Елбасы Астанада салынатын жаңа мешіттің, опера театрының және кітапхананың жобаларымен танысты

АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайына келіп, Астанада салынатын ҚР Тұңғыш Президенті қоры және кітапханасының, Қазақтың ұлттық опера және балет театрының, сондай-ақ жаңа мешіттің жобаларымен танысты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш нысандардың жобаларына конкурс жариялауды Президент Астана қаласының әкімдігіне 2008 жылғы желтоқсанның 11-де тапсырған болатын. Әкімдік байқау құжаттарын ҚР Президентінің Іс басқармасымен, Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп дайындаған. Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Сәрсенбек Жүнісовтың айтуынша, жоғарыдағы үш нысанның құрылысына қатысты байқау комиссиясының қарауына барлығы 57 жұмыс келіп түскен. «Жаңа мешітке қатысты 26 жоба ұсынылды, оның 1-уі малаизиялық. Опера және балет театрының құрылысы -тапсырысты жоба. Бұл бойынша испандық сәулетші Риккардо Бофилл, американдық сәулетші Роберт Стернн, бельгиялық бюро «Робберхт ен Дем Прхитектен» және Қазақстанның «Қазқала» жобалау академиясы өздерінің жобаларын ұсынды. Ал жалпы Опера және балет театрының құрылысына қатысты 12 жұмыс конкурсқа қатысуда. Бұлардың дені қазақстандық жұмыстар», - дейді ол. Оның сөзіне қарағанда, ҚР Тұңғыш Президентінің қоры және кітапханасының құрылысы бойынша 19 жоба конкурсқа қатысуда. Бұлардың 4-уі - тапсырысты жобалар. «Мемлекет басшысы жобалардың барлығымен танысып шықты. Бұлардың ішіндегі ең үздік жобалар сәуірдің соңына қарай іріктелетін болады. Ертеңнен бастап техникалық комиссия жұмысын бастап, жобалардың конкурстың шарттарына сәйкестігін анықтайды. Содан кейін қазылар алқасының отырысы болып жеңімпаздар анықталады», - деді С. Жүнісов. Оның айтуынша, жаңа мешіт 12-ші магистраль көшесінде, Опера және балет театры «Сарыарқа» сауда орталығы мен Ғашықтар саябағының ортасында, ал ҚР Тұңғыш Президентінің қоры және кітапханасы №23-ші көшеде, яғни Тельман кентінің аумағында орналасатын болады. С. Жүнісов конкурсқа қатысып жатқан жұмыстардың деңгейі өте жоғары екенін атап көрсетті.