Елбасы екінші деңгейлі банктер экономиканы несиелеуді ұлғайтатынына үміт артады

АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі екінші деңгейлі банктер экономиканы несиелеуді ұлғайтатынына үміт артады. «Еліміздің банк жүйесі тұрақтандырылып келе жатқандықтан, қарыздарды, соның ішінде БТА банктің қарыздарын қайта құрылымдау жөніндегі барлық мәселелер аяқталып келеді.

Біздің банктер бизнесті барынша белсенді несиелеуді бастайды деп үміттенеміз», деді Н. Назарбаев бүгін төртінші сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясын ашу барысында. Елбасының айтуынша, бұл үшін банктерде ликвидтілік айтарлықтай жеткілікті. «Әрине, енді банктердің экономиканы қаржыландыруы абайлап жүргізілетін болады, бизнес несие берудегі қатаңдықтарға дайындалуы тиіс, бұл жүйе осылай жұмыс істеуі қажет», деді Президент.