Елбасы дәулетті адамдарды ірі нысандарды жекешелендіруге белсене қатысуға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәулетті адамдарды ірі нысандарды жекешелендіруге белсене қатысуға шақырды.

«Жекешелендіру, заңдастыру бизнесмендер мен бай адамдардың жаңа саңлақтарының даму жолы. Осыған орай мен журналдарда өздерін бай ретінде көрсетіп жүрген біздің дәулетті адамдарға үндеу арнаймын. Осы жылдар ішінде мемлекет сіздерге осындай дәулетті болуға мүмкіндік берді. Сондықтан да мен оларды ең біріншіден, заңдастыруға, екіншіден ірі нысандарды жекешелендіруге қатысуға шақырамын. Біздер үшін жекешелендіруге қазақстандық компаниялардың қатысуы өте маңызды. Бірінші жекешелендіруде бізде мұндай адамдар болған жоқ. Ақшалылар болмады», - деді ҚР Президенті.

Елбасының атап өтуінше, заңдастыру бастапқыда мемлекеттік қызметшілер, одан кейін барлық Қазақстан азаматтары табыстары мен шығыстары туралы декларация тапсыратын кезеңнің алдындағы соңғы шара болып табылады.

«Мен ескерткенмін, тағы да бір айтқым келеді: Осы заңдастырудан кейін біз бүкіл әлемнен салықтан жасырылған ақшаны іздеуді бастаймыз. Өздеріңіз де көрген шығарсыздар, Бас прокурор менімен бірге жүріп, АҚШ-тан бастап ең ірі мемлекеттермен құқықтық көмек туралы шарттарға қол қойды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы барлық шоттарды ашатындығын, ешқандай оффшордың болмайтындығын жария етті», - деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Елбасы еліміздің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алуды тапсырды.