«Мен ғаламдық дағдарыстан кейінгі жағдай мен әлемнің даму тенденциялары көрініс табатын ЕҚЫҰ-ның «Маастрихт плюс» деп аталатын жаңа құжатын әзірлеу туралы бастама көтердім»,- деді Елбасы аталған жиында сөйлеген сөзінде. Жер-жаһандағы халықаралық лаңкестік, діни экстремизм, есірткі саудасы, заңсыз көші-қон сияқты трансұлттық жаңа қауіп-қатерлердің рөлінің, сондай-ақ ғаламдық қаржылық-экономикалық дағдарыстың әсерінің арта түскенін айта келе, Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көптарапты ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше тоқталды. «Сенім, сабақтастық, ашықтық және төзімділік принциптеріне негізделген қазақстандық төрағалықтың тұжырымдамасы ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттыруға және ұйымның уақыт туғызған жаңа талаптарға бейімделуіне қомақты үлес қосқымыз келген нақты ниетімізді көрсетеді», - деп атап айтты мемлекет басшысы.
Естеріңізде болса, ЕҚЫҰ-ның шеңберінде ғаламдық қаржылық-экономикалық дағдарыс тақырыбы алғаш рет ағымдағы жылдың шілде айында Астанада өткен III экономикалық форумда талқыланған болатын. Осы форумның ашылуында сөз сөйлеген Елбасы Н. Назарбаев аталған ұйымның экономикалық және экологиялық қызмет саласында «Маастрихт плюс» атты ЕҚЫҰ-ның жаңа құжатын дайындауға бастама көтерген. Айта кетелік, ұйымның аясында қазіргі кезде экономикалық және экологиялық салаларда әрекет ететін стратегия 2003 жылы Маастрихт қаласында қабылданған еді. Енді міне, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемі бойынша барлық бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуде.
Қазақстан президентінің тағы бір ұсынысы - қауіпсіздіктің біртұтас Еуразиялық платформасын құру. Яғни, ЕҚЫҰ-ның және Азиядағы өзара сенім және іс-шаралар жөніндегі кеңестің әлеуеттерін біріктіріп, біртұтас платформа жасауға болады. Ал Қазақстанның бастамасымен құрылған кеңес Азия құрлығындағы қауіпсіздікті нығайту бағытында ашық алаңқайға айналып отыр. Төрағалық етуші мемлекеттің пікірінше, ЕҚЫҰ өзінің бірегей географиялық кеңістікті қамтуы мен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен жан-жақты айналысатындықтан халықаралық ынтымақтастық пен диалогтардың дамуында жетекші рөл атқаруы қажет. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның саммиті ұйымның қызметіндегі жаңа кезеңнің басы болатынына сенім білдірді.
Халықаралық диалог демекші, ЕҚЫҰ грузин-оңтүстік осетин жанжалының бейбіт жолмен реттелуіне ерекше үміттеніп отыр. Жуырда ғана ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Эргнети-Двани елді-мекендерінің ауданындағы грузин-оңтүстік осетин жанжалын тоқтату және реттеу жөніндегі іс-әрекеттер шеңберінде өткен кездесудің маңыздылығын атап айтты. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, ЕҚЫҰ төрағасының созылмалы жанжалдар жөніндегі арнайы өкілі Болат Нұрғалиев пен ЕуроОдақтың Грузиядағы мониторинг жүргізу миссиясының басшысы Х. Хабердің бірлесіп ұйымдастыруымен әкімшілік бақылау желісінде (ӘБЖ) 28 қазанда Грузияның атқарушылық құрылымдарының лауазымды басшылары, оңтүстік осетиндік билік орындары және ресейлік шекарашылар кездесу өткізген. Осы жиында ұзаққа созылған жанжалдарды тоқтатудағы бірлескен іс-әрекеттер талқыға түсіпті.
Қанат Саудабаевтың айтуынша, құзырлы құрылымдардың арасындағы мұндай қарым-қатынастар жанжал ауданындағы ахуалды тұрақтандыруға, халықтың қалыпты өмір сүруіне септігін тигізеді. Яғни, ЕҚЫҰ беделді ұйым ретінде осы процеске қатысушылардың бір пәтуаға келуі үшін жиі-жиі бас қосып тұратынына сенім білдіруде. ЕҚЫҰ төрағасы әсіресе, Астана саммитінің қарсаңында жанжалдасушы тараптарды әрі жауапты, әрі конструктивті түрде әрекет етуге шақырды.
Сәл ғана шегініс жасайтын болсақ, жанжалдарды тоқтату жөніндегі механизм шеңберіндегі алғашқы кездесу Эргнетиде өткен жылдың 23 сәуірінде өткен. Осы форматтағы жұмыстардың тоқтап қалуына дейін бес кездесу өтіпті. Солардың соңғысы - 2009 жылдың қазан айындағысы. Айта кетелік, бірқатар халықаралық ұйымдар, соның ішінде ЕҚЫҰ да бұған дейін бірнеше рет Эргнетидегі кездесулерді қайта қалпына келтіруге шақырды. Ал Ресей болса 2008 жылдың тамызындағы «бес күндік» соғыстан соң бұрынғы грузиндік автономиялар - Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындады.
Қазақстан өз төрағалығының бағдарламасында ТМД шеңберінде әлі де бар қауіпсіздік мәселелеріне, соның ішінде Қап тауындағы (Оңтүстік Кавказ) және Днестр бойындағы ұзаққа созылған әскери қақтығыстарға ерекше назарын аударып отыр.
Молдова президентінің міндетін атқарушы Михай Гимпу Астана саммитінде Днестр бойындағы ұзаққа созылған жанжалды бейбіт жолмен шешуге қатысты саяси шешім қабылданатынына сенетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, кез-келген елдің саяси тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы принциптері аяққа басылмаған кезде ғана әділ шешім шығаруға болады. Яғни, Астана саммитін өткізу арқылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ның жан-жақты жетілуіне мүмкіндік туғызады деген сөз. Біздің бұл пікірімізді ағымдағы жылдың 28 қазанында Санкт-Петерборда өткен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 35-ші пленарлық отырысының ашылуында сөз сөйлеген Ресей Федерациясы кеңесінің төрағасы Сергей Миронов та қостады. «ЕҚЫҰ-ның 35 жылдық тарихында бұл ұйымды алғаш рет ТМД-ның мемлекеті басқаруда. Достастықтың барлық елдерінің атынан ұжымдық мандат алған Қазақстан біздің ойымызша, ЕҚЫҰ-ның жаңаша заманға сай жетіліп, белсенді болуына ықпал етеді. Сондай-ақ, Атлантика мен Еуразияның арасындағы барлық мемлекеттер үшін әрі тең, әрі бөлінбес болып саналатын еуропалық қауіпсіздікке қатысты жаңа көзқарастарды алға жылжытатын да Қазақстан», - деп мәлімдеді Сергей Миронов.
Оның айтуынша, Қазақстанның төрағалығы тұсындағы ең маңызды бастамаларының бірі - 11 жылдық үзілістен кейін ЕҚЫҰ-ның саммитін Астанада өткізу. «Бұл басқосу Хельсинки процесіне жаңаша қарқын беретіні сөзсіз» деп қосып қойды кеңес төрағасы.
Байыптап қарасақ, посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет өткелі отырған бұл жиынның біздің еліміз үшін орасан зор стратегиялық маңызы бар. Біріншіден, бұл саммит - Қазақстанның әлемдік қауымдастықта зор беделге ие болғанының және мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары беделінің дәлелі. Бұл саммит Елбасымыздың ел ішіндегі және шетелдердегі саяси ұстанымының дұрыстығын халықаралық қауымдастықтың қолдап отырғанын көрсетеді.
Екіншіден, бұл саммит - Қазақстандағы патриотизмді көтеруге тамаша себеп, қолайлы мүмкіндік. Бұл оқиға еліміздің әрбір азаматының өз халқының, ұлтының жетістіктерін мақтан тұтуына себеп бола алады. Сондай-ақ, бұл қазақ қоғамын бір мақсат-мұратқа топтастыруға да себеп. Яғни, бірлік пен тұтастық бар жерде кез-келген мемлекет өз мұратына жете алатынын дәлелдеп отырмыз. Бұл орайда саммитті өткізу - барлық қазақстандықтардың, Қазақстан халқының жетістігі екенін ұмытпағанымыз абзал.
Үшіншіден, саммиттің егемен еліміздің алдағы уақытта қарқынды дамуына тигізетін пайдасы зор. Мұндай жоғары дәрежедегі басқосуды өткізу арқылы біз қоғамымыздың тұрақтылығын, экономикамыздың әлеуетін, мәдениетіміздің даралығын күллі әлемге паш ете аламыз. Қазақстанның әлемдегі танымалдығы артады. Өйткені, осыншама көлемдегі халықаралық саяси элита, шетелдік беделді деген БАҚ-ның өкілдері келетіндіктен халықаралық қауымдастықтың біздің Отанымызға деген қызығушылығы арта түсетіні айдан анық. Қызығушылық дегеніміз - ауқымды инвестициялар, іскерлік байланыстар, ағылған туристер және т.б.
«Қазақстанға әлемдегі 55 мемлекеттің, ірі-ірі халықаралық ұйымдардың делегациялары келеді. Біз өзіміздің қонақжайлығымызды көрсетуіміз керек. Мәртебелі меймандарды лайықты қарсы алып, еліміздің саналуандығын, этномәдени бірлестіктеріміздің және Ассамблеямыздың жұмыс тәжірибесімен таныстыруымыз қажет», - деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 20 қазанда Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XVI сессиясында сөйлеген сөзінде. Яғни, саммиттің өтуіне әрбір қазақстандық өзінше үлес қосуы қажет.
Жуырда ғана Байланыс және ақпарат министрлігі саммитті өткізу күндерінде еліміздегі мемлекеттік телеарналардың бірінің базасында «Саммит ТВ» деп аталатын телеарнаны іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады. Осы арнадан Қазақстан туралы тарихи, этномәдени және танымдық бағдарламалар көрсетіліп, саммиттен тікелей трансляциялар жүргізілмек. Сондай-ақ, алқалы жиынның мәртебелі қонақтары, үкімет басшыларымен арнайы сұхбаттар да ұйымдастырылады. Ең бастысы, шетелдік қонақтарға молырақ ақпарат беру үшін телеарна тек қана ағылшын тілінде хабар таратады. Байланыс және ақпарат министрлігі Қазақстанның беделі мен халықаралық имиджін кеңінен насихаттау үшін ЕҚЫҰ саммитінің қарсаңында «Астана Таймс» атты ағылшынша газет шығаратынын да хабарлады.