Ел аймақтарында құрылыс жұмыстарына қажетті құжаттар тізімі заңда көрсетілгеннен әлдеқайда көп

АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ел аймақтарында құрылыс жұмыстарына қажетті құжаттар тізімі заңда көрсетілгеннен әлдеқайда көп.

Бұл туралы бүгін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аттестациялау мен акредитациялау департаментінің директоры Ғалымжан Әбдірайымов құрылыс жұмыстарына байланысты өткен республикалық кеңес барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның  айтуынша, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аттестациялау мен акредитациялау департаментінің өкілдері шағын және орта бизнес нысандары үшін әкімшілік кедергілерді жою мақсатында құрылыс жұмыстарына қажетті рұқсат беру құжаттарына сараптама жасады. Нәтижесінде «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары туралы» заңына тиісті өзгерістер енгізілді. «Соған қарамастан қазір жергілікті жерлерде құрылыс жұмыстары үшін талап етілетін құжаттар тізімі заңда бекітілген құжаттардан әлдеқайда көп және олар құрылысқа қойылатын талаптар тізіміне енгізілген. Мысалы, Алматы қаласында құрылыс-монтаждау жұмыстарына берілетін арыздың қаралу мерзімі Алматының маңындағы құрылыс нысандарын салу ережесінде 30 күн болса, Индустрия және сауда министрлігінің бұйрығы бойынша бұл мерзім 14 күнді құрайды. Сондай-ақ заң талаптары бойынша құрылысқа қажетті құжаттар алтау болса, Алматының құрылыс ережесі бойынша олар 16-ны құрайды», деді департамент бастығы.