Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның төрағалығының бірқатар оң сәттерін атап өтті. Атап айтқанда - жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау жөніндегі мемлекеттің белсенді ұстанымы, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздікті ұйымдастыру, Қазақстанның астық әлеуеті және ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудағы тәжірибесі.
Тұтастай алғанда Мемлекет басшысы бұл орайда жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалады. Кеңестің қорытындысында Н.Назарбаев ЕҚЫҰ-ға алдағы төрағалыққа әзірлік жөніндегі мемлекетттік комиссия құру туралы тапсырма берді.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төрағалық етеді, оның ел үшін тарихи және символдық маңызы бар. Қазақстан ТМД-дағы, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі, Орталық Азия мен тұтастай алғанда басым бөлігі мұсылман халқы мекендейтін Азия субқұрлығындағы осы ықпалды еуропалық ұйымға басшылық ететін алғашқы ел болып отыр.
Қазақстанның төрағалығы ЕҚЫҰ-ның 35 жылдық мерекелі жылымен орайлас келіп отыр, 1975 жылы бұл ұйым Еуропа мен Солтүстік Американың 35 елін біріктірген болатын.