«Ел экономикасының ертеңі тұрақты» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 1 наурыз, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Бүгінгі таңда интеграциялық үдерістер әлемдегі қозғалтқыш күштердің біріне айналды. Мұндай ғаламдану кезеңінде ұлттық қауіпсіздік, оның ішінде шекаралық қауіпсіздік мәселесі маңызды рөл атқаратындығы айтпаса да түсінікті. Түрлі саладағы өзара қарым-қатынас, түсіністік пен іс-қимыл шекаралық ынтымақтастықтың негізін қалап, жаңа сатыға көтеруде. Бұл - қазақстандық шекарашыларға жаңа міндеттер жүктеп отырғандығы сөзсіз. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» басылымында «Шекара қауіпсіздігі - мемлекет дамуының кепілі» деген тақырыппен беріліп отыр. «Еліміздің экономикалық мүддесін қорғауда, интеграциялық үдерістердің кең қанат жаюына сай ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ал тәуелсіз еліміздің шекарасының бір бөлігі Каспий теңізі арқылы өтетіндігі белгілі. Оны күзетуге үлкенді-кішілі әскери жүзу құралдары жұмылдырылуда. Шекара қызметі Бас штабы басқармасы бастығының орынбасары, 1 рангілі капитан Сабыр Хасановтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда теңіздегі шекарамызды 40-тан астам әскери кемелер күзетуде. Каспий жағалауы маңызды стратегиялық аймақтардың бірі болып табылады. Мұнда мұнай-газ, химия өнеркәсібі және балық саласына қатысты кәсіпорындар кеңінен дамыған. Каспий бірнеше мемлекетке ортақ су айдыны, достық теңізі деп те аталады. Сондықтан Каспий акваториясын, биоресурстарын қорғау саласында халықаралық біріккен іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бұған еліміздің көптеген ведомстволарымен қатар қазақ¬стандық шекарашылар да белсене қатысуда», деп жазады басылым.

Сонымен қатар осы басылымның жазуынша, Кеше Үкімет басшысы Серік Ахметовтің қатысуымен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда министр Ерболат Досаев Министрліктің 2013 жылғы жұмысының қорытындысы және 2014 жылдың басым міндеттері туралы баяндама жасады. Алқа мәжілісін Премьер-Министр Серік Ахметов қорытындылап, министрліктің алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі алқа мәжілісі министрліктер бойынша өткізіліп отырған соңғы кеңейтілген алқа мәжілісі екенін айта келіп, Үкімет басшысы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің экономиканы одан әрі дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларды үйлестіріп отыратын ең маңызды орган екенін атап көрсетті. «Елбасы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Үкіметке нақты тапсырмалар берді», деп атап көрсетті Серік Ахметов. Одан әрі Үкімет басшысы Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерге байланысты министрлік маңызды мемлекеттік бағдарламаларды толықтыруы қажет екендігін еске салды. Мақала «Ел экономикасының ертеңі тұрақты» деген таырыппен берілген.

***

Біраздан бері Батыс сарапшыларының «Араб елдерінен кейінгі дүрбелең, Орта Азияда басталуы ықтимал» деген сәуегейлігі шындыққа бір табан жақындағандай. Рас, бұлғақ алдымен Шығыс Еуропа топырағында Украинада басталды. Батыстың айтағына ерген оппозиция мен биліктің жойдасыз билеп-төстеуіне наразы халық бірігіп, ресми Киевті тақтан құлатты. Қазір «халықтың сеніміне» енген адамдардан Үкімет жасақталып жатыр. Бірақ ол елдің Оңтүстік-шығысы әзірге жаңа билікті мойындаудан бас тартуда. Бұл текетірестің қаншаға созылатыны белгісіз. Шынтуайтында, Украина саяси дағдарыспен қатар, қаржылық-экономикалық дағдарыстың табалдырығында тұр. ТМД-ның батысындағы ірі бір республика аласапыран кезеңді бастан өткеріп жатқанда, дәл сондай бір дүрбелеңнің құлағы Орта Азиядан қылтиып көрініс бергендей. Ол екі рет мемлекеттік төңкерісті бастан кешірген қырғыз елінен қылаң берді. Осы халықаралық жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Қырғыздар неге «қызғалдаққа» әуес?» деген тақырыппен беріліп отыр. Басылымның жазуынша, осы аптада Бішкекте «Халықтық оппозициялық қозғалыс» деп аталатын жаңа бір ұйымның тұсауы кесілді. «Қозғалыстың бағыты: демократиялық мемлекет құру, Батысты үлгі тұту, неғұрлым АҚШ, Еуропаға жақындау, тығыз қарым-қатынас орнату. Империялық «тәбеті» ашылып келе жатқан Ресейден бойды алшақ ұстау, Кедендік одаққа кіруден бас тарту. Негізгі ұстанымның бір тармағы осы. Қозғалысты құрып, оны басқаруды қолға алған адам Парламент депутаты, батысшыл саясаткер Равшан Жиенбеков. Ол жақында ғана Киевте өткен бұлғақта халық алдына шығып сөз сөйлеп, өзінің олармен бірге екенін айтқан қырғыз арасынан шыққан жалғыз саясаткер», деп жазады газет.

Келер жылы Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойғанына 20 жыл толады. «Айқын» газетінің жазуынша, осы мерейтой қарсаңында қолға алынған «Бейбiтшiлiк пен келiсiмнiң жол картасы» мега-жобасының кезекті кезеңі басталмақ. Басылымның жазуынша, өткен жылы аталған жоба шеңберінде 483 iс-шара өткiзiлген. 9 фестиваль, 16 концерт, 13 конференция мен дөңгелек үстел, кездесулер мен акциялар ұйымдастырылып, оған 1,5 миллионнан астам адам қатысқан. Басылымның жазуынша, кеше Ассамблеяның 19 жылдығына арналған салтанатты жиын өтіп, онда Елбасының «Қазақстан жолы - 2050: Бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ» атты Жолдауы, «Мәңгiлiк ел» жалпыұлттық акциясын iске асыру барысы талқыланды. Басылымның жазуынша, осы жиында қашанда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты орынды ұсыныстарымен көрініп жүрген Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов осы жолы да қазақ тілі мәселесін көтерді. «Ол өзін қазақстандық санайтын кез келген азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті екенін қадап айтты. Депутат Президент Жолдауының жарияланғанына 1 айдан астам уақыт өтсе де, мемлекеттік тілге қатысты жасалған ірі шаруалар байқалмағанын айтып салды», деп жазады басылым.