«Егемен Қазақстан» газетінің 16 қараша күнгі санында «Еуропа төрінің жауапкершілігі» деген тақырыппен мақала жарияланды. Авторы - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әділ Ахметов. «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кіретін 56 елдің сыртқы істер министрлері 2007 жылы Мадридте бас қосып, Қазақстанның осы Ұйымға 2010 жылы төрағалық ететіні жөнінде шешім қабылдаған сәтте, бір жағынан, мемлекетіміздің халықаралық аренадағы абырой-атағы мен мәртебесінің өскеніне бүкіл ел болып қуансақ, екінші жағынан, бұл шешімнің елімізге көрсетілген үлкен сенім ғана емес, зор жауапкершілік екенін де сезініп, терең тебіренгеніміз әлі ұмытыла қойған жоқ. Өйткені, бұлай түйсінуге түрткі болған себептер де ол кезде баршылық еді», - дейді Ә. Ахметов мақаласында.
Оның пайымдауынша, жасы жиырмаға әлі толмаған Қазақстанның ЕҚЫҰ сынды алпауыт ұйымды басқаруға әлеуеті жеткілікті болды ма деген сауалдың жауабын іздер болсақ, бірден басын ашып, кесіп айту керек, еліміздің экономикалық күш-қуаты да, саяси-дипломатиялық әлеуеті де, осы уақытқа дейін өзге аймақтық халықаралық ұйымдарды басқаруда жинақтаған тәжірибесі де ешкімнен кем емес болатын.
Осы орайда автор оншақты дәлелдемелерді алдыға тартады. Соның негізгі үшеуіне тоқталсақ. Біріншіден, Қазақстан бұрын Кеңес Одағының құрамындағы республикалардың бірі болған кездің өзінде де жер көлемі мен қойнауындағы табиғи қазба байлығының қоры жағынан Ресейден кейінгі екінші орынды иеленетін.
Екіншіден, экономикасының басты салалары болып табылатын тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, металлургия өндірісі, ғылым-білім әлеуеті мен адами ресурстарының сапасы жағынан да Қазақстан сол кездердің өзінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында нық тұратын. Сосын Батыс елдері Қазақстанның ұлан-ғайыр байлықтың иесі екендігіне көзі жетпесе, кезінде елімізді Кеңес Одағының "нан себеті" деп атамаған болар еді ғой.
Үшіншіден, бүкіл әлем қауымдастығы секілді көнекөз Еуропа да Қазақстанның егемендікке бет алған алғашқы сәтінде Президент Назарбаевтың ядролық сынақтарға қарсы әлемде теңдесі жоқ батыл қадам жасап, бұрынғы Кеңес Одағының қырық жыл бойы бес жүзге тарта тажал сынақ өткізген, соның салдарынан мыңдаған адамның өмірін жалмап, қоршаған ортаға өлшеусіз зобалаң әкелген Семей ядролық полигонын жапқанын да және ядролық сынақтарға біржолата тыйым салып, бүкіл әлемге тың үлгі көрсеткенін де ұмыта қойған жоқ.
Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» басылымының 18 қараша күнгі нөмірінде әйгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Бақыт бағалағанның басында тұрады» деген мақаласы басылды. М. Жолдасбековтың пайымдауынша, бүгінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық біріншіден, Қазақ еліне әлемге шындап танылудың мол мүмкіндігін берді. Екіншіден, ЕҚЫҰ-на төрағалық Елбасы Н. Назарбаев Ұлттың идеясы ретінде ұсынған әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды тездетеді. Үшіншіден, басшылықта жүретін үш жыл, төрағалық ететін бір жыл отандық дипломатияны бұрын-соңды болмаған мықты іскерлік мектебінен өткізеді. Сондай-ақ ғалымның пікірінше, ұйымға төрағалық Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, патриотизмін арттыра түсті, ең бастысы жалпы ұлттық басымдылыққа айналды. Бүгінде Қазақстан халықаралық саясаттың жәй қатысушысы ғана емес, белсенді ықпал жасайтын елдердің қатарына қосылды. Бұрын әлем Қазақстанды көп мемлекеттердің бірі ретінде ғана білсе, ендігі жерде 56 мемлекеттің төрағасы ретінде танып отыр. "Тең атаның ұлы едің, Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті", деп Шалкиіз жырау жырлағандай, өзге мемлекеттермен тең дәрежеде сөйлесетін, тіпті төрелік айтатын дәрежеге жеттік. Осылайша Қазақстан әлемдік саясатқа өз әсерін тигізіп отырған ықпалды державаға айналды. «Қазіргі таңда әлемнің белді саясаткерлері "Мұндай төрағалық Ұйым тарихында бұрын-соңды болған емес" деген де пікір айтуда. Рас сөз. Осының бәрі отандастарымыз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш деп ойлаймын», - дейді ғалым.
***
«Экспресс-К» басылымының 18 қараша күнгі санында Сыртқы істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Ілияс Омаровтың Сербия Президенті Борис Тадичтен алған сұхбаты «Слово «сосед» и по-сербский, и по казахски звучит одинаково» деген тақырыппен жарияланды. Сербия басшысының айтуынша, ЕҚЫҰ Саммитінің 11 жыл бойы ұйымдастырылмауының өзі Ұйымның регламенті мен оның міндеттеріне өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетіп отыр. «Бүгінде әлем жаңа қауіп-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. 11 жыл бұрын бұл мәселелер бүгінгідей маңызды болған жоқ. Қазіргі таңда әлемге ең үлкен қауіп төндіріп отырған мәселе - лаңкестік. Сондықтан мен жақында ЕҚЫҰ-ның Астана саммитіне қатысу үшін Сіздердің әсем қалаларыңызға келемін. Мен мұнда өзімнің қазақстандық достарымды көруге асықпын», - дейді Сербия басшысы. Сондай-ақ ол сөзінде көптеген діни, мәдени этникалық қоғамдастықтары бар мемлекетте ұлтаралық, конфессияаралық төзімділік пен бірлік болмаса, ол елдің сәтті мемлекет бола алмайтындығын айтады.
«Айқын» газетінің 19 қараша күнгі санында ҚР жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтановтан алынған сұхбат «Астана Саммиті ел экономикасына екпін береді» деген тақырыппен жарияланды.Б.Сұлтановтың пікірінше, Астана саммиті экономикалық жағынан еліміз үшін өте тиімді болғалы тұр. «Қазір әлемде инвестиция тарту бойынша күрес жүруде. Барлық елдер индустриалды-инновациялық жобаларын жүзеге асыруға ұмтылады. Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, 2010-2020 жылдары индустриалды серпіліс жасағымыз келсе, тек биыл ғана 147 өнеркәсіп объектісінің құрылысын аяқтауымыз керек. Мұның барлығы ішкі ғана емес, сыртқы орасан зор инвестициялық салымдарды қажет етеді», - дейді саясаттанушы. Оның ойынша, шетелдік инвестиция тартудың бірден-бір жолы - мемлекеттің тартымды сыртқы имиджін жасау. Өйткені қаржы салған шетелдік инвестор оны қосымша кіріспен қайтарып алатындығына сенімді болуы тиіс. Сол себептен, олар елдегі бизнес ахуалға, қоғамдағы қарым-қатынасқа, әлеуметтік жағдайға назар аударады. «Сонымен бірге «саммит инвесторлардың артынан жүгіріп, оларды іздемей, кездесуге жағдай жасайды. Халықаралық форумдарда жетекші саясаткерлермен бірге «индустрия капитандары» бірге жүреді. Бұл - біздің өнеркәсіпшілерімізді, менеджерлермізді олармен байланыстырудың тамаша жолы», - деп есептейді Сұлтанов.
Сондай-ақ «Айқынның» 19 қараша шыққан нөмірінде саясаттанушы, Ерлан Қаринмен болған сұхбат басылды. Сұхбатында саясаттанушы еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты ойларымен бөліскен. Оның пікірінше, халықаралық ұйымға төрағалыққа немесе алдағы саммитке үлкен тарихи мән беріп жатуымыз біздің жағдайда өте орынды. Кезінде Алаш қайраткерлері еліміздің түбінде дербес мемлекет болып, еуропалық елдердің қатарына қосылуды армандап, тілеген. Өзара жазған хаттардың бірінде: «Шіркін, бір күні еуропалықтар да Абай мен Шоқанды дүниеге әкелген қазақты да таниды ғой» деп кейін өздерін жұбатқан. Бір ғасырдан барып, алаштықтардың ой-арманы іс жүзіне асып жатыр, осыған қарап ойланасың: «Шынымен де, тарихта әділеттілік бар екен ғой!» - деп... Сол арман-тілектің іс жүзіне асқанының нақты көрінісі Қазақстан Еуропа елдерімен қатарласып, тұңғыш Азия құрлығынан, мұсылман мемлекеттерінің ішінен ЕҚЫҰ сияқты тек еуропалық қана емес, трансатланттық ұйымға төрағалық етіп отыр. Неге онымен мақтанбасқа?! Мені бұл жәйт керек болса, ерекше тебірентеді. Екіншіден, бұл саммитте 50 елдің басшысы жиналып, алыстағы Гаитидегі мәселелерді талқылап жатса, ондай әңгімелер түсінікті болар еді. Бірақ алдағы саммитте күн тәртібінде негізінен бізге қажет мәселелер ұсынылып отыр: біріншіден, Ауғанстандағы жағдай, екіншіден, Қырғызстандағы дағдарысқа байланысты Орталық Азияның тұрақтылығы, үшіншіден, лаңкестік, экстремизммен күрес, төртіншіден, қару-жарақтарды бақылау жөніндегі келісімшарттарды қайтадан қарау және тағы басқа. Сондықтан бұл саммитте бізге қажет мәселелер біздің мүддеміз тұрғысынан талқыланбақ. Демек, саммиттің маңызы өте жоғары», дейді Е.Қарин. Сұхбат «Алаш қайраткерлері бүгінгі билік пен оппозицияның уайымын түсінбес еді», деген тақырыппен жарияланды.