Елбасы: Мемлекеттер үшін ішкі тұрақтылық аса маңызды мәселе

АСТАНА ҚазАқпарат - Мемлекеттер үшін ішкі тұрақтылық аса маңызды мәселе. Бүгін Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» саяси партиясының кезектен тыс XVII съезінде сөз сөйлеген партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

Президенттің пайымынша, қазіргі күні халықаралық қатынастар жүйесінде өзгерістер орын алып отыр. Әрі бұл жетекші әлемдік державалардың жағдайды ушықтыруы арқылы жүргізілуде.

«Халықаралық саясатшылар алма-кезек орын алып жатқан қысым ошақтарын белсенді пайдаланып қалып жатыр. Сауда кедергілері, экономикалық санкциялар - бұлардың бәрі ДСҰ ережелеріне де, бизнес пен экономиканың жұмыс тәртібіне де қайшы. Жетекші әлем мемлекеттері арасында бір-біріне сенім өшіп барады, соның салдарынан бұрын барлық дерлік мемлекеттер қабылдаған халықаралық құқықтар орындалмай отыр. Халықаралық саясаттың бірқатар аспектілері - қарама қайшы сипат алуда. Мәселен, бір жағынан көптеген жылдарға созылған Иранның ядролық қаруға қатысты мәселесі шешімін тауып келе жатса, екініші жағынан Солтүстік Кореяның сынағы басталды. Сирия мен Ирактағы терроризмге қарсы күреске көптеген елдер қатысып жатқанымен, осы елдердің перспективалық ішкі тұрақтылығын реттеу шет қалып барады», - деді Н. Назарбаев.

«Барлық мемлекеттер үшін ішкі тұрақтылық ең бірінші кезектегі аса маңызды мәселе», - деді Н. Назарбаев