Елбасы Наурыз мейрамы қарсаңында бірқатар елордалықтарға пәтер кілттерін табыс етті

АНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мейрамы қарсаңында Астана қаласының тұрғын үй басқармасында кезекте тұрған бірқатар астаналықтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан жаңа пәтер кілттерін табыс етті.

Конгресс-Холлда өткен салтанатты рәсімде Елбасы қолынан пәтер кілтін алғандар арасында құрылыс компаниясында жұмыс істейтін, отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған оралман Дорж Бейімбет, ҰОС ардагерінің жесірі Екатерина Надырова, әскери қызметкер Тимофей Рользинг, Астана қаласы гуманитарлық колледжінің 4-курс студенті, ата-ана қамқорлығынсыз қалған Эльмира Болғанбаева, Ә. Марғұлан атындағы №40 мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Болат Байқасов болды.

Қоныс той иелері қамқорлық танытып, тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекеттік қолдау көрсеткені үшін Елбасына алғыс білдірді.

Осы күні Конгресс-Холл сарайында Астана әкімдігі тұрғын үй кезегінде тұрған барлық 400 отбасыға пәтер кілттерін тапсырды.

Н. Назарбаев Сарайға жиналған жұртшылықты алдымен келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады. «Бас қаламызда мұндай үлкен мереке күндерін қоныс тойы қуанышына ұластыру игі дәстүрімізге айналып келеді. Биыл әз-Наурызды 400 отбасы жаңа қоныста қарсы алғалы отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын!»,-деді Президент.

Одан кейін Елбасы 2007 жылы басталып, 2008-2009 жылдары әлемнің барлық елдерін шарпыған қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда тұрғын үй қоры 45 млн шаршы метрге ұлғайғандығын атап өтті. Осылайша, бүгінгі күні 1,5 млн. жуық азамат жаңа баспанамен қамтамасыз етілді.

«Бас қаладан баспана алып, астаналық атану Қазақстанның әрбір азаматына айтарлықтай үлкен мәртебе, зор қуаныш. Халыққа биылғы Жолдауымда тұрғын үй- коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуды тапсырдым. Сонымен қатар су, жылу, электр, газбен қамтамасыз ету жүйелеріне де кең ауқымды жаңғырту жүргізуді тапсырғанмын. Бұл жыл сайын 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Дағдарыс кезінде көп елдерде мекемелер тоқтап, жабылып жатқанда біз жаңа зауыт, фабрикалар салудамыз»,-деп атап өтті Президент.

Сондай-ақ, Н. Назарбаев әлемнің алпауыт бірқатар елдерінде жұмыссыздық белең алып, зейнетақылар қысқарып жатқанда Қазақстанда соңғы 3 жылда ол екі есеге көбейіп, биылғы жылдың басында тағы 30 пайызға артқанын атап өтті. Жылдың ортасында бюджеттен жалақы алатын қызметкерлердің табысы да 30 пайызға көбеймек. «Бұл біздің осындай үлкен қор жинап, 20 жылда істеген еңбегіміздің нәтижесі. Егер де елде бірлік, тыныштық болса біздің болашақта алар белестеріміз де одан биік болады»,-деп түйіндеді сөзін Н. Назарбаев.

Әкімшіліктен анықтағандай, қоныс той иелеріне пәтерлер «Жағалау», «Зерде», «Тамыз» тұрғын үй кешендерінен берілді. Олар қазіргі таңда пайдалануға берілді және қаланың коммуналдық меншігіне өтті. Сонымен бірге қала әкімдігі наурыз айының аяғына дейін ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесіне орталық мемлекеттік орган қызметкерлеріне берілу үшін «Жасмин-2», «Шаңырақ», «Жас Қайрат», «Жамихан» және «Светлый» кешендерінде орналасқан 424 пәтерді тапсыратын болады.