Елбасы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жетекші ғалымдарымен және үздік студенттерімен кездесті

АЛМАТЫ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Елбасы Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде болып, 'Қазақстан-Жапон' инновациялық орталығының жұмысымен танысты, сондай-ақ 5 бөлімнен тұратын агроинновациялық көрмені аралап көрді.

"Бүгінгі таңда біздің университетімізде 1500 оқытушы жұмыс жасайды. Олардың ішінде ҚР ҰҒА 37 академигі мен 700 ғылым докторы және кандидаттары бар. Мәселен, тек ветеринария саласында ғана біздің ғалымдармыз 800-дей дәрі-дәрмек шығарып отыр. Көрмені аралап көрген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқытушылардың ғылыми жұмысына өз ризашылығын білдіріп, биыл 80 жылдық мерейтойын атап өткен жоғары оқу орнына көлік сыйлады", - дейді университет ректоры Тілектес Есболов.

"Аграрлық ғылым мен білім кешенінің 2020 жылға дейінгі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасын іске асыру жолында" деп аталатын бұл көрме 5 бөлімнен тұрады. Оған агротехнологияның интенсивті тұрғыдағы озық үлгілері: ағаштардың. өсімдіктердің, жеміс-жидектердің, асыл тұқымды малдардың түрлері, ауылшаруашылық техникалары мен азық-түлік өнімдері, емдеу-профилактикалық және диагностикалық жұмыстар жүргізетін құрал-жабдықтар қойылған.