«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Қазақстанның «Нұрлы жол» аясында салынып жатқан басты инфрақұрылымдық жобалары жайында «Жол - тіршілік тамыры» атты мақала жарияланды.
Басылымның жазуынша, қалаларды тиімді және сапалы көлік қатынасымен сәулелік қағида бойынша байланыстыру мақсатында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 11 автожол жобаларын жүзеге асыру көзделген. Аталған жобаларды іске асыру мақсатында Ұлттық қордан және Республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, сонымен қатар, қарыз тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде олардың 7 мың шақырымы I және II техникалық категорияға ауыстырылады. 2017-2019 жылдардағы үдемелі кезеңде қайта жаңарту жұмыстарына барлық жобалар бойынша 200 мыңға жуық жұмыс орындары ашылатын болады.
Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлім етті. Оның айтуы бойынша, өткен жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында автожол жобаларын жүзеге асыру бойынша 292 млрд.теңге бөлінген. Оның ішінде 178 млрд.теңге Ұлттық қордан беріліп отыр. Жұмыс негізінен Батыс Еуропа - Батыс Қытай, Орталық - Оңтүстік, Орталық - Шығыс, Орталық - Батыс, Алматы - Өскемен, Астана - Петропавл, Ақтөбе - Атырау және Орал - Каменка, яғни бас-аяғы осы сегіз жобаны жүзеге асыру бойынша қолға алынған. Жол құрылысы жұмыстарына 2 мың шақырым жер тартылса, оларды іске асыру барысында 72 мың адам жұмысқа жұмылдырылып, оның 80%-ы жергілікті халықты құрағаны атап өтілді.
Кеше Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысында екіжақты жасалған халықаралық жаңа келісімдер мен бұрын жасалған келісімдерге енгізілген өзгерістер туралы хаттамаларды ратификациялауға арналған заң жобалары қаралды.
Соның ішінде сенаторлар тарапынан аса үлкен алаңдаушылық тудырған мәселе - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ресей қорғаныс министрлігінің біздің еліміздің аумағында орналасқан 929 мемлекеттік ұшу-сынау орталығын (полигон) пайдалану тәртібі туралы 1995 жылдың 20 қаңтарындағы келісім мен Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы үкіметтерінің осы орталықтың объектілері мен жауынгерлік алаңдарының жерін жалдау туралы 1996 жылдың 18 қазанында жасаған шартына өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды ратификациялау болды. Алғашқы хаттамаға 2015 жылдың 16 сәуірінде Мәскеу қаласында қол қойылған. Осы хаттамаға сәйкес полигонның Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағына қарайтын аймақтарынан жалпы алаңы 500 мың гектардан артық жер учаскелері полигоннан босатылып, жалдаудан шығарылады.
Жер учаскелерін қайтару - оның қойнауындағы пайдалы қазбаларды игеру мақсатын көздеген. Атап айтқанда, жалдаудан қайтарылатын Атырау облысындағы Тайсойған және Батыс Қазақстан облысындағы Жамантау учаскелерінен пайдалы қазбалар өндірілетін болады. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстан» газеті «Жалдау ақысының жаңартылғаны жөн» атты мақаласында жан-жақты тоқталып өткен.
Енді кез келген адам Қазақстандағы кез келген көліктің қандай да бір жол апатына қатысқан-қатыспағанын интернет арқылы анықтай алатын болады. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санында жарияланған «Ұлт жоспары ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етті» атты мақалада хабарлап отыр.
«Бас прокуратура ағымдағы жылдан бастап, адамдардың өліміне немесе жарақаттануына әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысқан көліктер туралы ақпарат ұсынатын арнайы сервистің іске қосылғанын хабарлайды. Ол үшін азаматтар Бас прокуратураның Құқықтық статитиска және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сайтына кіруі керек, ол «service.pravstat.kz» мекен-жайында орналасқан», - делінген материалда.
Бұл 5 институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында мүмкін болып отыр. Атап айтқанда, 94-қадамға сәйкес, елімізде биыл «мемлекеттік құпия және заңмен қорғалатын ақпараттардан» басқа кез келген ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету ісі бастау алды. Соның аясында құқық қорғау органдарының қызметі де ашық және жариялы болады.
Елбасының идеясымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ - өзімен шекаралас емес елдермен де еркін сауда кеңістігін құруда.
Осының арқасында Еуразиялық одақ нарығы 170 миллионнан 260 миллионға ұлғайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырысында Сенат «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді» ратификациялады.
Сенаторлардың байламынша, мұны ЕАЭО тарихындағы жаңа бет деп тануға болады. Ұйым тұңғыш рет өзімен шекаралас емес елмен осындай келісім бекітіп отыр. Вьетнам Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан, ол Камбоджа, Лаос және Қытаймен шектеседі. 2015 жылдың аяғында бұл елдің тұрғындарының саны 92 миллион 656 мыңға жуықтаған. Жалпы, ішкі өнімі 171,4 миллиард доллар.
Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы (бірінші вице-министр) Марат Құсайыновтың айтуынша, ЕЭО мүше елдер мен Вьетнам арасындағы еркін сауда кеңістігі туралы келісімге мемлекет басшылары былтырғы 29 мамырда Қазақстанда, Бурабайда қол қойған. Құжат ЕЭО елдері мен ВСР арасындағы сауда байланыстарын дамытуға және нығайтуға бағытталады. Бұл өз кезегінде тауарларды өзара ілгерілету мен өзара инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар туғызуға мүмкіндік береді. ЕАЭО аясындағы Қазақстанның қол жеткізген өзге де табыстары жайында «Айқын» басылымының «Елбасы мен Қазақстан дипломатиясының жеңісі» атты мақаласынан оқи аласыздар.
***
«Түркістан» басылымының соңғы санында әрдайым музыкадағы кәсібилік деңгейдің биіктігін қолдап, өнер тазалығын қорғап, батыл пікірлер айтып жүретін Кеңес Дүйсекеұлымен оның шығармашылығы және қазақ музыкасының кейбір мәселелері жайында сұхбат жарияланып отыр.
Әңгіме барысында композитор өнер жолына қалай аяқ басқаны, кәсіби деңгейге қалай көтерілгені, өміріндегі қиын сәттері, қазақ музыкасының қазіргі жай-күйіне және өзге де сұрақтарға кеңінен тоқталады.
«Концерттік залдардың сахнасын былай қойғанда телеарна мен радионы ойын-сауықтық жеңіл әуендер басып кетті. Мысалы, біздің тойда айтылатын әндердің көбінің аранжировкасын Ташкентке барып жасатып қайтады. Ал одан өзбектің музыкасы шығып тұрады. Осының бәрі ұлттық әуеннің болмысын бұзып, эстрадамыздың деңгейін төмендетіп барады», - дейді К.Дүйсекеев. Бұл сұхбат «Кеңес Дүйсекеев, композитор: Музыка - ұлттық рухтың тілі» деген тақырыппен беріліп отыр.
***
Ресми тілде жарияланатын «Экспресс К» басылымының жазуынша, есімін жасырын ұстайтын құпия жазушы Қазнетте танымалдылық жағынан рекорд орнатуда. Интернет желілердің бірінде «Под небом Казахстана» деп аталатын қауымдастықта бөлшек-бөлшекпен жарияланып отыратын оның «Решка и Орел» атты әңгімесі нағыз хитке айналыпты.
«Решка и Орел» әңгімесінің авторы «ЭК» редакциясына сұхбат беруге келіскен. Дегенмен өзінің құпия қалғысы келетіндігін айтқан.
«Біз тиынды алып, жоғары қарай шертіп лақтыратын болсақ, ол қай бетімен түсетінін ешкім болжап біле де алмас. Ал видео кейіпкерінде болса, белгілі бір ерекшелік бар. Ол лақтырған тиын ылғи да тек бір бетімен ғана түседі. Алайда ол алдын ала тиынның қай жағымен түсетіндігін білсе де, әр маңызды шешімді сол тиынды лақтыру арқылы ғана қабылдайды. Демек, басты кейіпкер бұны өзінің шешімін моральдық тұрғыда ынталандыру үшін ғана пайдаланады», - дейді атын жасырған жазушы өз шығармасы жайлы. Бұл туралы «Прыжок в известность» деп аталатын сұхбаттан оқи аласыздар.