Елбасы құқық қорғау және басқа да органдарға діни-экстремистік құбылыстарға дереу үн қату туралы тапсырма берді

ТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Мәжілісте діни саладағы тұрақтылықты нығайту жөніндегі іс-шаралар туралы мәселе қаралды. Президент Әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин баяндама жасады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметінен.

Елбасы мәжілісте сөйлеген сөзінде, тәуелсіздік жылдары қазақстандықтардың бірлігінің, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтудың, саяси тұрақтылықтың арқасында ел экономикасы сенімді дамып келе жатқанын, азаматтардың тұрмыс деңгейі өсіп, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші әлемнің жаңа тәуелсіз мемлекеттерінің арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі болып табылатынын атап көрсетті.

Отырыс барысында сондай-ақ, Қазақстанның дін бостандығын жария еткен зайырлы мемлекет екендігі, бірақ бұл - билік органдары діни саладағы қатынастарды үйлестіруден сырт қалады деген сөз емес екендігі атап көрсетілді. Ел ішінде діни-экстремистік идеология элементтерінің таралуының, конституциялық құрылысты құлатуға бағытталған, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп туғызатын ашық акциялардың жолын қатаң кесу керектігі айтылды.

Осыған орай Елбасы, құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдарға діни-экстремистік құбылыстарды анықтау және оларға дереу үн қату жөніндегі тапсырмалар берді. Астана мен Алматының және облыстардың әкімдері тәрбие және профилактикалық жұмыстарды күшейтулері, діни бірлестіктердің қолданыстағы заңнама нормаларын қатаң сақтауын қадағалаулары керек. Дін істері жөніндегі агенттікке де үлкен міндеттер жүктеліп отыр.