Ел аймақтарында шағын және орта бизнес субьектілеріне бөлінген қаржыны игеру баяу жүруде

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Шағын және орта бизнес субьектілеріне бөлінген қаржыны игеру жағынан ОҚО, Жамбыл және Қызылорда облыстары артта қалып келеді.

Аймақтар бойынша шағын және орта кәсіпкерлікке қарастырылған қаржыны игеруде біркелкілік жоқ. Алты өңірде қаржының тек 3 пайызы ғана бизнес субъектілерінің қолына тиген. Бизнесті қайта қаржыландыру және жаңа жобаларды несиелеуді Қазақстанның барлық аймақтарында АТФ банкі мен БТА банкі ғана жүзеге асыруда. Қалған банктер экономиканың нақты секторын қолдауға деп берілген қаржыны игеруге асықпауда. Мәселен, «Нұр банктен» әлі бірде-бір жобаға қаржы бөлінбеген. Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі банктер белсенділік танытпай отыр. ОҚО, Жамбыл және Қызылорда облыстары қаржыны игеру жағынан ең соңында тұр. Басты себеп ? бұрындары жасалған несиелердің тым көптігі және бизнестің төлемгерлік қауқарының аздығы. «Ең жоғары көрсеткіштер Астана мен Алматыда. Бұл қалаларда қаражаттың 43 пайызы игерілді. Астанада 127 жобаны қажыландыру жөнінде келісім жасалды. 62 субъекті қаржы алды. Соңғы үш күннің ішінде 2 млрд. теңге шағын және орта бизнес өкілдеріне берілді. Алматыда 158 жобаны қаржыландыру келісіліп, 3 күнде 3 млрд. теңге игерілді», - дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» Басқарма төрағасы Болат Мұқышев.