Бұған дейін елордада өткізілген үш отырыс та жерге қатысты өзекті мәселені талқылауда сарабдалдық үлгісін танытты. Осылай деген Үкімет басшысының бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев алғашқы көшпелі мәжілістің Ақмола облысында шақырылуының өзіндік мәнін атап өтті. Бұл түсінікті де, облыс - еліміздегі агроөнеркәсіп өндірісі дамыған өңірлердің бірі. Облыстың жер аумағы 14,621 миллион гектарды құраса, оның 10,564 миллион гектары немесе 72,1 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, комиссияның штаб жетекшісі Ерлан Нысанбаев баяндап өткендей, бүгінгі күні жекеменшікке сатылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 2004 жылдан бергі өсімі бір деңгейде, яғни, орта есеппен оның жылдық өсімі 0,1 пайызды құрайды. Агроқұрылымдар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басым бөлігін жалға алу құқығымен пайдалануда. Шетелдіктер мен бірлескен кәсіпорындарға барлығы 65,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері, оның ішінде, бірлескен кәсіпорындар үшін 44,9 мың гектар, заңды тұлғаларға 17,8 мың гектар және жеке тұлғаларға 2,4 мың гектар жер жалға берілген.
Осы тұста бірлескен кәсіпорындарға берілген 44,9 мың гектар жердің нақты пайдаланылып отырғаны 32,6 мың гектар, ал осы жерлердің қазірде 29,7 мың гектары толығымен Қазақстан азаматтарына өткен. Бұдан бөлек, 12,3 мың гектарлық жер үлесі бар шетелдіктердің жұмысы олардың тиісті қызмет атқару мәселелері сотта қаралып жатқандығына байланысты тоқтатылған.
Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік тұлғаларға жалға беруде, жердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мен осы жерлердің шетелдіктерге өтіп кетпеуін сақтау үшін заңнамаларда бірқатар шектеулер қойылған. Сонымен қатар, жерді пайдаланушылар жер учаскелерін мақсатты пайдаланбаған немесе жер заңнамасын бұза отырып пайдаланған жағдайда жер учаскесі Жер кодексінің 92, 93, 94-баптарына сәйкес мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылады.
Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жеке меншіктік енгізілген кезден бастап, бар-жоғы 82 мың гектар жер рәсімделгендігіне тоқталды. Ауыл шаруашылығы жерлерінің 1 пайызын құрайтын оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы нысандарына қызмет көрсету үшін салынған. Ал қалған 10,4 миллион гектар немесе 99 пайызы уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығында. Ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатып алудың төмендігі қолданыстағы бағамен жерлерді сатып алу тиімсіздігінің және үйлесімді жеңілдік берілетін тетіктерінің болмауының салдарынан деп түсіндірілді.
Оның айтуынша, қазіргі күні белгіленген базалық төлем ставкаларының нәтижесінде жер нарығы жақсы дамып келеді. Мысалы, 1 гектар жыртынды жерге баға 20,0 мың теңгеден 46,5 мың теңгеге дейін, жайылым жер үшін 6,1 мың теңгеден 8,9 мың теңгеге дейін ауытқиды.
Жерді пайдалану және оны жекеменшікке беруде конкурстық шараларға келсек, ағымдағы жылы 6 аукцион өткізіліп, оның ішінде жалға беру әдісімен бір аукционда 294 телімді құрайтын 21203 гектар жер саудаға қойылған. Жалпы, өткізілген аукциондық шаралар нәтижесінде 1852 гектарлық 76 жер телімі сатылып, мемлекеттік бюджетке 145 миллион теңге қаржы аударылыпты. Бұған қосымша, өткен 5 айда 14 конкурс өткізіліп, ауыл шаруашылығы айналымына 195 телімнен тұратын 114,5 мың гектар жер қосылған.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары жер заңнамасындағы өзгерістерді халыққа түсіндіру мен талқылау үшін аймақта арнайы жұмыс тобы құрылғандығын айтып өтті. Оның құрамына мемлекеттік органдардың кәсіби мамандары, ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілері, өңірдің құрметті азаматтары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, мәслихат депутаттары, ғалымдар, еңбек ардагерлері, заңгерлер кіреді. Қазіргі сәтте облыстық жұмыс тобының өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған желілік шаралар кестесі жасалған. Сонымен бірге, ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілермен, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды қатыстыра отырып, облыстың барлық өңірлерінде көшпелі семинар-кеңестер өткізілді. Жер заңдарын түсіндіру үшін арнайы Call-орталық жұмыс істеуде.
«Жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесінде жер туралы заңнамаларға қатысты мынадай:
- жерді тиімсіз пайдалануға жол бермеу мақсатында, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануда заңсыздықтарға жол берілмеуі үшін бүгінгі қолданыстағы ҚР Жер кодексінің 24 бабына мөлшеріне қарамастан, шет ел азаматтарының үлесі бар заңды тұлғаларға ауыл шаруашылық жерлерін беруге тыйым салу жөнінде өзгеріс енгізілсін;
ұлттық қауіпсіздігімізді сақтау және отандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғау үшін елімізбен шекаралас орналасқан мемлекеттердің азаматтарына ауыл шаруашылық жерлерін беруге, сондай-ақ, барлық шет ел азаматтарына егіншілік жерлерін беруге тыйым салу қажет;
- ҚР Жер кодексі мен ҚР Көші-қон туралы заңындағы «оралман» түсінігі алып тасталсын, деген тілектер мен ұсыныстар тізбесі жасалды», - деді Қ.Отаров.
Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов жер мәселесіне қатысты пікір білдіруге келгенде, азаматтарды ауыл шаруашылығымен айналысатын не айналыспайтын деп бөлуге болмайтынын баса айтты. «Жерде барлығымыздың үлесіміз болғандықтан, қалың жұртшылық тағдыршешті мәселеден шет қала алмайды. Ауыл шаруашылығына арналған жерді сату керек пе, жоқ па? Бүгінде қоғамды толғандырып отырған осы мәселеге қатысты әрқилы пікірлер айтылып жатыр. Меніңше, шекараға жақын аймақтағы жерлерді сатуға да, жалға беруге де болмайды. Егер бір серіктестіктің иелігінің елу пайызы шет ел азаматының меншігінде болса, ол әлгі жердің шын мәніндегі қожайыны болмай ма?! Ондай жерге жұрт малын жая алмайды, тіпті сол жер арқылы өтудің өзі қиын болады. Сырттан келген инвестордың өз мүддесі бар. Ол Қазақстанды көркейтемін деген мақсатпен келмейтіні анық. Сондықтан, бұл орайда Үкімет жерге қатысты мәселені шешуді толық мойнына алуы керек. Бізде ауылдарды дамыту үшін талай жақсы бағдарламалар қабылданды. Алайда, олардың біршамасы тоқтап қалды. Бөлінген қыруар қаржы қайда қалды? Жердің қазіргі иесі кім? Қараусыз қалған жерімізді неге қайтарып алмасқа? Ұсақ ұжымдарды біріктіріп, қуаттандырумен кім айналысады? Осы орайда комиссия нақты шешімдер қабылдап, тиісті орындарға ұсыныс жасайды деген тілектеміз», - деді Б.Жанәділов.
Ақмола облыстық «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сансызбай Мұхитанов жер қадірін білетін халқымыз жерді күте алмайды деген пікір астамшылық екенін, бұл ретте өз мамандарымызға қолдау көрсету керектігін айтты. «Елбасы жер шетелдіктерге сатылмайтынын шегелеп айтты. Біз мұны қуана құптаймыз. Өз қамын көздеп келген инвестор мейлінше көп пайда тауып, капиталдың шетке ағынына жол ашады. Олардан қалған, қалжыраған жердің еңсесін көтеру оңай шаруа болмайды. Жердің сапасын қатаң бақылауға алып, бұл орайдағы тексеріске мораторийді тоқтатқан жөн», - деді ол.
Жиында «Сарытомар» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Тұрлыбеков, журналист Бақыт Смағұл, облыстық кәсіпкерлер ассоциациясының төрағасы Марат Жұмабеков, А.Бараев атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры Жексенбай Қасқырбаев, еңбек ардагері Қайыргелді Әкімбеков, барлығы облыстың 24 адамы сөз алып, көтерілген тақырыпқа орай көзқарас- пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, республикалық комиссия мүшелерінің салиқалы сараптауларына ден қойылды.
Алқалы мәжілісте комиссия төрағасы ауыл аумағындағы жайылым жерлер мәселесіне тоқталды. «Әрине, ауылда тұрғаннан кейін, халық малын жайғысы келеді. Мал ұстаған соң, оны өріске шығару керек. Егер жайылым болмаса, онда адамдар малын етке жібереді, ал одан кейін немен күн көреді? Сол себептен бұл бағыттағы ұсыныстар өте орынды. Бұл мәселені қарастыру қажет», - деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Аймақтарға алғашқы көшпелі отырысты қорытындылай келе, комиссия төрағасы барлық көтерілген мәселе бір жүйеге келтіріліп, қаралатынын, бірде-бір сауал қараусыз, шеткері қалмайтынын жеткізді.