Елбасы Қазақстан Қарулы Күштері Құрлықтағы әскерлері мен Әскери-Теңіз күштеріне жауынгерлік тулар тапсырды

қпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін ҚР Президенті, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлықтағы әскерлері мен Әскери-Теңіз күштеріне жауынгерлік тулар тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті генералдар мен офицерлер, жауынгерлер, бүгін өте қуанышты күн. Әр уақытта біздің Отанымыздың байрағының астында ар- намыс деген міндетті орындап, Отан үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыз болған. Сондықтан бүгін тапсырылып отырған жауынгерлік тудың астында еліміздің тәуелсіздігін, жеріміздің тұтастығын, халқымыздың тыныштығын сақтауға біздің генерал- офицерлеріміз, сарбаздарымыз жан аямай қызмет етеді деп сенемін», деді Елбасы салтанатты рәсімнен кейін сөйлеген сөзінде.

«Осы тудың астында біздің Отанамыз - Қазақстан Республикасын қорғау үшін әскери өнердің жетілдірілетініне, тәртіптің нығаятынына сенімдімін», деп толықтырды сөзін Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы сарбаздарды айтулы оқиғамен құттықтап, мықты денсаулық, әскери дайындықта табыстар тіледі.

Жауынгерлік туды Мемлекет басшысының қолынан Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлықтағы әскерлерінің қолбасшысы генерал-лейтенант Сәкен Жасұзақов және Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-Теңіз күштерінің қолбасшысы бірінші рангалы капитан Жандарбек Жанзақов қабылдады.

Айта кетейік, қазір Мемлекет басшысының төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтуде. Онда қорғаныс ведомствосының 2009 жылғы қызметінің қорытындысы шығарылып, 2010 жылғы басым бағыттар нақтыланады.