Елбасы қамқорлығын көп көргендіктен, біз оның саясатын әрдайым қолдаймыз - «Нарын» бірлестігінің төрағасы

ОРАЛ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы қамқорлығын көп көргендіктен, біз оның саясатын әрдайым қолдаймыз.

Бұл туралы «Нарын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Батыс Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты Кәкен Көбейсінов мәлім етті.

Өзінің айтуынша, ол Елбасы қабылдауында екі мәрте болған.

- Біріншісінде 1998 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының облысымызға келген сапарында барша батысқазақстандықтар атынан ол кісінің сарабдал саясатының арқасында атқарылған істер үшін алғыс айтып, сөз сөйледім, дейді ол. Ал екінші рет Президенттің Алматы қаласындағы резиденциясында Мемлекет басшысының жеке қабылдауында болып, облыс халқының маған сеніп тапсырған аманатын жеткіздім. Еліміздің батыс аумағы, соның ішінде Батыс Қазақстан облысы жұртшылығының сонау кеңес үкіметі кезінде құрылған «Капустин Яр» және «Азғыр» әскери полигондарының зардабын әлі күнге тартып отырғандығын баяндадым. Екіншіден, сол сынақ аймағын мекен етіп келе жатқан жергілікті халыққа әлеуметтік жәрдемақы тағайындау және емдеу-сауықтыру орталығын салу қажеттігін айттым. Нұрсұлтан Әбішұлы менің әңгімемді зер сала тыңдап, халықтың аманатына қиянат жасамайтындығын жеткізді. Үкіметке, тиісті министрліктерге нақты тапсырмалар берді. Елбасының басшылығы мен қамқорлығының арқасында үкіметтік комиссиялар құрылып, сынақ аймақтарында бірнеше рет зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жан-жақты жұмыстың нәтижесінде «Капустин Яр» зымырандық сынақ айлағы мен «Азғыр» атом қаруын сынау орны жөнінде толымды деректер жиналып, оның экологиялық, экономикалық және әлеуметтік зардаптары жүйеленіп, нақты сараптамасы жасақталды. Соның негізінде 2005 жылы облыстық бағдарлама қабылданып, аталған сынақ айлақтарынан зардап шеккен өңіріміздің Жаңақала, Бөкей ордасы, Қазталов және Қаратөбе аудандарының тұрғындарына әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалды. Әлеуметтік жәрдемақының мәні мынада: оны алатын адамдар үш топқа бөлінген. Бірінші топқа 16 жасқа дейінгі туа біткен кемтар жандар жатады. 16-дан 18 жасқа дейінгі зардап шеккендер екі топқа дараланады. Бұлар - өмірге дені сау боп келіп, кейін жылдар өте, мүгедектікке ұшырағандар. 18 жастан кейін жүре келе, мүгедектік санатын алғандар - үшінші топта. Әлеуметтік жәрдемақыны олар қазір алып та жүр.

Елбасының уәдесіне беріктігінің айқын дәлелі - 2009 жылдың соңында Жаңақала ауылында, яғни полигонға жақын орналасқан аудандардың орталығында үш қабатты үлкен сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Қазір орталықтан Жаңақала, Бөкейордасы, Қазталов, Қаратөбе, Ақжайық ауданының Тайпақ бөлігінің тұрғындары келіп, қажетті ем-домын алып отыр. Өздерінің денсаулығын жақсартып, дертіне шипа алғаны үшін халық Елбасына дән риза. Тағы бір айта кетерлік жайт, мемлекет басшысының облысымызға жасаған іссапарында облыстық бағдарлама аясында әлеуметтік көмек алып отырғанымызды, әйткенмен жәрдемақы көлемінің аздығын айтып, республикалық деңгейде арнайы бағдарлама жасақтауға көмектесуін сұрадық. Президент бұл өтінішімізді де қабыл алды. Сөйтіп, 2010 жылдың 10 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» бағдарламасы бекітілді. Аймақтық бағдарлама әлі де жалғасуда, ол аяқталған кезде орнын республикалық бағдарлама басады. Яғни, сынақ айлағын мекен еткен халық әлеуметтік жәрдемақыдан болашақта да қол үзбейді. Осы қамқорлықтың барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың іскерлігі мен көрегендігінің арқасында мүмкін болып отыр.

«Дана Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінерлік болса ол» деген өсиеті бар. Нұрсұлтан Әбішұлы сүйсінуге де, сүйінуге де, арқа сүйеуге де тұратын бірден-бір көшбасшы. Қай жағынан алғанда да, ол көсем, ойшыл, дана адам. Дәл қазір оған балама жоқ. Сол себепті мен қазақтың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізу туралы бастаманы құптаймын. Жалпы, облыс халқының, әсіресе, мемлекет басшысының қамқорлығын айқын сезініп отырған Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов және Қаратөбе аудандарының жұртшылығы референдум идеясын бірауыздан қолдайтынына кәміл сенемін», - деп түйіндеді депутат ойын.