***
Былтырдан бері дүйім жұртты дүрліктіріп, қоғамды қақ жарған «Досқалиев ісіне» соңғы нүктені Елбасының өзі қойды. 2010 жылдың күзінде қаржы полициясының қақпанына түсіп құрықталған денсаулық сақтау экс-министрі Жақсылық Досқалиевтың ісі алқа билердің қатысуымен қаралып, 2011 жылдың тамызында сот бұрынғы денсаулық басшысын 7 жылға кесіп жіберген еді. Жақында Елбасының жарлығымен экс-министр Жақсылық Досқалиевке рақымшылық жасалды. Соған орай, кеше Астана қалалық соты жаза мерзімін қысқарту туралы қаулы қабылдап, Досқалиев шартты түрде бостандыққа шықты. Кеше осы мәселеге қатысты Астана қалалық сотының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот төрағасы Мейрам Жанғұттинов журналистерге түсінік берді. Бұл жайында толығырақ «Алаш айнасы» газетінің сенбілік санындағы «Елбасы Досқалиевқа кешірім жасап, экс-министр бостандыққа шықты» деген тақырыптағы мақаласынан біле аласыздар.
Қазақстан - теңізге тура шыға алмайтын әлемдегі ірі астық экспорттаушы жалғыз ғана мемлекет. Бүгінде әлемнің 70-тен астам мемлекеті еліміздің астығын тұтынады. Десек те, теңізге тура шықпаған соң астық тасымалдауда біршама қиыншылықтардың да кездесетіні бар. Мәселен, теңіз жолының жоқтығы нарыққа бәсекеге қабілетті бағамен шығуға мүмкіндік бермей жатады. Себебі, басқа тасымалдау жолдарының шығыны теңізге қарағанда әжептәуір қымбатқа түседі. Сол үшін де мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, субсидия бөліп отыр. Осы және өзге де проблемалар кеше Астанада биыл бесінші рет өтіп жатқан «KazGrain-2012» астық форумында айтылып, талқыланды. Алқалы жиында талқыланған жайттар «Алаш айнасы» газетіндегі «Экспорттаушылардың құлағына алтын сырға...» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.
***
«Экспресс-К» газетінде «Сможем, если захотим» деген тақырыппен мақала жарияланды. Жарияланымда елордалық бір топ экономистің Қазақстан үшін әлемдік нарықта ойып тұрып орын алар саланы табуға тырысқандығы жайында баяндалған. «Жаһандық бірлік» жобасының жетекшісі Асылжан Еділбаевтың атап өтуінше, еліміз әлемдегі үздік стереоаппаратураны шығаруға толығымен мүмкіншілігі бар. «Күшті акустикалық жүйені өндіру үшін молибден, қорғасын, күміс сынды сирек кездесетін металдар қажет. Ал олар елімізде жеткілікті. Стереоаппаратуралардың әлемдік нарығы жылына шамамен 300 млрд. долларды құрайды. Қазақстан оны өзіне алуға толық мүмкіншілігі бар», - деді ол. Сонымен қатар жоба жетекшісі кілем өндірісінің әлемдік нарықтағы 15 пайызын да қазақ елі өндіре алатындығына сенімді.
***
Астанадағы №15 мектепке интернационалист жауынгерлердің есімі беріледі. Елорда әкімдігіне өткен кездесуде осы мәселе көтерілді. Бұл жайында «Вечерняя Астана» газетінде жарияланған «Чтобы помнили...» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның атап өтуінше, дәл осы мектепті бітірген 5 түлек ауған соғысынан оралмаған. Мектеп мұражайында «Они - наша боль и память» деген тақырыппен арнайы қабырға тақтасы жасалған. Ауғанстанға үш ұлын жіберіп, оның бірі сол жақтан оралмаған жауынгердің анасы Першенгүл Тоқмағамбетованың пайымынша, интернационалист жауынгерлер баспанасыз қалмауы тиісті. Мемлекет те өз өміріне төнген қауіп-қатерге қарамастан азаматтық борышын өтеген жауынгерлердің шенеуніктердің кабинеттерінің табалдырығынан аттағанын күтпей баспанамен қамтамасыз етуі керек.