Оның айтуынша, мұндай алқалы халықаралық кездесудің еліміздің бас қаласында өтуі - бірінші кезекте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төрткүл дүниедегі тегеурінді белсенділігі мен баянды беделінен туындаған жағдай. Екіншіден, еліміздің жыл өткен сайын арта түскен саяси орнықтылығы мен экономикалық қуатының да әсері мол. Міне, осының бәрімен сонау алпауыт АҚШ та, айналамыздағы іргелі елдер - Ресей мен Қытай да санасады. Кәрі құрлық - Еуропа мен өзімізге рухани жағынан жақын мұсылман әлемін айтпағанның өзінде. Мұсылман әлемін бекер ауызға алып отырғаным жоқ. Өйткені келесі жылы Қазақстан елуден астам мемлекетті біріктіріп отырған Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеді ғой.
«Әлемнің күрделі саяси-экономикалық түйінді мәселелері кеңінен талқыға түсетін саммитті тіпті Астана қаласының тұрғындарының өзі асыға күтіп жүр. Бәрінің көңіл күйі көтеріңкі, жүздері жарқын. Оған таяуда еліміздің бас қаласында болған сәтімде көзім жетті. Халықаралық жиынның жұмысына сәттілік тілеймін және нәтижелі өтеріне сенім артамын», деді Нұрлан Сабыров.