Іс-шараға сонымен қатар ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев Достық үйінің қайта жөндеуден өткізілген ғимаратын аралап көріп, ұлттық мәдени орталықтардың өкілдерімен әңгімелесті.
Аталмыш ғимаратта Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылық органдары, 19 этномәдени орталық, мемлекеттік және туған тілдерін оқытумен айналысатын 9 жексенбілік мектеп орналасқан. Достық үйінің жұмысының басты бағыты - отандық мәдениет пен ғылымды дамытуға қолдау көрсету. Достық үйінде ұлтаралық қатынастар проблемасын зерттеумен айналысатын орталық жұмыс істеп жатыр, ол Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін жандандыру жөніндегі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға, ұлтаралық қатынастар мен қоғамдағы этномәдени байланыстарды нығайту мәселелері бойынша ғылым мен мәдениет саласында ғылыми-зерттеу қызметін жүргізуге атсалысады.
Достық үйі 1972 жылы сәулетшілер Р.Сейдалин, Л.Тимченко мен Х.Якупбаевтың жобасы бойынша салынған. 1974 жылы жобаға Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. 2006 жылдың 29 желтоқсанында «Достық үйі» РМК базасында Ұлтаралық қатынастар проблемасын зерттеу орталығы құрылды. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу үшін 2008-2010 жылдары 726 млн. теңге бөлінді.