ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Орал қаласындағы «Болашақ-Т» ЖШС-ның үй құрылысы комбинатында болды.
«Болашақ-Т» ЖШС жұмысшыларымен бейресми әңгімелескен Елбасы бұдан соң жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы үшін құрастырмалы жүйе және темірбетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорын жұмысымен танысты.
Кездесу барысында құрылысшылар атынан сөз алған жас маман Тимур Қощанов жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін осында жұмысқа келгенін, бұл мамандықтың ұнайтынын, көп ұзамай үйленіп, баспаналы болғысы келетінін жеткізді. Сондай-ақ өндірістік-техникалық бөлімнің инженері Людмила Ундакова жастарды өндіріске көптеп тарту жөніндегі ойларымен бөлісті.
Айта кетейік,«Болашақ-Т» ЖШС республикада алғашқы болып үй құрылысы комбинатын салды. Бұл жобаның құны 2,5 млрд. теңгені құраса, соның 500 млн. теңгесі - кәсіпорынның өз қаражаты. Аталмыш жобаны жүзеге асыру барысында 62 жаңа жұмыс орны ашылса, қызметкерлердің орташа жалақысы - 100 мың теңге.
Президенттің БҚО-ға жұмыс сапары жалғасуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).