала отырып, бірте-бірте қысқартып, ақыр аяғында мүлде жоюы қажеттігін де біздің Елбасымыз баршаның есіне салған болатын. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы бойынша бүгінгі адамзаттың жауы ортақ, ол - экстремистік пен лаңкестік, сеператизм, есірткі саудасы, адам құлдығы, трансұлттық коррупция. Менің болжамымша Астана саммитінде осынау ортақ жаумен бірлесіп күресу тетігі белгіленбек. Айтқандай, бұл мәселе төңірегінде Қазақстан Көшбасшысының ойы айқын. Ол бұдан бұрын ЕҚЫҰ мен АСШӨК (Азиядағы сенім шаралары және өзара көмек ұйымы), сондай-ақ НАТО блогы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы бір-бірімен интеграцияланған жағдайда, яғни бір-бірін толықтырушылық жағдайда жұмыс істеуі - жемісті болатынын атап көрсеткен еді. Ал қазір бұл ұйымдар сөз жүзінде келісімді жұмыс істегендей болып көрінгенімен іс жүзінде бір-бірінен қауіптенетіндей сезімге бой алдырған жағдайда жұмыс істеп жатыр. Демек, Астана Саммитінде осы алыптарды ашық және үйлесімді тіл табысқан жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз ететіндей бір тетікке қол жетуінен үміттенуге болады»,-дейді мақала авторы.
***
«Айқын» басылымының 4 қараша күні нөмірінде елордада ұйымдастырылғалы отырған ЕҚЫҰ-ның Саммитіне қатысты «Еуропа мен Азия - Батыс пен Шығыс арасындағы алтын көпір» атты мақала жарияланды. Аталмыш мақала авторының айтуынша, әлем назары бүгінде Астанаға ауған. Тек саясаткерлер ғана емес, мәдениет қайраткерлері де, өнер иелері де Қазақтың Арқа төсінен жетіп жатқан жаңалықтарға көз тігіп отыр. Өйткені бұл Саммит халықаралық саяси мәселелердің ғана шешімін іздеп қоймай, өркениеттердің жақындасуына да орасан зор ықпал етпек. Қазақстанның геосаяси орнының өзі осыған орайласып тұр: қос алып құрлық - Еуропа мен Азияны, екі ұлы өркениет - Батыс пен Шығысты алтын көпір іспетті жалғасып жатыр. Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммитіне қазірдің өзінде елуден астам мемлекет және үкімет басшылары келетіндерін растады. Оның сыртында серіктес елдердің өкілдері тағы бар. Сондай-ақ мақала авторының мәлімдеуінше, елімізге Саммит аясында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, 12 серіктес мемлекеттің және 65 халықаралық ұйымның басшылары мен өкілдері, жалпы саны 5 мыңнан 7 мыңға дейінгі аралықта адамдар келеді деп күтілуде.
«Айқын» басылымының 5 қараша күнгі санында «Бұл саммит - елдің абыройы» атты мақала басылды. Онда Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова өзінің Саммитке қатысты пікірін білдірген. Оның пайымдауынша, ЕҚЫҰ тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі де берегейі енді санаулы күндерден кейін Астанада өтетін Саммит болғалы тұр. Төрағалықтың алғашқы күндерінен-ақ халықаралық ұйымның қызметіне мүше-мемлекеттер үшін жаңа бағыт-бағдарды көрсеткен Қазақстанның 11 жыл бойына үзіліп қалған алқалы жиынды қайта жандандырып, әлем назарын ынтымақтастыққа, бейбітшілікке, халықтар достығына аударуы - еліміз үшін маңызы зор жетістік. Осы тұрғыда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дүние назарын қуатты Қазақстанға бұрып, бұл жиынның қаншалықты қажеттілігі мен қымбат екендігін әлем мемлекеттерінің көзін жеткізуі - баға жетпес, ештеңемен өлшеуге келмейтін еңбек.
«Айқын» басылымының 6 қараша күнгі санында "Астана саммиті Ұйымның жұмысына жаңа леп әкеледі", деген мақала шықты. Мақала авторы саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетованың пікірінше, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуі, төрағалық ету аясында Саммитті ұйымдастыруы, оның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлінің күшейгенін көрсетеді. Әрі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси бастамаларының әлемдік қауымдастықпен қолдау табуының бір көрінісі. Сөйтіп, Қазақстан өзінің аймақтық қана емес, жаһандық деңгейде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға ұмтылатынын тағы да бір дәлелдеді. ЕҚЫҰ-ның Астанада өтетін Саммиті 11 жыл үзілістен кейін шақырылып отыр. Оның ерекшелігі де осында. Сондықтан Саммиттің жұмысын ілгерілетіп, өркендетуде, оның қызметіне жаңа бір леп берері сөзсіз. Екіншіден осы уақыт аралығында саяси күштер арақатынасы өзгеріп, жаңа дау жанжалдар, кикілжіңдер ошақтары пайда болды. Саммит әлемдегі осы дау - жанжалдарды, кикілжіңдерді шешудің жаңа жолдарын ұсынуы керек. Үшіншіден XXI ғасырда туындап отырған жаһандық мәселелер мемлекеттердің бірігіп, ықпалдасу қажеттігін одан әрі дәлелдеп отыр. Саммит осы бағытта да шешімдер қабылдары сөзсіз.
***
Ал «Казахстанская правда» басылымына сұхбат берген Италияның Қазақстандағы елшісі Бруно Антонио Паскуиноның пікірінше, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы нағыз заман талаптарына жауап беретін және нақты нәтижелерге бағытталған іс. Төрағалықтың сәтті жүргізілуінің де басты ерекшелігі осында. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізудегі басты мақсаты - ортақ келісімге келу болатын және ол діттеген мақсатына жетті. «Халықаралық ұйым мен оған ықпал ете алатын тараптардың келіссөз жүргізуге келісімін беруі төрағалық қызметінің нәтижесі. Сондай-ақ бұл нағыз дипломатқа ғана тән қасиет. ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттердің барлығы Ыстамбұл саммитінен кейінгі 11 жылы аз уақыт еместігін мойындады. Бізге мұндай кездесуді ұйымдастырудың уақыты әлдеқашан туған. Себебі осы уақыт аралығында бірлесіп отырып шешуді қажет ететін көптеген мәселелер қордаланып қалды. Әрине Саммиттің нәтижесін болжап білу күрделі іс. Еуропалық Одақтың негізін қалаушылардың бірі болып табылатын Италия халықаралық деңгейдегі көптеген жиындарға қатысты. Сондықтан біз мұндай ауқымды жиынның нәтижесі қалай боларын болжап білу мүмкін еместігін жақсы білеміз. Алайда бізге мынаны түсіну қажет. Жиынның маңызы оған ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшылары мен олардың үкіметтерінің басшылары келеді. Олар қазіргі таңда қалыптасқан ортақ мәселелерді ортаға салады. Ал бұл мәселелерді бұдан өзге жағдайда шешу мүмкін емес»,- дейді ол.