«Егемен Қазақстан» газетінің қазанның 5-індегі нөмірінде «Тағдыры талайлы Ауғанстан әлемдік қоғамдастық жәрдеміне зәру» деген тақырыппен материал жарық көрді. Материалда Қазақстан Еуропадағы беделді ұйым - ЕҚЫҰ-ның тізгінін қолына алғаннан бері әлем жұртшылығының біздің елге деген назары ерекше сипатқа ие болғандығы жазылады. Бұл орайда Қазақстанның Ұйым төрағасы ретінде "ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі" Екінші трансазиялық парламенттік форумын өткізуі Ауғанстан Ислам Республикасына әлемнің назарын ерекше аудартқандығы айтылады. Бұрын әлемдік қоғамдастық бұл елді "лаңкестік ошағы" деп қарастырып келсе, енді басқа да қырынан көре бастады. Оған түрткі болған жоғарыда аталған шара десек артық айтқандық емес. Яғни ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде еліміз өзгелерге үлгі боларлық өнеге көрсетіп отыр. Ауғандық жастарды еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту үшін 50 миллион доллар бөлетіні көршілес жатқан елдегі жағдайды оңалтуға игі ықпалын тигізуі тиіс. Егер мұндағы жағдай осылайша шиеленісе берсе, онда ол аймақтағы қауіпсіздікке өз салқынын тигізбей қоймайтыны анық. Осыны ескерген Қазақстан тарапы ауған шекарашылары мен полиция қызметкерлерін еліміздегі жаттығу орталықтарында даярлықтан өткізуді де ұсынды. Ең бастысы - еліміз ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы ретінде Ұйымның үш себеті бойынша да Ауғанстанға көмек беру шараларын ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ 2,5 миллион доллар бөліп, ішкі жолдарды жөндеуге, мектептер мен ауруханаларды салуға қол созды.
***
«Айқын» газетінің жұма, қазанның 8-і күнгі нөмірінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы өкілі Болат Нұрғалиевтің «Бітімгершілік жасаудағы басты рөл ЕҚЫҰ-ға да жүктелген» деген тақырыпта көлемді мақаласы берілген. Мақалада «Іс басындағы төрағаның арнайы өкілі немен айналысады, Кавказ қақтығысы қалай шешімін табуда, көршілердің келешегі қандай, Приднестровье күрмеуі қалай шешіледі?», деген сауалдардың жауабы қамтылған. «Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде территориялық тұтастық және мемлекеттік егемендік мызғымастығы принциптерін ұстанады. Бұл принциптер креативті интерпретациялауға жатпайды. Принциптер иерархиясында олар - өзін-өзі анықтау құқығынан да жоғары тұрады. Сонымен бірге адамдарды бір елде тұруға мәжбүр ету мүмкін емес жағдайлар туындайтынын түсінген жөн», деп жазады автор мақаласында.
Осы басылымның қазанның 9-ындағы «Астана саммиті ЕҚЫҰ-ның дамуына ерекше қарқын береді» деген мақалада «Аспект М» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер орталығының президенті Мұхит Асанбаевтың, Ирландияның Сыртқы істер министрі Макл Мартиннің, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы Александр Кельчевскийдің Қазақстаның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты айтқан пікірлері берілген. Мүйізі қарағайдай саяси сарапшылардың айтуына қарағанда, Астана Саммиті Қазақстанға ғана емес, ЕҚЫҰ-ның өзінің дамуына да ерекше қарқын бере алады. Мәселен, жуырда Венада өткен ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форумында сөз сөйлеген Ирландияның Сыртқы істер министрі Макл Мартин былай деп мәлімдеді: «ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті ең алдымен, қауіпсіздік саласындағы халықаралық қызметтің тиімділігін арттыруға оң әсер етеді, сондай-ақ, ұйымға мүше-мемлекеттерге аймақтағы сенім шараларын жүзеге асырудағы негізгі міндеттерін айқындап алуға таптырмас мүмкіндік береді». Бұл дипломаттың пікірінше, 10 жылдан астам уақыттағы үзілістен кейін бір үстелдің басына бас қосу ЕҚЫҰ-ның одан әрі дамуына және жетілуіне де жаңаша серпін береді.
***
Ал «Дала мен қала» газетінің қазанның 4-індегі нөмірінде бірқатар танымал саясатшылар мен ЕҚЫҰ-ның лауазымды тұлғаларынан алынған блиц-сұхбат жарияланды. Мәселен, Украина президенті Виктор Янукович өз сұхбатында Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы болуы посткеңестік аумақтағы барлық мемлекеттерге көрсетілген сенім екендігіне баса назар аудара келіп, «Қазақстанның төрағалығы кезінде ЕҚЫҰ беделі мен ықпалы артты дегенді қазір батыс саясаткерлерінің өздері айта бастады. Қазақстан төрағалығы кезінде ЕҚЫҰ БҰҰ санасатын беделді және ықпалды ұйымға айналды. Бұл сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев секілді халықаралық деңгейде кемеңгерлігімен танылып, мойындалған тұлға ұстанған білімді де іскер саясаттық нақты жемісі», дейді. Ал, ЕҚЫҰ-ның БАҚ тәуелсіздігі мәселелері жөніндегі өкілі Дунья Миятович ЕҚЫҰ өз қызметінде БАҚ-тардың толыққанды тәуелсіздігіне, олар үшін ақпараттың қол жетімді болуына, журналистер өмірі мен денсаулығының қорғалуына мемлекеттердің жауапкершілігінің артуына ерекше көңіл бөлу керектігін баса айтқан. «Егер, Астана Саммитінде осы мәселе төңірегінде нақты ілгерілеушілік бір тетік аталса, менің қуанышым шексіз болар еді. Жалпы алғанда, төрағалықты іскер және ықпалды дәрежеге дейін көтерген Қазақстан астанасында өтетін Самиттен үміт күтуге болады», дейді сарапшы.
Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Аудрониус Ажубалис Қазақ елінің ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы көптарапты, әмбебап әрі өзін баршаға бірдей қашықтықта ұстау саясатының жемісі деп санайды. «Нұрсұлтан Әбішұлы коммунистік Қытайды да, капиталистік дүниенің алыбы АҚШ мемлекетін де, кеше ғана өзін билеп-төстеген солтүстіктегі көршілерін де стратегиялық әріптес деңгейіне көтерді. Осылай жұмыс істеу ел өмірінде жақсы нәтиже берді. Тіпті, Қырғызстандағы қанды қырғынның зардабын азайтқан да Нұрсұлтан Назарбаев. Ендеше алдағы жылы осы ұйымға төраға болатын біздің елдің Қазақстаннан үйренетіні, Астана саммитінен күтетіні көп», дейді ол өз сұхбатында.
Сондай-ақ «Қала мен дала» басылымының қазанның 9-ы күнгі санында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменовтің «Сөз бен істің бірлігі» деген мақаласы басылды. Депутат мақаласында Астана Саммитінің ғаламдық саяси мәнінің зор екендігіне баса назар аудара келе: «Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Елбасы сыртқы саясатты белсенді дипломатиялық іс-әрекеттерге негіздегені белгілі. Бүгінде еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі саяси тұрақтылық тек біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл ғалам үшін маңызды. Батыс пен Шығыс деп бөлінбей бірігіп шешім қабылдайтын күн туды», дейді.
***
«Время новостей» газетінің қазанның 5-інде шыққан санында «Хельсинкиден Астанаға» деген тақырыппен жарияланған мақалада таяуда Мәскеуде өткен дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылардың пікірлері берілген. Мәселен, ТМД елдері институты директорының орынбасары Владимир Жарихиннің пікірінше, Астанада өтетін желтоқсан саммиті ЕҚЫҰ өмірінің жаңа кезеңінінің бастамасы болады. Ал, Саммитке қатысушылардың Хельсинки ұстанымдарын қолдауды жай ғана бекітуінің ұйымға берері шамалы, сондықтан Астана Саммиті ЕҚЫҰ «себетін» қайта құру үрдісі үшін негіз қалауы қажет.